Денсаулық сақтау министрлігінде Сенат және Мәжіліс депутаттарының қатысуымен министрлік жанындағы Пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда науқастарды дәрімен қамтамасыз ету жайы тыңдалды.
«СК-Фармация» ЖШС басқарма төрайымы Шолпан Ахмет келтірген мәліметтерге қарағанда, теңге бағамының өзгеруі стационарларда және емханаларда науқастарды дәрімен қамтамасыз ету көлеміне әсер етпейді. Бірегей оператор 2014 жылға арналған дәрі-дәрмекті өткен жылы сатып алып қойған. Қазіргі уақытта өңірлерге дәрілер кестеге сай уақытында жеткізілуде.
Бірегей оператор жыл сайын дәрі өндіруші зауыттардан делдалдарсыз тікелей сатып алу көлемін ұлғайтқан. 2011 жылы басталған бұл жұмыс өз жемісін беріп, жалпы көлемі 18,5 млрд. теңгеге тікелей келісімшарттар жасауға мүмкіндік берген. Нәтижесінде 3,6 млрд. теңге үнемделіпті. Сондай-ақ, отандық тауар өндірушілерді қолдау жалғасып, 2014 жылы олардың үлесі «СК-Фармация» ЖШС жалпы сатып алу көлемінің 75%-ын құрап, 15,7 млрд. теңгеге жеткен. Бұл үрдіс жалғасын тауып, жаңа ереже инвестициялар тартуға мүмкіндік бере бастаған. Қазіргі уақытта бірқатар өндірушілер ел нарығына қызығушылық танытып, жаңа зауыттар салу, қазіргі бар технологияларды жаңарту және жаңаларын жеткізуге ниет білдіруде.
Бірегей дистрибьютордың жеке бюджеті есебінен қалыптасқан дәрілік құралдардың стратегиялық қорының болуы сатып алынатын дәрілерге бағаның көтерілмеуіне кепілдік болады. Оған бірқатар әлеуметтік ауруларды емдеуге арналған дәрілер кіреді.
Сатып алу үрдісі орталықсыздандырылған қазіргі кезде 5 млн. теңгеге дейінгі құрал-жабдықтарды ауруханалардың өздерінің сатып алуына, 5 млн.-нан 50 млн. теңгеге дейінгі техникаларды лизинг жүйесімен қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда лизингтік қызметтердің бәсекелестік нарығында медициналық техниканы сатып алуда ешқандай шектеулер жоқ. «ҚазМедТех» АҚ қызметінің нәтижесінде 20 млрд. теңге үнемделіпті. Бұл денсаулық сақтау бюджеті үшін ауқымды қаржы екені басқосуда айтылды.
Дәрілік құралдармен және медициналық қондырғылармен қамтамасыз етудің жаңа жүйесі инвестициялар тартуға, отандық өндірушілерді қорғауды қамтамасыз етіп, жаңа өндірістің дамуына ықпал етеді. Осының барлығы «Қазақстан - 2050» Даму стратегиясына сай келеді және Елбасының Қазақстан халқына арнаған тапсырмалары шеңберінде іске асырылады.
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан».