Оқиға • 09 Қараша, 2021

Солтүстік Қазақстанда жаңа босанған ана коронавирустан қайтыс болды

230 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында жүкті әйел коронавирус жұқтырып, дәрігерлер қолдан келгенше тырысқанымен, жас ананың өміріне араша түсе алмады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Солтүстік Қазақстанда жаңа босанған ана коронавирустан қайтыс болды

СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы 3 күнде өңірде коронавирусты жұқтырудың 438 жаңа жағдайы тіркелді. Ең көп ауырғандар - Петропавлда.

Бүгінде жұқпалы аурулар ауруханасында 636 адам ем алса, оның 382-сі тұрақты түрде оттегі аппаратында жатыр. Жансақтау бөлімінде жатқан 51 науқастың 16-ның жағдайы өте ауыр. Соңғы тәулікте коронавирустан 3 адам қайтыс болды. Ал пандемия басталғалы 317 науқас көз жұмды.

«Қайтыс болған жүкті келіншекті коронавирус жұқтырғандықтан 31 аптада босандырып алуға тура келді. Ауру асқынып, өкпесі қабынды. Қазір уәкілетті органдар сараптама жүргізеді. Көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімі жағдайында толық көлемде жүргізілген емдеу-диагностикалық шаралар кешеніне қарамастан, босанғаннан кейінгі кезеңде жүкті әйелдің өмірін өкпенің жаппай зақымдануына байланысты құтқару мүмкін болмады. Әйел жүктілігіне байланысты вакцина алмаған», дейді басқарманың баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.

Маманның айтуынша, жалпы жыл басынан бері 646 жүкті әйел Covid-19 жұқтырды, оның 203-інде ауру асқынып, пневмонияға ұласқан. 58 жүкті әйелді өкпені жасанды желдету аппаратына қосуға тура келді.

38 әйелді аман алып қалу үшін өмірлік көрсеткіштері бойынша кесарь тілігі әдісімен мерзімінен бұрын босанды. Күні жетпей туғандықтан 3 шақалақ қайтыс болды.