Кино • 09 Қараша, 2021

Түркия кинофестивалін «Томирис» ашты

304 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше түбі бір түркі дүниесінің басын қосып, өнерін сарапқа салатын көп­тен күткен Korkut Ata TurkicWorld Film Festival кино байқауы сұлу Ыстан­бұл шаһарында шымылдық түрді. Түркі әлемі өнерін ұлықтайтын үздік фильмдер шеруіне еліміздің атынан бірнеше туынды қатысады деп күтілуде. Ал отандық өнердің көшін бастап барған режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи фильмі атаулы фестивальді ресми түрде ашты.

Түркия кинофестивалін «Томирис» ашты

Ұлттық өнерімізге көрсетілген бұл құрмет шын мәнінде қазақ кине­ма­тографының мерейі еке­ні сөзсіз. Қарашаның 8-12-і ара­лы­­­ғында Түр­кия­да алғаш рет өткі­зіл­гелі отыр­ған Korkut Ata ки­но­­фестиваліне биыл 13 елден барлығы 42 кинотуын­ды қаты­сады. Фес­тиваль шең­бе­рін­де Қазақ­стан, Әзербайжан, Қыр­ғыз­стан, Өзбекстан, Татарстан сынды Түркі әлемі елдерінің киногерлері түрлі ба­ғытта, соның ішінде тарихи, фантас­тика, деректі және анимация жанрын­да түсірілген үздік туынды­ларын ұсынатын болады.

Қазақстанның атынан атал­ған фильм-шеруге бірне­ше көркем­туын­ды қаты­сады. Фес­ти­вальдің басты байқаула­ры­ның бірі – көркем фильмдер бағдарламасында Рүстем Әбдірашевтың «Қазақ хандығы. Алтын тақ» көркем фильмі, деректі фильмдер байқауында режиссер Бақыт Қайырбековтің «Құтыда жанған алау» туындысы бақ сынайды. Ал анимациялық фильмдер байқауында Адай Әбелдиновтің «Күлтегін» тарихи толықметрлі ани­ма­циялық фильмі көрсетіледі.

Сонымен қатар, фестивальдің тарихи туындыларына арналған бағ­дарламасында Сатыбалды На­рым­­бетовтің «Аманат» фильмі көр­­­се­тілсе, ал «Заманауи фантас­тика» байқауында көрермендерге Бекарыс Елубайдың «Оазис» фильмі ұсы­ны­ла­тын болады.

Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалінің тұ­сауын кесу мәртебесі бұйырған «Томирис» фильмі түрік жұрт­шы­лығына таң­сық емес, аз уақыт ішінде Түркия еліне кеңінен танылып, көрерменнің сүйіс­пен­шілігіне бөленіп үлгерген үздік туындылардың бірі. Олай дей­тініміз, осыдан тура үш жыл бұрын – 2019 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бо­йынша Sataifilm компаниясының қатысуымен «Қазақфильм» киностудиясы түсірген қазақстандық туынды биыл қыркүйек айында Түркияда прокатқа шығып, 200-ден астам кинотеатрда көр­се­тіл­ген болатын. Енді міне, сол «То­мириске» түркі әле­міне ортақ фес­тивальдің шымыл­ды­ғын түру ба­қыты бұйырды.

Түркияда өтетін кинофестиваль­ге Қазақстанның атынан КСРО ха­­­лық әртісі, Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, «Қазақфильм» кино­сту­дия­­сының президенті Ақан Сатаев, киностудияның өндіріс бойынша вице-президенті Айдар Баталов, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ Бас продюсері Адай Әбілдинов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Айтжанов, актрисалар – Әлмира Тұрсын мен Аружан Жазылбекова, режиссер Нұрғиса Әлмұрат, продюсер Нұрлан Қоянбаев бастаған кино өнерінің май­талмандары қатысты.