Облыстық экология департаментінің мәліметінше, Қостанай, Арқалық, Лисаков және Жітіқара қалаларында орналасқан ірі кәсіпорындардың айналасындағы атмосфералық ауаның ластануын анықтау жыл бойы жүргізіледі. Мұндай мониторинг жұмыстарының аясында Тобыл өзені мен оның Аят, Шортанды, Желқуар, Обаған сияқты салаларындағы, сондай-ақ Жоғарғы Тобыл, Қаратомар, Амангелді су қоймаларындағы зиянды заттар мөлшері тексеріледі.
Таяуда Лисаков қаласы мен Бейімбет Майлин ауданында мониторинг жұмыстары жүргізілді. Зертханалық-сараптамалық бақылау бөліміне қарасты сынама зертханасының мамандары Лисаковтағы атмосфералық ауа құрамын зерттеп, қаланың Тобыл, Промышленная, Горняк, Жоғарғы Тобыл көшелерінде орналасқан су тораптарындағы шаң-тозаң мен азот диоксиді, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді сияқты зиянды заттар мөлшерін анықтады. Ал Бейімбет Майлин ауданындағы «Варваринск» кәсіпорнының аумағында атмосфералық ауа құрамында шоғырланған цианид мөлшерін анықтау жұмыстары жүргізілді. Мамандардың айтуынша, мониторинг қорытындысы бойынша, атмосфералық ауадағы азот диоксидінің шекті мөлшерден шамалы ғана асып тұрғаны анықталған. Ауа құрамының ластануы автокөліктер мен жылу көздерінен шыққан көк түтіннің әсерінен болуы мүмкін дейді экологтер.
Талдау жұмыстарын қорытындылаған мамандар «Варваринск» кен орнын жанай ағып өтетін Аят өзенінің бойындағы бақылау нүктелерінде, сондай-ақ кәсіпорынның өндірістік аумағына орналасқан бақылау ұңғымаларында цианидтің жоқ екенін айтып отыр.
Экологтер облыста табиғи ортаның тазалығын тексеру жұмыстары қараша ауғанша жалғасатынын жеткізді.
Қостанай облысы