Үкімет • 10 Қараша, 2021

Салық кодексіне өзгерістер енгізіледі

692 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары бірқатар жаңа заң жобасын қарады. Отырыста депутаттардың бастамасымен әзірленген Салық кодексіне қатысты өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Салық кодексіне өзгерістер енгізіледі

Аталған құжат Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын, бизнес пен азаматтарды қолдау жөніндегі бастамаларды, салықтық әкімшілендіруді жақсарту жөніндегі шараларды, оның ішінде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды іске асыру мақсатында әзірленді.

Депутаттар Салық кодексіне енгізіле­тін өзгерістер туралы заң жобасын қарау барысында мобильді төлемдерді реттеу­ге қатысты нормаларды қарастырды. Жиын барысында Мәжіліс депутаттары тұтынушылар мен кәсіпкерлер үшін жаңа норманы қабылдаудан не күтілетіні және кәсіпкерлерге салынатын салық жүктемесі туралы мәселелерді қозғады. Нұрлан Нығ­матулин аталған норма бо­йынша салық­тың жаңа түрі енгізілмейтінін алға тартып, кәсіпкерлерге салық жүкте­месі өзгер­мейтінін айтты.

Сонымен қатар отырыс барысында депутаттар көлік салығына қатысты бірқатар мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, енді жүк көліктеріне салық салу автомобиль қозғалтқышы көлеміне емес, жүк көтергіштігіне байланысты белгіленген мөлшер бойынша төленеді. Бұл норма еліміздегі 96 мың автокөлікке қатыс­ты болмақ. Осыған байланысты атал­ған норманың 2021 жылғы 1 қаңтар­дан бастап күшіне енуі ұсынылады.

Айта кететін жағдай, автокөлік салы­ғын төлеу мерзімі заңды тұлғалар үшін 2021 жылдың 5 шілдесінде аяқталса, жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін мер­зімі 2022 жылғы 31 наурызда бітеді. Сон­дықтан да салықты төлеген автокөлік иелері үшін қайта есептеу қажет.

Осыған сәйкес, Мәжіліс Төрағасы авто­көліктің моделіне қатысты салық 2 есеге, ал жекелеген жағдайларда 6 есеге дейін азаятынын айтты. Әр автокөлік иесі үшін салық 5 мың теңге мен 115 мың теңге көлемі аралығында болады.

Нұрлан Нығматулин атап өткендей, қазір ең бастысы мемлекеттік органдар осы заң­намалық норманың ретроспек­тив­ті­­лігін ескере отырып, барлық қажетті есеп­теу­лерді жедел, бюрократиясыз жүргізу керек. 

Осыған сай, Палата Спикері 1,5 айдан кейін заң күшіне енетінін, 90 мыңнан аса автокөлік иесінің 2021 жылға арналған салығын қайта есептейтініне тоқталып, бұл есептеулер автокөлік иелерінің қаты­суын­сыз өтетінін, сондықтан азаматтар осы жа­йында ертерек білу керектігін айтты.

Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, барлығы автоматты түрде жасалатынын, ешқайда барудың және өтініш жазудың қажеті жоқ екені туралы халықты алдын ала хабардар ету қажет.

«Қазір тиісті деңгейде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылмаса, адамдар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, Колл-орталықтарға үзбей қоңырау шалып, мемлекеттік органдардың блогтарына өтініштер қалдырады», деді Палата Спикері.

Айта кету керек, заң жобасы мобильдік төлемдерді реттеу, салық төлеушінің пас­портын енгізу және жүк автомобильдері үшін белгіленген мөлшерлемелер бойынша жекелеген көлік құралдарына салықты есептеу құқығын беру және басқа да бір­қатар жаңа нормаларды қамтыған.

«Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылға бағытталған салықты әкімшілен­діруді жетілдіру мақсатында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарлардың қадағалану тетігі туралы келісімнің нормаларын ұлттық салық заңнамасына имплементациялау ұсынылады», деді құжат жөнінде баяндама жасаған депутат Сергей Симонов.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжат Мемлекет басшысының сотқа дейінгі реттеу сатысында құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу, сондай-ақ прокурорлардың қылмыстық істер бойынша айыптау актілерін дайындау жөніндегі құзыретін біртіндеп кеңейту туралы тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.

Құжат қылмыстарды тез ашу, оларды жасаған адамдарды қылмыстық жауап­кер­шілікке тарту және әділ сот тал­­қылауын жүргізу мақсатында қылмыс­тық-про­цестік заңнаманы тиімді қолдану­ды көз­дей­тін құқықтық тетіктерді оңтайландырады.

«Қылмыстық процеске үш буынды модельді енгізу бойынша түзетулер туралы заң жобасы Президент Жолдауларында берген тапсырмаларды жүзеге асыруға бағытталған. Мемлекет басшысы 2020 жылы үш буынды модельді енгізуді тапсырды. 2021 жылы прокурорлардың айыптау актілерін дайындау жөніндегі құзыретін кеңейту қажет деді.

Өткен жылдың аяғында Парламент тергеушінің негізгі шешімдерін прокурормен келісу туралы заң қабылдады. Мұндай келісу – қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшудің бірінші кезеңі. Бұл тәртіп үлгі ретінде Еуропа елдерінен алынды.

Осы жылдың басынан бастап тергеу органдарының күдікті деп тану, әрекеттерді саралау, тергеу мерзімдерін үзу, істі тоқтату туралы шешімдерін тек прокурор заңдастырады. Прокурор келісім бермесе, олар заңсыз саналады», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев.

Оның айтуынша, электронды іс жүргізуді енгізу процесті жедел әрі жеңіл жүргізуге мүмкіндік берді. Тергеуші істі прокурорға жолдайды, ол өз қаулысын жүйеде әзірлеген кезде, прокурорға бірден электронды хабарлама түседі. Соны­мен қатар прокурордың шешім қабыл­дау мерзімі де қысқарды. Бұрын істер бір ай қаралса, ал қазір 24 сағаттан үш күн­ге дейін қаралады. Шешім заңды болған­да прокурор оларға цифрлы қол қойып, келіседі. Ал заңсыз болса, бас тартады.

«Өткен 10 айдың ішінде прокурорлар тергеудің 329 мың қаулысын тексеріп, 287 мың шешімге келісім берді. Қалған шешімдер қолдау таппады және түзету үшін қайтарылды.

Мемлекет басшысы 2020 жылғы Жолдауында қылмыстық процестің үш буынды моделінде прокурор қылмыстық қудалау органдары жинаған дәлелдерге тәуелсіз баға беруі тиіс деп атап кеткен. Сол себепті үш буынды модельге көшудің екінші кезеңінде прокурорға айып­тау актісін өзі толтыру құқығын беру ұсынылады.

Прокурор күдіктінің әрекетіне жинал­ған дәлелдер негізінде толық әрі тәуел­сіз баға бере отырып, саралайды. Айып­тау актісінде күдіктіге қандай айып тағыл­ғаны, қылмысты қалай жасағаны, жасау себептері, салдары, кінәсін растайтын мән-жайлар, сондай-ақ қылмыстың қан­дай баппен сараланып отырғаны көрсеті­леді», деді Бас прокурордың орынбасары.

Отырыста бірқатар заң жобалары ратификацияланды. Қазақстанның Қырғызстан және Тәжікстанмен өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімдері жөніндегі құжаттар мақұлданды. Сонымен қатар Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етуде әскери-техни­калық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды.  

Жалпы отырыста депутатттар «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасын екінші оқылымда ілеспе түзетулерімен, сондай-ақ Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толықтыру­лар енгізуге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс пен Салық кодексін екінші оқылымда мақұлдады.

Екінші оқылымда мақұлданған заң жобаларының қатарында дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу инс­ти­туттарын дамыту мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасы мақұлданды.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.