Әдебиет • 12 Қараша, 2021

Жазушылық ғадеттер: Таңданыс пен талғам

366 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әдебиет тарихында ақын-жазушылардың бойындағы қызық, бәлки оғаш, кейде қорқынышты, ерек ғадеттері мен іс-әрекеттері жиі кездеседі. Шығармашыл адамдардың бұл біртүрлі мінездері – бар болмысы, өмірдегі шынайы қалпы. Кейде оқырман оларды осы тосын мінездері үшін, таңғаларлық әдеттері үшін жақсы көреді. Кейде түсінбей, шошып түседі. Ал бірде әдебиетке құбылыс болып енген классиктердің әр әрекеті мен түр-тұлға, киім киісі жалпыхалықтық еліктеуге айналады. Жазушылардың ерекшелігі де сонда шығар...

Жазушылық ғадеттер: Таңданыс пен талғам

«Ада» және екі мың карта

Егер сіз жазушы болсаңыз, мезетте ойға келген сюжеттерді қағазға түртіп аласыз ба? Немесе Асқар Сүлейменов сияқты кей сөздерді шақпақ сыртына жазасыз ба? Бәлки, плакатқа, конверт сыртына...

Ал Владимир Набоков ойға түскен сюжет үзінділерін ықшам карталарға жазғанын білеміз. Бұл ғадет жазушы 1940 жылдары Гарвард университетінің Салыстырмалы зоология мұражайының ғылыми қызметкері (әрі оқытушы) болып жүргенде пайда болған. Сол себептен Набоков ғылыми кітапханаларда көп уақыт өткізді.

Жазушы бұл туралы 1966 жылы Альфред Аппелге берген сұхбатында айтады: «...Мен бұрыннан жаңа шығармаға кірісерде романның толық құрылысын көз алдыма елестетемін. Мұндай машыққа кітапханалық карталар өте ыңғайлы. Олар тараулардың ретін ұстануға емес, кез келген тұсқа қатысты үзінді жасауға немесе бұрын жазылған бөліктер арасындағы бос орындарды толтыруға мүмкіндік береді».

Автор жазылған карталарды өз ретімен аяқ киім қорабына жинап отырды. Яғни Набоков шығармаларының түпнұсқасы осылай сақталған. Мәселен, жазушы «Ада» романына 2 000 карта жұмсаған.

Лимонад ішіңіз!

Пушкин кез келген ауа райында суға түсіп, сыған әндерін тыңдағаннан бөлек жұмыс кезінде лимонад ішкенді жақсы көріпті. Сондықтан ақынның жұмыс үстелінде әрқашан бір құмыра лимонад тұратын.

Пушкиннің лицейдегі досы Константин Данзастың естеліктеріне сүйенсек, ақын Дантеспен дуэльге бара жатқанда жолдан кондитерлік дүкенге соғып, бір стақан лимонад ішкен деседі.

Қылмыстан ақша тапқан...

Ал Агата Кристи алма мен ыдыс жуудан шабыт алған. Кісі өлтіру көріністері көбінесе жазушы қиялында кезекті бір табақты жуу кезінде пайда болса, ол сюжетті дамытуға өте көп жеген алма көмектескен.

Детектив шебері кез келген жағдайда жаза алды. Тіпті, кейде оның үйінде жұмыс үстелі де болмады. Бірақ соған қарамастан ол 66 роман, 19 әңгімелер жинағын жазды (одан бөлек Лондон театр­ларында жазушының 16 пьесасы қойылды). Осы орайда Черчилль: «Бұл әйел – Лукреция Борджиядан кейінгі қылмыстан ең көп ақша тапқан адам», дейді.

Шиллердің шіріген өзегі

Агата Кристи бүтін алманы жегенді ұнатса, неміс ақыны Шиллер шіріген жемістерді жақсы көрген.

Иісі жүрек айнытарлық халдегі шіріген алманы ең алғаш Гете байқапты. Бірде Фридрихке қонаққа келген ол автор үстелінің бір қорабындағы толған бұзылған алманың иісінен жүрегі айнып, басы айналады. Ашық тұрған терезеге тұра жүгірген Гете үй қызметшілерін шақырыпты. Алайда олар бұл шіріген алманың әдейі қойылғанын, әйтпесе жазушы жұмыс істей алмайтынын айтады. Осы оқиғадан кейін Шиллердің бұл біртүрлі әуесін түсіндіруден басқа амалы болмаған.

Шиллердің өзі жазғанындай, «ол өзіне мәңгілік жұмбақ» болды. Бізге де...

Диккенстің дені «сау ма»?

Чарльз Диккенстің мәйітханаларға деген құштарлығы сау адамның зәресін ұшырады. Оның бұл ғадеті шығармаларына да әсер еткендей: онда әзіл де, қорқыныш та тереңінен берілді, ал жылт еткен үміт әрқашан өзін өзі құрдымға жіберумен қатар жүрді.

«Көзге көрінбейтін беймәлім бір күш мені мәйітханаға тартады да тұрады», деп жазады Диккенс. Қай қалаға барса да, бірінші мәйітханаға соғып, ондағы суып қалған денелердің арасында бірнеше сағат уақыт өткізіп, өлілерге «сүйсінеді» екен. Бойындағы біртүрлі ғадетті өзі «жиіркеніш тартылысы» дейді.

Десек те, XIX ғасырда мәйітхана аралау – бүгінгі киноға бару сынды қарапайым жер болған. Түрлі ойын-сауықтан шаршаған, «тәттіге деген қорқынышты әңгімелерге» шөлдеген париждіктердің өздері Сенадан ұсталған суицид жасаушылар мен суға батқан адамдарды көруден бас тартпады.

Дегенмен, Диккенстің өлі денелерге деген құмарлығы қарапайым қызығушылықтан асып түседі. Ол, тіпті Рождествоны да, Жаңа жылды да мәйітханада өткізді.

Туған жері Ұлыбританияда да жазушы «бос жүрген» жоқ: полиция қызметкерлерімен бірге суға батқандарды жағаға шығаруға көмектесті.