Бокс • 07 Қараша, 2021

Әлемдік додада Әнұранды шырқатудың жөні бөлек

599 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Белградта өткен әлем чемпионатында Қазақстан боксшылары екі алтын, екі күміс және бір қола медаль еншілегені айқын. Сол додада 51 кило салмақта сынға түскен Сәкен Бибосынов бес кездесу өткізіп, барлығында да жеңіске жетті. Телефон арқылы Сәкенге хабарласып, әлем чемпионы атанғанымен құттықтап, бірнеше сұрақ қойған едік.

Әлемдік додада Әнұранды шырқатудың жөні бөлек

– Сәкен, екі жыл бұрын Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында қола медальға, Белградта алтын жүлдеге ие болдың. Бұл жүлде сәл кешігің­кі­реп келген жоқ па?

– Құттықтауларыңызға көп рахмет. Газет­те­ріңіз арқылы маған қолдау көрсеткен барша жан­­­күйерге алғыс айтқым келеді. Токиода Әнұра­ны­мыз­ды шыр­­қата алмадым. Есесіне Белградта Қазақ­стан­ның Әнұранын шырқату бақыты бұйыр­ды. Бұл тек менің жеңісім емес, әке-ше­шем­нің, бап­кер­лерім­нің еңбек­терінің жемісі деп бі­­лемін. Же­ңісімді Тәуел­сіздігіміздің 30 жыл­ды­ғына арнаймын.

Маған бұл жүлде кеш келді деп айта алмаймын. Себебі, Ресей жерінде өткен әлем біріншілігінде менің тәжірибем аздау еді. Ал қазір Аллаға шүкір, барлығы өзіміз жоспарлағандай болды.

– АИБА-дағы соңғы өзгерістер спортшылар үшін тиімді ме?

– Әрине, тиімді. Белградта боксшылар 13 сал­мақта сынға түсуге мүмкіндік алды. Токиода сегіз салмақ дәрежесінде Олимпиада медалі сарапқа салынғаны белгілі. АИБА боксты дамыту үшін мейлінше тындырымды жұмыс жасап жатыр ғой. Биылғы әлем чемпионатының тағы бір ерекшелігі, әлем чемпионы атанған спортшыға 100 000 АҚШ долларын, екінші орынға – 50 000, үшінші орынға 25 000 доллар сыйақы берілді. Бұл да жарыстың деңгейін көтереді деп ойлаймын.

– Елге келгеннен кейін де Қазақстан бокс фе­дерациясы атынан – 70 000, Мәдениет және спорт ми­нис­трлігінен 15 000 АҚШ доллары сыйақыға беріледі...

– Шынымды айтсам, сыйақы мәселесін ойлаған жоқпыз. Бастысы, еліміздің абыройын асқақтатып, Әнұранды шырқатуға деген мақсатымызға қол жеткіздік.

– Олай болса, алдағы уақытта әлемдік додада еліміздің Әнұранын қанша мәрте шырқатамын деп ойлайсың?

– Жалпы, Белградтағы әлем біріншілігінде жасы 30-дан асып кеткен кубалық Хулио Сезар Ла Круз бес дүркін әлем чемпионы болды. Ол алынбайтын қамал болмайтынын дәлелдеді. Тынымсыз тер төгіп, шамам келгенінше, қатысатын барлық додада топ жарғым келеді.

– Осы әлем чемпионаты ә дегенде-ақ ауыр бас­талған сияқты. Жеребе тартылғаннан кейін алғаш­қы қарсыласың Рио Олимпиадасының чем­пионы Хасанбой Дусматов екені белгілі болды. Осын­дай азулы қарсыластан қалай басым түстің?

– Мен мұнда күміс не қола медаль үшін келген жоқпын. Бапкерім Мырзағали Құланұлымен жақсылап дайындалдық. Дусматов танымал боксшы. Рио Олимпиадасында Біржан Жақыповты жеңгенін білеміз. Оған қарсы жасалған тактиканы дұрыс қолданып, келесі кезеңге өттім.

– Сол кездесуден кейін өзіңе деген сенім пайда болған сияқты. Себебі, 1/8 финалда үндістандық Дипактан басым түсіп, ширек финалға өткенде «алда әлі үш кездесуім бар», деп тіпті, финалдағы айқасты да қосқан болатынсың...

– Үндістан боксшысы да осал емес. Өте ауыр жекпе-жектің бірі болды. Бұл боксшының өнерін бұрын да көріп жүргенмін. Бапкерлердің тактикасын дұрыс қолдандым. Ал «алда әлі үш кездесуім бар» дегенім бұл өз-өзімді қамшылау еді.

– Жыл өткен сайын рингке жаңа толқын қосылып жатыр. Осы әлем чемпионатында да солай болды. Жалпы, қарсыластарыңның арасында қайсысымен бокстасқан ауыр тиді?

– Колумбиялық боксшы өте мықты болды. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Оны 2019 жылғы әлем чемпионатында оңай ұтқан едім. Осы жолғы жекпе-жек сәл қиындау өтті. Есесіне жартылай финалдағы қарсыласыммен болған жекпе-жек аса қиындық туғызбады. Таиландтық боксшы жастар сапынан ересектерге енді ауысып келген екен. Десе де осал емес. Ал финалдағы айқас алдында аздап қобалжыдым. Алайда Мырзағали Айтжанов бапкер әрі психолог қой. Менің бұл жерге неге келгенімді айтып, жігерлендіре түсті. Есесіне америкалық Рискоу Хиллмен болған жекпе-жекте барлығын бақылауда ұстадым. Екі жыл бұрынғы әлем чемпионатында да, Токио Олимпиадасында да қола медаль алдым. Ал менің ең үлкен арманым – алтын алып, еліміздің Әнұранын шырқату еді. Сол арманыма жеткеніме қуаныштымын.

– Финалдық айқастан соң бапкеріңнің қолын көтердің. Неге осылай жасадың?

– Бапкер екінші әкеңдей болып кетеді емес пе?! Мырза ағамыз, тіпті балалаларына жаса­маған қам­қорлығын маған жасап келеді. Осындай жетістікке әуелі Алла, әке-шешем, сосын Мырзағали Құлан­ұлының арқасында жетіп отырмын. Чемпионның бапкері де чемпион емес пе.

– Боксшылар сайысатын салмақ саны көбей­ге­нінің арқасында әлем чемпионы атанған Теміртас Жүсіпов, финалда сүрінген Махмұд Сабырхан, ширек фи­налға дейін жеткен Асланбек Шымбергенов се­кілді спорт­шылар өз салмағында құраманың бірін­­ші нөмірлі боксшысы атанды. Жалпы, жігіт­тер мұн­дай өзгерісті қалай қабылдап жатыр?

– 13 салмақ болғаны өте керемет болды. Боксшылар салмақ қуып, әуре болмайды. Шынында да, көп спортшы ел намысын қорғауға мүмкіндік алды. Қазір АИБА боксты барынша қызықты өткізуге, бокстың беделін көтеруге жанталасып жатыр. Сон­­дықтан мұндай өзгерістерді құрама сапын­дағы жігіттердің барлығы қолдайды деп ойлаймын. Алдағы уақытта Азия чемпио­наты мен Азия ойындары да осылай 13 салмақта өтсе, Олимпиадалық комитет ерлер боксының салмағын көбейтетін шығар деген сенімдемін.

– Әңгімеңізге рахмет, жеңісіңіз көп болсын!