Бұл игілікті іске мұрындық болған Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті мен «Қазақстан жастарының конвенті» жеке қоры. Жобаның мақсаты – қолөнер саласындағы ауқымды еңбек дағдыларын үйрету арқылы Қазақстандағы әйелдердің экономикалық және кәсіби мәртебесін көтеру.
Семинар онлайн форматта 4 күнге созылды. Жоба шеңберінде қолөнершілердің тұрақты еңбек дағдыларын алуы, кәсіпқойлықты арттыру, көшбасшы әйелдерді анықтау, іскерлік байланыстарды кеңейтуге жәрдемдесу, дайындалған қолөнер бұйымдарын жергілікті және халықаралық нарықтарда одан әрі ілгерілету көзделді.
Семинар сабақтарда дайындалатын қолөнер бұйымдары бөлшектерінің түрлері және жасау техникаларының әдістері кеңінен түсіндіріліп, толықтай ақпарат берілді. Атап айтқанда, «шым ши», «кептіру», «жұмсақ кескіндеме», «пластикалық құрақ» техникалары арқылы бұйым жасау істері қыз-келіншектерді қатты қызықтырды. Қатысушылар кәдесый, мойынға тағатын алқалар, әдемі танамоншақ, сәнді түйреуіш, жұмсақ кескіндемеден картиналар, заманауи трендтерден шоппер және эко сөмкелер жасауды толықтай меңгерді.
Жалпы, онлайн семинарға республикамыздың 15 өңірінен 150-ден астам көпбалалы ана, жұмыссыз әйел, суретші-дизайнер, дизайнер, сәндік-қолданбалы өнертанушы және қолөнерші қатысты.
Жобаны іске асыруға Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, қолданбалы өнер шебері Әлия Қаныбекова, суретші-дизайнер Гүлмарал Тәтібаева, дизайнер Наталья Лигай, өнертанушы Наталия Баженова бастаған бірнеше өнертанушы атсалысты.
Семинар соңында барлық қатысушыға арнайы сертификаттар табысталды.