25 Ақпан, 2014

Дүрліктіргендер бұғып қала алмады

326 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елімізде әртүрлі коммуникация құралдары арқылы (әлеуметтік желілерді қоса алғанда интернет-хабарламалар, СМС) кейбір банктердің банкрот болу мүмкіндігі туралы ақпарат таратылғаны белгілі болған еді. Осыған байланысты Алматы қалалық прокуратурасы төмендегі жәйтті хабардар етті. Жоғарыдағы хабарламалар аталған банктердің салымшыларын дүрліктіріп, оларды банктік шот­тардағы қаражаттарын жап­пай алуға итермеледі. Соның салдарынан бұл әрекеттер жүйе құ­рау­шы банктерге айтарлықтай зиян келтіргендіктен, тиісті банк­тер құқық қорғау органдарына қаржылық ахуалы жөніндегі жалған ақпарат таратқан тұл­ға­ларды анықтап, оларды тиісті жауапқа тарту туралы арыздарын түсірді. Прокурорлық тексеру және ұлттық қауіпсіздік органы тарапынан жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде, «Signum» Заңгерлік фирмасы» ЖШС-нің иесі Әбіл­қайыр Нақыповтың және осы фирманың қызметкерлері Вик­тория Тро­фи­мович пен Әйг­ерім Адасбаеваның «Банк­Центр­Кре­дит» АҚ-тың қиын қар­­жы­лық жағдайы туралы жал­ған элек­тронды хабарлама тарат­қандарға қа­тысы бар екендігі анық­талды. Жалған ақпаратты олар Дархан Сәбденовтен алға­ны анықталды, ол бұрын «Банк­Центр­Кредиттің» Алматы айма­ғы бойынша атқару өндірісі бөлі­мінің маманы қызметін атқарған. Алайда аталған банктердің банкрот алдындағы жағдайы туралы жалған ақпараттың ешбір негізі болмаған және болуы да мүмкін емес еді. Сөйтіп, нәтижесінде Д.Сәб­деновтің және жоғарыда аталған тұлғалардың іс-әрекеттерінің салдарынан «БанкЦентрКредит» АҚ-қа елеулі залал келтірілді. Осының негізінде үстіміздегі жылдың 21 ақпаны күні Алматы қаласы прокуратурасы тарапы­нан Д.Сәбденовке қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің алдау немесе сенiмге қиянат жасау жолымен мүлiктiк залал келтiргені үшін жауапкершілікті көздейтін 136-1-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Соттың қаулысымен Д.Сәбденов жоғарыда аталған әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін 20 тәулікке қа­мауға алынды. Қосымша айта кететін жәйт, бұрынырақта Д.Сәбденовке қатысты Қылмыстық кодекстің 251-бабы 2-бөлімімен (қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) іс қозғалып, бірақ осы іс бойынша қылмыстық қудалау заңсыз қысқартылғаны анықталды. Қазіргі таңда аталған шешім қалалық прокуратура тарапынан бұзылып, іс қайта тергеу жүргізу үшін қылмыстық қудалау органына жолданды. Банктердің қаржылық ахуалы жөніндегі жалған ақпаратты таратуға қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтауға ба­ғыт­тал­ған іс-шаралар жалғасуда. Сон­дықтан прокуратура БАҚ өкілдерінен және азаматтардан қаралып жатқан оқиғаларды жария ету кезінде тек тексерілген деректерге сүйенуге және шын­дыққа сәйкес келмейтін ақпа­рат­тың жариялануына жол бермеуін сұрайды, деп хабарлады Алматы қалалық прокуратурасының бас­пасөз қызметі.