Білім • 12 Қараша, 2021

Қазақстандықтар жатақхана құрылысына инвестор бола алады

269 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандықтар студенттік жатақханалар құрылысына инвестиция сала алады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандықтар жатақхана құрылысына инвестор бола алады

Жатақханадағы орын тапшылығы мәселесі барлық өңірлер үшін өзекті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, республика бойынша жатақханаға мұқтаж студенттер саны 62 мыңнан асады. Жатақханаға негізгі сұраныс Алматыда – 22 мың орын және Нұр-Сұлтанда – 17 мың орын. ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылдан бастап мектеп бітірушілер санының айтарлықтай өскені байқалады.

Мәселен, биыл 163 мыңнан астам адам мектеп бітірсе, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 302 мыңға жетуі мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін әрбір заңды тұлға (мемлекеттік мекемелерді қоспағанда) студенттерге арналған жатақхана салып, табыс ала алатын механизм әзірленді.

Мәселен, жобаға қатысуға ниет білдірген құрылыс салушы өз қаражатына нысан салып, 8 жыл ішінде пайдалануға берілгеннен кейін әрбір нақты алған төсек орын үшін мемлекеттен төлем алады. Мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдерден бөлек, инвестордың өзі әрбір студент тұру үшін орташа есеппен 15-20 мың теңге төлем алады (құны өз бетінше анықталады).

Сондай-ақ инвестор үшін «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы 2020-2025» («Даму» қоры) шеңберінде 9%-ға дейінгі банктік несиені субсидиялау және дайын жобалық-сметалық құжаттаманы ұсыну (стандартты және жеке жобалар) сияқты қосымша мүмкіндіктер қарастырылған.

«Сондай-ақ инвестор коммерциялық кеңістіктен қосымша табыс ала алады, яғни жатақхана базасында асхана, шаштараз және басқа да шаруашылық нысандарын ашуға болады», делінген хабарламада.