22 Ақпан, 2014

Мемлекет дамуындағы сындарлы қадам

291 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы құрылымдары мен шағын және орта бизнес кәсіпорындары басшыларынан хат келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Хатта авторлар Мемлекет бас­шысы жүргізіп отырған елді әлеу­меттік-экономикалық жаңғырту және қаржы тұрақтылығын қам­та­ма­сыз ету саясатына қолдау білдіреді. «Ұлттық валюта бағамына жа­салған өзгеріс пен мак­ро­эко­номикалық және әлеуметтік тұ­рақтылықты сақтауға бағытталған шараларды түсіністікпен қабыл­даймыз. Теңге бағамына өзгеріс енгізілуі отандық өндірістің дамуы­на, инвестиция ағынына, жұ­мыспен қамтудың ұлғаюына септігін тигізіп, түпкі нәтижесінде азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретініне сенеміз», – делінген хатта. Өңірдің агроөнеркәсіп кеше­нінің, шағын және орта бизнесінің өкілдері былтыр Шығыс Қазақстан облысы экономикасының түрлі салаларына көрсетілген мемлекеттік қолдау 50 миллиард теңгеден ас­қанын атап өткен. «Бизнестің әлеуметтік жауап­­кершілігін түсіне және Сіздің ша­қыруыңызға үн қоса отырып, біз өз кәсіпорындарымыздағы ең­беккерлердің еңбекақысы 10%-ға арттырылуын қамтамасыз етеміз», – делінген хатта. Соңында хат иелері еліміздің агроқұрылымдарының барлық басшылары мен кәсіпкерлерін Қа­зақстанның одан әрі дамуын қамтамасыз етуге және өз кәсіп­орындары еңбеккерлерінің еңбек­ақысын арттыру туралы Мемлекет басшысының бастамасын қолдауға шақырған.