25 Ақпан, 2014

Ілгерілеушілік бар екені аталды

285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі БҰҰ комитеті гендерлік теңдік саласында Қазақстанның халықаралық міндеттемелерді орындағанын атап өтті. Женевада өтіп жатқан Әйелдерге қа­тыс­ты кемсітушілікті жою жөніндегі БҰҰ коми­тетінің 57-сессиясы шеңберінде Қазақ­стан Республикасының Әйелдерге қатысты кем­сітушіліктің барлық формасын жою жөніндегі конвенция қағидаларын іске асыруы туралы 3 және 4 құрама мерзімді баяндамалардың қорғалуы өтті. Қазақстандық делегация басшысы – Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы М.Бекбосынова БҰҰ комитеті мүшелерінің назарына соңғы жылдардағы өзгерістер есебімен біздің елде жүргізіліп жатқан гендерлік саясат туралы баяндаманы ұсынды. Қазақстан делегациясының мүшелері комитет сарапшыларын Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси саласындағы маңызды және ілгерінді өзгерістері жөнінде хабардар етті. Атап айтқанда, «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жыл сайынғы халыққа Жолдауында Елбасы Қазақстан дамуының басымдықтары ретінде бүкіл әлем елдері үшін  ең қауіпсіз және жайлы мекен, сондай-ақ, медициналық туризмнің жетекші еуразиялық орталығын құруды ілгерілеткені атап өтілді. Бұл, өз кезегінде, өмір сүру сапасының жақсаруы мен ұзақтығының артуына, демографиялық өсімге, білім беру мен денсаулық сақтау саласында әлемдік стандарттарға жетуге, тұрғын үйдің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ, азаматтарды қылмыстардан қорғауға бағытталған жүйелі өзгерістерді болжайды. Өз түсініктемелерінде комитет мүшелері гендерлік теңдікті сақтау мәселесінде Қазақстанның едәуір ілгерілегенін атап өтті. Атап айтқанда, мәжілісте төрағалық еткен Францияның тәуелсіз сарапшысы Николь Эмелин қазақстандық тарап комитеттің ұсыныстары мен ескертулерін орындауға жауапкершілікпен қарағандығын мәлімдеді. «Егемен-ақпарат».