Қазақстан • 09 Қараша, 2021

Тілсіз жаудың алдын алуға басымдық беріледі

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылғы 10 айда елімізде 9 мыңнан астам өрт болып, соның салдарынан 358 адам жарақат алса, өкі­ніш­ке қарай, 297 адам қаза бол­ған. Ал құтқарылғандар саны 4 мың­­нан асады. Бұл жайында Ор­талық коммуникациялар қыз­меті алаңында өткен брифингте Төтен­ше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов хабарлады.

Тілсіз жаудың алдын алуға басымдық беріледі

Комитет төрағасының мәлімдеуінше, құтқарушылар күніне орта есеппен 150-ге жуық түрлі сипаттағы төтенше жағдайға байланысты шақырту алса, олардың бұл басым бөлігі тілсіз жауды ауыздықтау­ға қатысты. Ол сондай-ақ жыл басынан бері тұрғын үй секторында тіркелетін өрттің 13,6 пайызға төмендегенін, алайда қаза тапқандар санының 16, жарақат алғандардың 45 пайызға өскенін айтты: «ТЖМ бөлімшелері еліміздің барлық өңірінде 15 тамыздан 15 қазанға дейін республикалық өрт қауіпсіздігі акциясын жыл сайын өткізеді».

Өрт қауіпсіздігі іс-шарасы кезінде жергілікті әкімдік өкілдерімен бірлесіп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы нашар, көпбалалы отбасылардан шыққан жеткіншектердің, жетім балалардың тұрғын үйлеріне барып, оларға нақты қандай көмек қажет екенін анықтау, төтенше жағдайлар туындауына неғұрлым бейім, яғни автономды жылыту жүйелері бар тұрғын үйлерді аралап, өрттің алдын алу жұмыстары жүргізіледі.

Н.Дербісовтің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта ТЖМ-де 107 мыңнан астам тұрғын үй есепке алынған. Акция кезінде бұл үйлердің барлығы толық тексеріліп, шамамен 400 мың адамға нұсқау берілген. Профилактикалық жұмыстар автономды жылыту жүйелері бар үйлердің тұрғындары арасында әлі де жалғасуда.