22 Ақпан, 2014

Алғашқы өнімін Чикагоға жіберіп еді

268 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Атырауда бизнестің қай түрі болса да, оны мұнай-газ өнеркәсібімен байланыстыруға толық негіз бар. Өйткені, мұнайлы өңірде бұл сала қарқынды дамуға бет алды. Өңірде отандық кәсіпорындармен бірге шетелдіктермен бірлескен компаниялар да «қара алтын» қайнарын тасытуға бел шеше кіріскен. Сол себептен, осы саладағы кәсіпорындар өз игілігі үшін қажет өнімдерді қымбат болса да шетелден тасымалдаудан тартынбайды. Бұдан 10-20 жыл бұрын дәл осылай болып келген. Өйткені, сол кезеңде Атырауды айтпағанда, еліміздің өзге өңірлерінде де нақ мұнай-газ өнеркәсібінің сұранысын өтей алатындай бәсекеге қабілетті әрі сапалы өнімдер шығару қолға алынбаған еді. Осы сала сұранысын қамтамасыз ететін кей өнімдер әлі де шетелден алынады. Енді сол олқылықтың орны толатындай жаңа бір мүмкіндікке жол ашылып отыр. Мұнай-газ өнеркәсібіне қажет өнімдердің санында шек жоқ. Бұл салаға сапалы құбыр­лар, бұрандалы сораптар, түрлі арнаулы көліктер де, тіпті ар­найы киімдер де керек. Мұнай кеніштерінен мол өнім алу мақ­сатында геологиялық-техникалық ша­раларды іске асыру үшін технологиялық ерітінділерді де қажет етеді. Ал ұңғымалардан өнді­рілген мұнайды ортақ қазан­дарға тасымалдау қамымен төсел­ген құбырларды орайтын, олар­дың арасына төселетін тығыз­дағыш прокладкаға мұнай кәсіп­орындарының сұранысы бұрын­ғыдан да арта бастады. Мұн­дай өнімдердің әлі де Қытай, Ұлы­британия секілді өзге де шетелдерден сатып алынатынын жоққа шығаруға болмайды. Еліміздегі мұнай-газ өнеркәсібі үшін осындай ең қажет өнімдердің бірін Атыраудан шығаруға сенімді қадам жасаған «Новус Силинг Каспиан» бірлескен кәсіпорнын құруға Орынгүл Есжанова тәуе­кел етіп еді. Орынгүл Есжанованың ай­туын­ша, бір­лескен кәсіпорын құ­ру идеясы 2009 жылы туын­даған. Отандық кәсіпорын – «Юл­мар-Сервисті» басқаратын қазақ­тың іскер қызы оны шетел­дік компаниялардың тапсыры­сын орындай алатын іргелі ұжым­ға айналдыруды көздеді. Ағыл­шын­ның әйгілі FDS Group компаниялар тобының құрамына кіре­тін «Новус Силинг Лимитед» кәсіп­орнымен іс­керлік байланыс орнатып, Атырауда бірлескен жобаны іске асыруға уағда жасалған екен. Сөйтіп, бір жылдан соң отан­дық және ағыл­шын­дық кәсіп­орындардың бірлесуімен құ­рыл­­ған «Новус Силинг Каспиан» жалпы құны 160 миллион теңгелік цех құрылысын салу­ды қолға алыпты. Мұнда өндірілетін негіз­гі өнім – сан алуан құбырлар арасына са­­лы­натын арнаулы техникалық орамдар, яғ­ни тығыздағыш прокладка шығару. Кәсіп­орын цехынан шығарылатын өнімнің таныс­ты­рылымы 2011 жылы Астанада өткен үде­мелі индустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасы шеңберіндегі жаңа өнімдер көрмесінде Елбасының назарына ұсынылды. Осы көрмеде елімізде бұрын-соңды шығарылмаған жаңа өніммен Мұнай және газ министрлігінің, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өкіл­­дері де кеңірек танысып, қызы­ғу­шылық біл­дірген еді. Содан бері Атырауда тұрақты шығарылып келе жатқан ең қажетті өнімнің маңызын «Бұл – қазақстандық және ағылшындық бизнестің бірлесуімен қолға алынған жаңа жоба. Сонымен бірге, бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев отандық экономикаға шетел инвестициясын көптеп тартуға байланысты берген тапсырмасын орындаудың нақты көрінісі. Ең бастысы, жаңа өнімнің біздің өңірде шығарылуы мұнай-газ өнеркәсібіндегі қазақстандық үлесті молайтуға тың қадам жасайды. Мұнай компаниялары мұндай өнімді бұрынғыдай шетелден сатып алуға шығындалмай, ең сапалы, ең қажетті өнімді жергілікті жерден алуына жол ашылып отыр», деп түсіндіреді «Новус Силинг Каспиан» бірлескен кәсіпорнының құрылтайшысы Орынгүл Есжанова. Қазақстандық үлес демекші, мұнай-газ өнеркәсібі үшін ең қажетті өнімді шығаратын кәсіпорын активінің басым бөлігі, яғни, 51 пайызы қазақстандық кәсіпорынға тиесілі. Шетелдік инвестор тек 49 пайыздық активке иелік етеді екен. Цехтағы қондырғылар әлемдік талапқа сәйкес озық технологиямен жабдықталған. Мұнда алғашында 8 адам жұмысқа тартылған болса, қазір екі есеге артып, 16-ға жетті. Оның ішінде екі-үш жыл бұрын операторлар Николай Кадынцев пен Александр Коновалов, ал былтыр инженер Ертай Қадырғали Ұлыбританиядағы осы заманғы зауытта тәжірибеден өтіп, озық технологиямен сапалы өнім шығарудың қыр-сырына қанығып келіпті. Цехтағы жұмыстардың барлығы дерлік автоматтандырылған. Компьютермен басқарылады. Бұл күндері жұмыс істей бастағанына үш жылға жуықтаған Атыраудағы цехта бастапқыда «Теңізшевройл» және PSN бірлескен кәсіпорындарының тапсырыстарымен өнім шығарылды. Бұл компаниялар сатып алатын өнімнің сапасына барынша назар аударады. Анау-мынау өнімді біреудің көзі, біреудің өзі жақсы қағидасымен алмайды. Демек, жаңа цех өнімінің сапасы жоғары болғаны ғой. Чикаго-1IMG_4836 –Біздің өнімге Әзербайжан еліндегі мұнай компанияларының бірінен тапсырыс түсті. Олар негізінде тапсырысты Ұлыбританиядағы осындай зауытқа берген ғой, –дейді «Новус Силинг Каспиан» бірлескен кәсіпорнының менеджері Жаңабай Алшынбеков. – Ал шетелдегі әріптестеріміз «Мұндай өнім Қазақстанның Атырау облысында шығарылады. Тапсырысты Атыраудағы цехқа беріп, қажетті өнімді сол жақтан сатып алған тиімдірек болады» деп ақыл қосыпты. Қазір әзербайжандық тапсырыс берушілермен тұрақты байланыс орнады. Осы кезге дейін аталған өнім тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де шығарылмағанын ескерсек, отандық мұнай компаниялары үшін ең таптырмас өнімді Атырауда шығару жолға қойылды деуге болады. Олай дейтініміз, бұл күндері Атыраудағы цехта білікті мамандар қолымен жасалған нығыздағыш прокладкаларға Қазақстанды айтпағанда, ТМД шеңберіндегі Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен түскен тапсырыстар да уақытында әрі сапалы орындалып келеді. Тіпті бұл кәспорынға әлемдік мұнай алпауыты қатарындағы «Шеврон» корпорациясынан тапсырыс түсіп, алғашқы өнімді осы корпорацияның сұрауымен Чикагоға жіберіпті. –Қазір біздің өнімізді сатып алуға «Теңізшверойл» бірлескен кәсіпорнымен және Атырау мұнай өңдеу зауытымен арада 2017 жылға дейінгі ұзақ мерзімді келісімшарт жасалды. Сонымен бірге, NCOC компаниясынан да тапсырыс түсіп тұрады, –дейді менеджер Жаңабай Алшынбеков. Бұл кәсіпорынның өніміне сұраныс жыл өткен сайын арта түсуде. Осы айтқанымызға былтыр тапсырыспен 67 000 дана прокладка шығарылғаны дәлел бола алады. Тапсырыс берушілер арасында Маңғыстау өңіріндегі «Свон-Вюртекс», «МайерскОйлКазахстан» секілді кәсіпорындар да бар. Мұнда прокладканың кез келген түрін шығаруға мүмкіндіктің молдығы мына бір деректен аңғарылады. Былтыр «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының көлемі жағынан 4030 мм, яғни ең үлкен прокладка жасауға берген тапсырысы сапалы орындалыпты. Алайда, сапасы жөнінен импорттық тауардан кем түспейтін, тіпті әлемік мұнай өнеркәсібінің көшбасшысы санатындағы «Шеврон» корпорациясының өзі тапсырыспен Чикагоға алдырған қазақстандық өнімге Атырау мен Маңғыстаудағы санаулы компаниялардан өзге оңтүстік пен солтүстік, шығыс пен орталық өңірлердегі ірі компаниялар тапсырыс беруге ынта танытпай отыр. Соған қарағанда, аталған өңірлердегі кәсіпорындар қымбат болса да шетелдік өнімді сатып алуды қолайлы көретін секілді. Бұған қоса Атырауда газ-химия кешенінің құрылысы басталды. «Теңіз» кенішінен бастау алып, Қара теңіз жағалауына дейін созылатын Каспий құбыр желісін кеңейту жобасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Міне, еліміздің мұнай-газ, металлургия саласындағы ірі кәсіпорындар үшін құбырлар арасын тығыздауға аталған цехтың шығаратын өнімі таптырмас олжа емес пе? Өйткені, дәл осындай өнімді алыс шетелден тасымалдау шығыны едеуір қымбатқа шығады. Ал жергілікті жердегі өнімнің бағасы импорттан әлдеқайда арзанға түсері даусыз. Сол себептен, еліміздегі ірі инвесторлар, іргелі кәсіпорындар Қазақстанда жасалған прокладкаға тапсырыс берсе, олардың тарапынан қазақстандық үлестің молаюына қосқан үлесі де артарын ұғынса дейміз ғой. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.