Ойнап жүріп от басқандар өзінің қателігін түсінуі үшін осыдан үш жыл бұрын Пробация қызметі құрылды. Пробация қызметі – қылмыстық жазалардың қоғамнан оқшауламай орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ пробацияны ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі жөніндегі атқарушылық және өкімдік функцияларды жүзеге асыратын қылмыстық-атқару (пенетенциарлық) жүйесінің органы.
– Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты Түркістан қалалық пробация қызметі бөлімінің есебінде 250 сотталған азамат есепте тұрады. Есептегі сотталған адамдар арасында әртүрлі мінез-құлықты адамдар кездеседі, бірі қылмыс жасағанына өкініп, келтірген залалдың орнын толтырып, түзелу жолына түскен азаматтар болса, енді бірі тәртіпке бағынбай, сот жүктеген міндеттерді атқармай, жаза өтеу ережелерін қаскөйлікпен бұзып, темір торға тоғылып жатқандар да кездеседі.
Өзінің қателігін қайта жасап, қатаң жазаға тағайындалатын адамдар да кездесіп жатады. Осындайда Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Түркістан қалалық пробация қызметіне тіркеуге алынып, жаза өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзған азаматтың қателігін өзгелер қайталамасын деген оймен оқырман назарына ұсынып отырмыз.
2021 жылы бөтеннің мүлкін жасырын жымқырған Д. деген азамат Түркістан қалалық соты бойынша 9 ай 4 күн мерзімге пробация есебіне алынған болатын. Өзіне берілген осындай аз мерзімде құқық бұзушылыққа жол бермей, өзіне жүктелген міндетті орындамаудың салдары қатаң жазаға алып келіп соғатынын әсте ойламаса керек. Ол ҚК-нің 300-бабы бойынша жазаға тартылған-ды Өзінің қоғамға келтірген зиянды әрекетінен сабақ алмай «Учаске» профилактикалық іс-шара барысында тіркелуге келмей, кешкі уақытта тұрғылықты мекенжайында болмай, сондай-ақ ақысыз еңбекті орындаудан бас тартқан.
– Түркістан қалалық пробация қызметінің есебіне алынған алғашқы күні бұл азаматқа өзінің құқықтары мен міндеттері түсіндірілген. Алайда ол жаза өтеу барысында өзіне сотпен берілген мүмкіндікті тиісті деңгейде орындамады. Оған жаза өтеу тәртібі мен шарттары түсіндірілгеніне қарамастан, бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, белгіленген уақытта үйінде болмай, профилактикалық іс-шараларға қатысу үшін есеп беруге келмей, сот жүктеген міндеттерді орындамай жаза өтеу тәртібін қасақана бұзғаны үшін және алдағы уақытта жаңадан қылмыс жасауының алдын алумен оның түзелу жолына түсуіне ықпал жасау мақсатында, пробация қызметінің ұсынысы қанағаттандырылып, сотталушы азаматтың жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, жазаны Қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеу белгіленді, – деді Түркістан қалалық пробация қызметінің инспекторы, әділет аға лейтенанты Жасұлан Шәріпов.
Бауыржан Момышұлы атамыздың: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген ұлағатты сөзін еліміздің әрбір азаматы есте сақтаса екен. Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, әрбір Қазақстан Республикасының азаматы бірінші кезекте Ата заңымызды, сонымен қатар барлық іргелес заңда көрсетілген талаптарды сақтап, артымыздан өсіп келе жатқан жас ұрпаққа өнеге және үлгі болуы керек.