Парламент • 11 Қараша, 2021

Сенат Байқоңырдағы «Бәйтерек» жобасына байланысты заң қабылдады

267 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының жалпы отырысында «2004 жылғы 22 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенат Байқоңырдағы «Бәйтерек» жобасына байланысты заң қабылдады

Бұл Хаттамаға 2020 жылғы 31 қазанда Мәскеу қаласында қол қойылды. «Хаттама «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамын бюджеттік кредиттен босату тәртібін және «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін жүктеу кепілдіктерін қамтамасыз етеді.

Хаттамада тараптардың 2023 жылы орта класты тасымалдағыш зымыранмен «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінің ұшу сынақтарының басталуын қамтамасыз ету бойынша міндеттемелері көрсетілген. Хаттамадағы басты мақсат - «Бәйтерек» жобасының негізгі шарттарын түзету және өзектендіру. Бұл ретте Хаттама, ең алдымен, қазақстандық тараптың мүддесіне сай жасалғанын айта кету керек», деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Оның айтуынша, Қазақстан тарабы үшін бұл қажетті Хаттама, өйткені, біріншіден, бірлескен кәсіпорынның ҚР Қаржы министрлігінің алдындағы бюджеттік кредит бойынша қаржылық міндеттемелері мәселесін заңды негізде шешуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, құжатқа Ресей тарапының 2036 жылға дейін «Союз-5» зымыран-тасығыштарын ұшыру кешенін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелері енгізілген.

«Бәйтерек» жобасының мақсаты — «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын экологиялық таза зымыран тасығыштармен шығару. Жобада пайдаланылатын перспективалы «Союз-5» зымыран-тасығышы отынның экологиялық таза компонентінде керосинмен ұшады, сондай-ақ қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалаудың оң сараптамасына ие.

«Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құруды үйлестіретін және оны одан әрі пайдалануға жауап беретін оператор – «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ. «Бәйтерек» – бұл «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы Ресей тарабымен бірлескен негізгі жоба. Бұл жобада Ресей тарабы тасымалдағыш зымыранды құруды қамтамасыз етеді (916 млн доллар), ал Қазақстан тарабы қолданыстағы «Зенит-М» ғарыштық зымыран кешенінің жерүсті кешенін жаңғыртуды қаржыландыруды мемлекеттік тапсырма арқылы орындауды қамтамасыз етеді (90,7 млрд теңге)», деді министр.

Заң жобасы күшіне енгенде мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:

1. «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамы бюджеттік кредитті оның жарғылық капиталына айырбастау арқылы кредиттік міндеттемелерден босатылады және «Бәйтерек» мемлекетаралық жобасын іске асыруды жалғастыруға мүмкіндік алады. Айырбастау рәсімінің нәтижесінде қазақстандық тараптың Бірлескен кәсіпорынға қатысу үлесі шамамен 99%-ға дейін артады.

2. Хаттама «Бәйтерек» ғарыштық ұшыру кешенінен 10 жыл ішінде Ресей тарабынан кемінде жылына 2 ұшырылым қамтамасыз етуге кепілдік береді. Бұл болашақта кешенге салынған мемлекеттік инвестицияны қайта өндіріп алуға мүмкіндік береді. «Заң жобасын қабылдау республикалық және жергілікті бюджеттерден қосымша шығынды талап етпейді, сондай-ақ оның теріс әлеуметтік-экономикалық салдары да жоқ. Ресей тарабы осы Келісімнің күшіне енуі бойынша мемлекет ішілік рәсімдерін орындады», деді Бағдат Мусин.