Кітап таныстырылымының Алматыдағы Ұлттық кітапханада ұйымдастырылуының мәні бар. Әдебиетсүйер қауымға есімі етене таныс қаламгердің өмірі мен шығармашылығына қысқаша шолу жасаған кітапхана директоры Бақытжамал Қайырбекқызының айтуынша, біртуар жазушының өмірі кітап және кітапхана жұмысымен тығыз байланысты. Ол еліміздегі кітапхананы заманға сай жабдықтап, оқырманның кітапқа қызығушылығын арттыруға, кітап мәдениетін көтеруге ықпал ететін тетіктерін қарастырып, кітапхана саласының дамуына өз үлесін қосып, Ұлттық академиялық кітапхананы басқарды. Кітапты өлшеусіз сүйген қаламгерге арнап Ұлттық кітапхана «Біртуар еді...» атты көрме ұйымдастырып, оқырманға жазушы жайлы мол материал деректерін ұсынды. Жазушының биобиблиографиясы жылдан-жылға толығып келеді. Ұлттық кітапхананың дерекқорында Р.Отарбаевқа байланысты 539 мәлімет жинақталған. Бұл бағытта биобиблиографтар әлі де ізденіс жұмысын жалғастыра береді.
Шараның модераторы, «Ана тілі» газетінің бас редакторы, Қазақстан Президенті сыйлығының лауреаты Қали Сәрсенбай биобиблиографиялық көрсеткіштің маңызына тоқталды. Адам жанының көз жетпес көкжиегінің жиһангері болуды жас күнінен мұрат еткен Р.Отарбаевтың әдебиетке алып келген алғашқы тырнақалды әңгімесінен бастап кемелденген шағындағы соңғы туындысына дейін тауып, шығармашылық мұрасын түгендеп, бай қазынасын толықтырып, жинақтап, рухани айналымға ендіру – ұзақ уақыттан бергі қажырлы еңбек жемісі.
Р.Отарбаевтың есімі драматургия жанрында да жиі жолығады. Қаламгердің өнімді еңбек еткен саласы осы – драматургия. 2019 жылы құрылып, қысқа мерзім ішінде автордың әдеби кеңістігіне тұтас шолу жасап, соңында қалған мол әдеби мұрасының жоқтаушысы болып отырған «Рахымжан Отарбаев руханият қоры» бүгінде көптеген игі істің бастамашысына айналып үлгерді. Осы уақытқа дейін атқарылған шаруаны Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық драма театрының директоры Берік Жәменов ерекше атап өтті. «Қазақстанда елуден астам театр бар десек, солардың ішінде Р.Отарбаев пьесалары қойылмай қалған театр жоқ деуге болады. Ол кісінің драматургиясы режиссермен тіл табысып тұрғандай жазылатын ерекшелікке ие. Р.Отарбаев атындағы халықаралық театр фестивалі дәстүрлі сабақтастығын үзбей келеді. Драматургтің пьесалары Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан театрларының сахналарында да қойылып жатыр. Осы атқарылып жатқан игілікті істің бәрінің басы-қасында Р.Отарбаевтың руханият қоры жүр», деді театр директоры.
Театрға керек тақырыпты ішкі түйсігімен сезіп, кесек дүниелер жазған қаламгер Мысырға кетіп, елін аңсаумен өткен Бейбарыстан бастап, Жәңгір хан, Әміре, Мұқағали, Фариза секілді бір шоғыр тарихи тұлғалардың бейнесін жасап, олардың көркем образын көрерменмен қауыштырды.
«Өмірде Рахаң кездескен адамына дос құшағын кең ашқан бауырмал, ашық-шашық, ақжүрек адам болса, шығармашылығы да өзінің буырқанған мінезі сияқты еді, жазатын да тастап жүре беретін. Бәлкім маған сенгені болар, мүмкін балаларына арқа сүйегені шығар, қағазға ұқыптылығы жоқ еді. Алайда соңында іздейтін оқырманының көп екеніне көзім жетті. Сол себепті жазған дүниелерін жинақтап, биобиблиографиялық көрсеткіш құралы етіп құрастыруды жөн көрдік», деді жазушының жары Сәуле Отарбаева.
Рахымжан Отарбаевтың әңгімелері мен повестері, романдары мен пьесалары қырық жыл бойы қазақ оқырманына рухани азық болып келеді. Жарық көріп отырған жаңа биобиблиографиялық көрсеткіш те кейінгі ұрпақтың сүйікті жазушысын танып-білуіне қызмет ететін жәрдемші құрал болмақ. Қаламгердің шығармалары қай кезеңде де, қай кеңістікте де өз оқырманымен үндесіп бірге жасай береді.
АЛМАТЫ