Аймақтар • 11 Қараша, 2021

Өскеменде аулаларды абаттандыру жалғасуда

185 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары Өскеменде көлік нөпірінің көбеюіне қарай жолдарды кеңейту, оң жаққа қосымша бұрылыстар жасау сынды жұмыстар қолға алын­ған. Сондай-ақ үш жыл қатарынан бірқатар аулалар абаттандырылып, автотұрақтар да кеңейтілді. Тек 2021 жылы ғана 27 аула жаңартылса, үш жыл ішінде 92 аула аумағы абаттандырылған екен.

Өскеменде аулаларды абаттандыру жалғасуда

– Екі орындық пен үстел теннисін ор­нату да абаттандыруға жатады. Бірақ біздің түсінігімізде абаттандырудың жө­ні басқа. Біз балаларға ғана емес, жалпы тұрғындарға ыңғайлы әрі қауіпсіз аула жасауды мақсат еттік, – дейді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.

Өскемендегі бүгінгі бірқатар аула­ны бұрынғымен салыстыруға әсте бол­майды. Бұрын қалай еді?! Темірі шо­дырайған сырғанақтар, жалпиған бетон формалар, тағысын тағы. Оның күтіміне де аса назар аударылмаған. Ал қазіргі ауладағы ойын жабдықтары ық­шам­далған, балаларға анағұрлым қауіп­сіз. Спортпен айналысамын деген жас­өсіпірімдерге де мүмкіндік мол. Тур­никтердің түр-түрі, теннис үстелдері, футбол алаңдарына дейін бар.

Аулаларды абаттандыру жұмыс­тары аумақтың ерекшеліктеріне қарай жүзеге асып жатыр. Балалар алаңы әдеттегідей әткеншектер, карусельдер, құм салғыштар ғана емес, әртүрлі заманауи ойын кешенімен жабдықталды. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігі үшін жер­ге жұмсақ жабын төселген. Кең аулаларға Street workout жабдықтары орнатылды.

Аулалардағы тағы бір басты мәсе­ле, жоғарыда атап өткендей – көлік­тердің көптігі, тұрақтардың аздығы. Ке­ңес өкі­меті тұсында бой көтерген үйлер­дің аулаларында автотұрақтар қарас­ты­рылмаған еді. Аулаларды абаттандыру, жаңарту жұмыстарының нәтижесін­де аулалардағы көлік тұрақтарының мәсе­лесі де шешімін тауып келеді.

– Өскеменде автокөліктер санының өсуіне байланысты автотұрақтар тарлық етіп келеді. Кейбір үйлердің ауласында ине шаншыр орын болмайды. Біз аулаларды абаттандыру арқылы бұл мәселені де шешеміз, – дейді қала басшысы Жақсылық Мұқашұлы өз сөзінде.

Көптеген аулада көлік жолдары ке­ңей­тілді, автотұрақтарға орын бөлінді. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жүр­гізушілерге кедергі жасамауы үшін аула ішілік тротуарлар төселе бастады. Жаяу жүргіншілердің жолдары балалар мен спорт алаңдарына апаратын үйлердің бойымен төселген. Ал қауіп­сіздіктің алдын алу үшін абаттан­ды­рылған аулалар түн мезгілінде самаладай жарқырап тұра­ды. Үнемді шамдар орнатылғандықтан, подъездердің ал­дындағы жарық түні бойы жанып тұрады. Бұл қауіпсіздіктің тағы бір элементі. Әлбетте, абаттанды­ру жұмыстары болған соң жасыл желек­тер егілді, орындықтар, қоқыс жәшіктері орнатылды.

– Өскемен өзге қалаларға үлгі болса екен дейміз. Ол үшін халықтың ың­ғайлы өмір сүруіне барынша жағдай жасауға тырысып жүрміз. Абаттандыру жұмыстары да соның бір белгісі. Алайда бюджет есебінен жеке аумақтарды то­лық­тай қамту мүмкін емес. Сол үшін біз абаттандыру бағдарламаларына енудің шарттарын белгіледік, – дейді қала әкімі.

Айта кетерлігі, ойын алаңдарына арналған әмбебап жабдықтарды жер­гілікті кәсіпкер шығарып отыр. Ал­дағы уақыттарда тұрғындар ойын кешен­дерін өздері-ақ жөндеп, жаңалап алула­рына болады. Дегенмен жаңа жабдық­тарға күтіммен қараса, әлі ұзақ жыл тұрғындарды қуанта бермек.