Қоғам • 12 Қараша, 2021

Интернет-алаяқтық өршіп тұр

481 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде интернеттің заманы болғандықтан, қоғамда оны барлығы дерлік пайдаланады. Түрлі әлеуметтік желілерден бастап, бір затқа тапсырыс беру, құжаттар рәсімдеу, ақша аудару сияқты көптеген жұмыс та осы интернет арқылы жүзеге асады. Дегенмен қарапайым халық үшін мұның пайдасымен қатар, зияны да бар.

Интернет-алаяқтық өршіп тұр

Қазіргі кезде түрлі бұқаралық ақпарат құралдарынан немесе әлеуметтік желілерден интернет алаяқтықтың құрбаны болғандар туралы жиі байқай­тын болдық. Олардың жария­лаған шағымдары да жұрт назарын өзіне аударуда. Шы­нында да, қазір оңай олжаға кенел­гісі келетін, қиналмай-ақ қара­жат табуды мақсат еткен алаяқ­тардың қаптап кеткені рас. Ал олардың құрған қақпанына түсіп қалып, артынан аһ ұрып жатқан қарапайым халық та аз емес. Бұл ретте полиция қыз­мет­керлері алаяқтардың құр­баны болмас үшін тұрғын­дарға қауіпсіздік шараларын сақтауды жиі айтады.

Мәселен, бүгінде Жамбыл облысында интернет алая­қ­тық өршіп тұр деуге бола­ды. Жер­гілікті полиция қызмет­кер­ле­рі аталған күрделі мәселені тоқ­татуға қанша күш салып, жұ­мыс атқарып жатқанымен, мұ­ның әлі де ауыздықталатын тү­рі жоқ. Бір жағынан бұл бес теңгесін оңай жолмен он теңге қылғысы келетін кейбір адамдардың да кінәсі. Сөйтіп, артынан бармақ тістеп, сан соғып қалады. Қоғамдағы осы бір күрделі мә­селе бір күнде шешіле салмай­тыны анық. Осы орайда, қа­рапайым халыққа құзырлы орган өкілдерінің де көмегі қажет. «Бүгінгі таңда та­ралу ауқымы криминогендік ста­тис­тикаға айтарлықтай әсе­рін тигізіп отырған IT-қылмыс­та­рға қарсы күреске ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері еліміздің Ішкі істер министрі­нің бұйрығымен бекітілген ақ­парат­тандыру және байланыс саласындағы қылмыстарға, сон­дай-ақ ақпараттық техноло­гияларды пайдалана отырып жа­салатын қылмыстар­ға қар­сы іс-қимыл бойынша 2021-2022 жылдарға арнал­ған бағ­­дарлама іске асырылуда», дейді облыстық полиция де­пар­­таментінің бастығы, генерал-майор Жанат Сүлейменов. Атап айтсақ, өңірде биылғы 10 айда интернет-алаяқ­тықтың 301 дерегі тіркелген. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 72 пайызға жо­ғары болып отыр. Полиция қыз­мет­керлерінің араласуымен 44 алаяқ ұсталған. Ал оның ішін­де 14 алаяқ еліміздің өзге өңір­лерінің тұрғындары болып шықты.

Сондай-ақ Жамбыл облыс­тық полиция департаментінің мәліметінше, ТМД аумағында ел азаматтарына қатысты интернет желісі арқылы да 82 алаяқтық дерегі тіркеліпті. Көбінесе мұн­дай деректер банк­ карталары мен есепшот­тардан қаражат ұр­лаумен, азаматтардың жеке деректерін алаяқтық жолмен пай­даланумен, тауарларды сату немесе тиісті қызметтерді көр­сету туралы хабарландырулар беру­мен, сондай-ақ ақшаны пай­далы бизнеске салу туралы жар­намалармен байланыс­ты да орын алады екен. Десе де, облыс­тық полиция депар­та­менті қоғамдық орындарда, әлеу­меттік желі­лер­де және бұ­қара­лық ақпарат құрал­да­рын­да профилактика­лық бейне­ро­ликтерді көрсету арқы­лы алаяқ­тардың айла-амалдарынан қорғануға қатысты алдын алу жұмыстарын ұдайы жүр­гізіп келеді. Нәтижесінде, біраз қылмыскер ұсталған. Биыл­дың өзінде алаяқтық сипат­тағы 50-ге жуық хабарлан­ды­ру мен 115 интернет-ресурс көз­дері анықталып, бұғатталған. Со­ны­мен қатар қазіргі таңда өңір­де екінші деңгейдегі банк­тер­дің өкілдерімен кибер­алаяқ­тық­тың алдын алу бойын­ша да бір­лескен жұмыс атқа­рылуда.

Негізінен алаяқтардың бар­­­лық веб-ресурстарды қол­дана алатыны және жалған парақ­шалар жүргізетіні белгілі. Бір сөз­бен айтқанда, интернеттің қыр-сырын өте жақсы біледі. Ал талай жыл маңдай терімен тапқан табысын оңай олжаға кенелгісі келетіндердің қолы­на ұстата салуды ешкім де құп­тамайды. Қазіргі замандағы озық технологияның бірі делі­не­тін интернеттің шара­паты уақыт­ты үнемдеу, қажет­ті мүм­­­кіндіктің бәріне қол жет­­кізу болса, залалы осы алаяқ­­тар­дың қаптап, олар­дың құр­бан­да­рының саны көбейгенінде болып отыр.

 

Жамбыл облысы