ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушыларға Сасықкөл көлінде 23 жастағы балықшының жоғалып кеткені туралы хабар түсті.
Белгілі болғандай, ер адам 4 қарашада кешкі сағат 20.00-22.00 аралығында қайықпен балық аулауға шығып, сол күйі қайтып оралмаған.
«ТЖД қызметкерлері мен полицейлер балықшыны түн ортасына дейін іздегенімен еш нәтиже шықпады. 5 қараша күні оқиға орнына №17 өрт сөндіру бөлімшесінен 5 адам мен «КУНГ» автокөлігі жұмылдырылды. 6 қарашада Өскеменнен сүңгуірлер келіп жетті. Сол күні жағалаудан 1 шақырымдай қашықтықта мұз астынан балықшы қайығының бензин багы табылған», делінген ақпаратта.
Құтқарушылар, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен тұрғындар бірлесіп жүргізген іздестіру шараларының нәтижесінде 7 қарашада судан ер адамның мәйіті табылды.