25 Ақпан, 2014

В.Жириновскийдің мәлімдемесіне қатысты

304 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов БАҚ өкілдерінің алдында мәлімдеме жасады. Онда ол 2014 жылғы 23 ақпан күні Мәс­кеуде Ресей Либерал-демократиялық партия­сы (РЛДП) фракциясының төрағасы, Ресей Фе­де­рациясы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі Вла­димир Жириновский митингте сөз сөйлей оты­рып, Орталық Азия мемлекеттерін, соның ішін­де Қазақстанды Ресей Федерациясының құра­мына кіргізуге шақырғанын атап көрсетті. Жириновский ресми тұлға, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты, ірі саяси партияның басшысы болып табылады. Біздің пікірімізше, осындай жоғары мемлекеттік лауазымдарға ие адам өзінің көпшілік алдында жасайтын мә­лімдемелеріне үлкен жауапкершілікпен қа­рауы тиіс. Оның үстіне, бұл саясаткер біз­дің елімізге қатысты жол берілмейтін мә­лім­демелерді бірінші рет айтып отырған жоқ. Біз осыған дейін бірнеше рет мәлімдегендей, Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына қол сұғуға жол берілмейді және мұндай әрекеттер Қазақ­станның мемлекеттік органдары тарапынан шешімді түрде жауап алатын болады. Осыған орай, біз РФ Сыртқы істер министрлігі атына ресми нота әзірледік. Онда біз ресейлік тарапты Қазақстан мен Ресей арасында қалыптасқан одақтастық рух пен стратегиялық әріптестік қарым-қатынасына Жириновскийдің сөздері қаншалықты сәйкес келетініне ресми баға беруін сұрадық. Қазіргі таңда ҚР Сыртқы істер министрлігі Жириновскийге қатысты дипломатиялық сипаттағы арнайы шараларды қолдану мүмкіндігін қарастыруда, деді ол.