Аймақтар • 09 Қараша, 2021

Теңізбен бірге оралған үміт

789 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Есте жоқ ескі заманнан бері мың бұралып қатар аққан Әму мен Сыр Аралдың алып айдынын толассыз толтырып тұрыпты. Өткен ғасырдың белортасынан ауа осы тепе-теңдік бұзылды. Қос дарияның жағасын қоныс еткен халық көбейіп, соның салдарынан теңізге құйылатын су мөлшері жыл санап сарқыла берді. Бей-берекет бөгелген өзен сулары көлемі ұлғайып келе жатқан күріштік пен мақталық алқаптарға жұмсалып жатты.

Теңізбен бірге оралған үміт

Осының салдарынан аз жылда айдын жағалауынан жырақтап, балығы тайдай тулаған теңіздің толқынын көзбен ұзатып салған жұрт өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары амалдың жоғынан көштің бетін өзге өңірлерге бұра бастаған еді. Кезіндегі ортақ теңіздің табаны аз жылда құм суырған мидай жазық далаға айналды. Тұзды дауылы жан-жағына қатер төндірген Аралды құтқару – әлемді құтқару екендігін мемлекетаралық деңгейде алғаш көтерген азат Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды.

Теңіз проблемаларына арналған тұңғыш халықаралық конференция 1993 жылы Қызылорда қаласында өтті. Онда Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары тартылған теңіз тағдырын әлемдік қауымдастықтың талқысына салу туралы ұсыныс айтты. Конференция барысында Аралды құтқару халықаралық қоры туралы ережеге қол қойылды.

Қаты­су­шы мемлекет басшылары аты­нан Біріккен Ұлттар Ұйымына үн­деу жолданды. Халықаралық қауым­дас­тықтың қолдауымен Арал теңізі бас­сейнін эколо­гиялық сауықтыру мен аймақ тұр­ғын­дарының әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру мәсе­лелері бойынша бірлескен нақты істер мен бағдарламалық жобаларды қар­жыландыру талқыланды.

Осы жиында құрылған Аралды құт­қару халықаралық қорының төраға­лы­ғы­на Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Осылайша, әлем жұртын алаңдатып отыр­ған алып айдынның проблемасын шешу қадамдары еркіндіктің елең-ала­ңында жасалып еді.

Бастама баянды болып, көп уақыт өтпей-ақ теңіздің солтүстік бөлігінде­гі табанына су жетіп, Дүниежүзілік банк­­тің қолдауымен жүзеге асырылған «САРАТС» жобасының бірінші кезе­ңінде бір­шама толымды тірлік ат­қа­рыл­ды. Кепкен теңіздің кенезесін қан­дырып, у ұшқан ұлтанды телегейге айнал­дырған Елбасы бастамашы болған идеяны әлем жұртшылығы «ғасыр жобасы» деп таныды.

Қазір Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бө­лі­гін сақтау жобасының бірінші ке­зеңі толық аяқталды. Осы арқылы те­ңіз деңгейі 42 метрге көтерілді. Кіші Аралдағы су деңгейін сақтап қалу үшін осыдан 16 жыл бұрын салынған «Көк­арал» бөгетінің арқасында теңіздің сол­түс­тік бөлігіндегі су мөлшері 68 пайызға артты.

Дүниежүзілік банк пен республикалық бюджеттің қаржыландыруы арқылы жүзеге асқан «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің сол­түс­тік бөлігін сақтау» жобасының алғаш­қы кезеңіне 85,79 млн доллар жұм­са­лып, айдындағы су көлемі 15 текше ша­қырымнан 27 текше шақырымға дейін жетті. Тұздылығы айтарлықтай тө­мен­деді. Сырдария өзенінің қыс айларында су өткізу қабілеті 650-700 текше метрге дейін ұлғайды.

Арал теңізіне түсетін судың көбеюі өңірдегі тіршіліктің жандануына әкел­ді. Көлемі 30 мың гектардан асатын бірнеше ірі көл қалпына келіп, балық ша­руашылығын дамытуға жол ашылды. Ең бастысы, бұрын тұзданған теңіз­ден жоғалып кеткен балықтың 13 түрі қайта пайда болды. Теңіз жағадан жырақ­тағалы бері атакәсіптен қол үзіп қал­ғандар шалқарға қайта шығып, балық аулау көлемі 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін жетті. Қаладан қашық­тап кеткен теңіз 17 шақырымға дейін жа­қын­дады. Қазір өңірден Ресей, Польша, Нидерланд, Германия, Грузия және Литва елдеріне балық өнімі экспортталады.

Кіші Арал теңізі аймақтың эколо­гия­лық ахуалын жақсартып, флорасы мен фаунасы қалпына келе бастады. Қалыпқа келе бастаған өңір микроклиматы аймақ тұрғындары арасындағы аурушаңдық деңгейін көп төмендетті. Туберкулез, қатерлі ісік пен қан тамырлары аурула­рына шалдығушылар қатары сиреді. Осы жа­ңалықтың барлығы Елбасы бас­та­масымен дер кезінде қолға алынған «САРАТС» жобасының жемісі.

Қайтқан теңізді қайта оралтқан бас­таманың жалғасы – «САРАТС-2» жо­басының алғашқы кезеңіне енгі­зілген 6 компоненттің төртеуін рес­пуб­ликалық бюджет есебінен жүзеге асыру жос­парланып отыр. Осыған орай Дүние­жүзілік банк жобаны «Арал теңізін қал­пына келтіру және аумақтық даму» деп атау­ды және Арал өңірінің әлеу­меттік-экономикалық жағдайын жақ­сартуға ба­ғытталған компоненттер қосуды ұсы­нып отыр. Үш компонент­тен тұратын жо­баның болжамды құны 190 млн доллар. Оның ішінде су шаруашылығы инфрақұрылымын же­тілдіру және облыс­тың тұрақты эко­номикалық, әлеу­мет­тік және эко­логиялық қызметін қолдау, су ресурс­тарын, өңірлік жобалау және жобаны бас­қаруды жетілдіру бас­тама­лары бар. Былтыр жазда «Солтүс­тік Арал теңізін қалпына келтіру және аумақтық даму» жобасының техни­ка­­лық-экономика­­лық негіздемесін әзірлеу үшін Эколо­гия, геология және табиғи ресурстар ми­нистрлігі Су ресурстары ко­митеті мен халықаралық Yecom (Пәкістан, Иран) компаниясы арасында келісім жасалды. Елбасы бастамашы болған жоба өңір жағдайына осындай өміршең өзгерістер енгізді.