Парламент • 09 Қараша, 2021

Сенаторлар бірнеше заң жобасын қарамақшы

211 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Бюро мүшелері 2021 жылғы 11 қарашаға жоспарланған Палата отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлар бірнеше заң жобасын қарамақшы

Сенат депутаттары кезекті отырыста «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы қызметіне сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынымдарын қарауды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да талқыланатын болды.

Сенаттың алдағы отырысының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қарауға енгізілді. Заң жобасы мемлекеттік органдардың дербестігін және тиісті жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді. Ол қабылдағаннан кейін бірқатар министрліктерге қосымша функциялар берілетін болады.

Бюро мүшелері сонымен қатар Мәжілістен бұрын келіп түскен «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне пысықтауға берді.