21 Ақпан, 2014

Геологиялық зерттеулер орталығы құрылмақ

296 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
«Назарбаев Университетінде» Индустрия және жаңа технология­лар министрлігі «Қазгеология» АҚ басқарма төрағасы Ғалым Нұр­­­жанов пен «Nazarbayev University Research and Innovation System» жекеменшік мекемесінің бас директоры Қанат Байғарин Қазақстанның Геологиялық зерттеулер орталығын құру туралы меморандумға қол қойды. Шараға Президент көмекшісі Ербол Орын­баев, Премьер-Министрдің орынбасары Индустрия және жа­ңа технологиялар министрі Әсет Исе­кешев және «Назарбаев Универ­ситеті» АҚ президенті Шигео Катсу қатысты. Меморандум мақсаты еліміз бен алыс-жақын шетелдердің минералды және көмірсутегі ши­кі­затының, қатты пайдалы қаз­балардың, сондай-ақ жерасты суларының кешенді геологиялық, геохимиялық, ми­не­рологиялық, тәжірибелік-өнер­кәсіптік, эксперименталды және ғылыми-қолданбалы зерттеулерін жүзеге асыру үшін Геологиялық зерттеулер орталығын құру аясында ынтымақтастықты орнату. Аталған жоба Елбасының елі­мізде геологиялық кластерді да­мыту туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Бұрын да айтылғандай, «Назарбаев Университеті» жанында Иннова­циялық-зияткерлік клас­тер құры­луда. Оның негізгі бөлігі Ғылыми парк болмақ. Өз кезегінде аталмыш парк геология, АКТ, биомедицина сынды салалардағы түрлі ғылыми-техникалық кластерлерден тұрады. Ғылыми парктің ең басты жобасы геологиялық кластер болып табылады. Геологиялық зерттеулер орталы­ғын құру Қазақстанда дүние­жүзілік деңгейдегі инфрақұрылымды, ғылыми-зерттеу зертханаларын жасауға мүмкіндік бермек. Бұл өз кезегінде, елімізде талдаулар жүр­гізу есебінен геологиялық материалдарды өңдеуге бөлінетін қаржы шығындары мен уақытты айтарлықтай қысқартады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы минералдық-шикізат базасының орнын то­лық­­тыруға, ел экономикасын орнық­ты дамытуға көмектесу үшін геоло­гиялық барлауға инвестициялар, инновациялық технологияларды тартуға бағытталған. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».