Елорда • 12 Қараша, 2021

Әуежайда өткізілген Hi-tech

392 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елорданың бас қақпасы – Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы арқылы күніне 8 мыңға жуық жолаушы ұшып келсе, осыншама адам кері қайтады. Тәулігіне мұнда 160-тай рейс ұшады. Оның 50-і халықаралық. Әуежай – стратегиялық объект. Сол себепті де әуе нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, келімді-кетімді жолаушылардың құқын қорғау көлік поли­циясының негізгі міндетіне айналған.

Әуежайда өткізілген Hi-tech

Еліміздің бас қаласына түрлі мемлекеттен ұшып келген жо­лаушылар ең алдымен ЖПБ по­­лиция қызметкерлерін сын­ға алып, қазақстандық поли­ция қыз­меті туралы пікір қалып­тас­тыратыны анық. Басқаша айт­қан­да, желілік полиция бөлі­мі­нің қызметкерлері жалпы бүкіл ішкі істер органдарының бет пердесі секілді. Сондықтан Нұр-Сұл­тан қаласы әуежайының кө­лік полицейлеріне жүктелген жауап­кершілік те жеңіл емес. Оның бастысы – әуе көлігі нысанында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушы­лықтың алдын алу және тәртіпті сақтау.

Жақында әуежай аумағын­да Hi-tech жедел алдын алу іс-ша­расы өткізілді. 8-14 қараша ара­лы­ғында іске қосылған опе­ра­цияның басты мақсаты – жо­ғары технологиялар саласын­да­ғы қылмыстарға қарсы тос­қауыл қою. Халықаралық әуе­жай­дағы желілік полиция бө­лі­мі басшысының жедел қыз­­мет жөніндегі орынбасары Ердос Балтабаев: «Соңғы уақыт­­та тым көбейіп кеткен ин­тер­нет алаяқ­тығының алдын алудың стра­тегиялық нысанда өткізілетін кез келген ақпараттық, үгіт-насихат жұмыстарының берері мол. Се­бебі әдетте қылмыскерлер арам ойларын іске асыру үшін халық нөпірі қалың жерді таңдайды» дейді. «Қазіргі таңда интернет және телефон арқылы жасала­тын алаяқтықтың түр-түрі шыға бастады. Өтірік жарнама беру, қызмет түрін ұсыну, сату-сатып алу туралы жалған ақпарат таратумен қатар, ұялы телефонға хабарласып, қиын жағдайға тап болғанын айтып, ақшалай көмек сұрайтындар да көбейген. Өздерін банк қызметкері ретін­де таныс­тырып, есепшоттағы ақшаны түрлі сылтау айтып, үшінші бір шотқа аудартып ала­тын әккілер де адам психо­логиясына қалай ықпал ету ке­­рек­тігін жақсы біліп алған. Әуе­­жайда жолаушылар­ға түрлі экс­т­ремистік, террорис­тік, пор­но­графиялық сипаттағы контра­фактілік өнімдерді тарату факті­лерінің алдын алуға да ерекше мән беріледі», дейді полиция под­полковнигі.

Hi-tech-тің басты мақсаты­ның тағы бірі – қатыгездік пен зор­­лық-зомбылықты насихат­тайтын, ­арнайы техникалық құрал­дар ­­мен ұялы телефондарға арнал­ған ­зиянды бағдарламаларды анық­тау. Ал бұл бағытта белгілі бір нә­ти­жеге қол жеткізу үшін компью­тер­дің тілін жетік бі­ле­тін білікті маман қажет екені түсінікті.

«Көлік полицейлері – ішкі істер органдарында халықпен етене жақын жұмыс істейтін са­ла қызметкерлерінің бірі. Сол се­бепті де біздер Hi-tech секілді жедел операциялардың басты мақсат-міндетін жолаушылар ара­­сында жүріп, жан-жақты тү­сіндіреміз, жадынамалар таратамыз. Басты мақсат – елімізге келген қонақтар мен азаматта­рымызды интернет алаяқ­та­ры­­ның қитұрқылығынан сақ­тау, ақпараттық технология­лар са­ласындағы құқық бұзу­шы­лық­тарды дер кезінде анықтап, жолын кесу», деген Е.Балтабаев ин­тернет алаяқтыққа қатысты қылмыс пен құқық бұзушылық туралы ақпарат бергендерге ақ­ша­лай сыйақы төленетінін де еске салып өтті.

Ел көлемінде іске қосылған ­Hi-tech жедел іс-шарасы бары­­­сында 150-ден астам кибер­­қыл­мыс анық­талған болса, оның де­ні интер­нет алаяқтыққа қатысты бо­лып отыр. Операция барысында бұрын жасалған 200-ге жуық қылмыстың да беті ашылған. Ин­тернет пен әлеуметтік желіні жаулап алған қылмыстың бұл түрі құрығына кез келген жас­тағы адамды түсіруі мүмкін. Сол себепті де көлік сақшылары әуе­­­жайға келген әрбір жолаушыны қы­рағы болуға, алаяқтардың оңай әрі тез пайда табасыз немесе арзан болғанымен сапалы қызмет жасалады деген уәдесіне сенбеуге шақырады. Ең бастысы, осындай жағдайлардың барлығын дереу полицияға хабарлау қажет екенін ескертеді.