Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, кенттер мен ауылдардың әкімдері үшін Өңірлік мемлекеттік қызметшілерді оқыту орталықтарына онлайн-трансляцияны қолдана отырып, біліктілікті арттыру семинары алғаш рет өткізілуде, деп хабарлады академияның баспасөз қызметі.
Семинарға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Ә.Байменов, Академия ректоры Б.Әбдірәсілов, Қаржы вице-министрі Р.Дәленов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі К.Әбсаттаров, сондай-ақ, Қаржы министрлігі, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Өңірлік даму министрлігі, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ департаменттері мен басқармаларының басшылары қатысуда.
Мемлекет басшысының 2013 жылғы қазан айында «А» корпусының мемлекеттік қызметшілерімен өткен жиналыста берген тапсырмасында атап көрсетілгеніндей, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында 24-25 ақпанда аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, кенттер мен ауылдардың 300 әкімі үшін біліктілікті арттыру семинары алғаш рет өткізіліп отыр. Онлайн-трансляция режімінде 15 өңірлік мемлекеттік қызметшілерді оқыту орталықтарында (ӨОО) екі мыңнан астам әкім осы семинардың қатысушылары болуда.
Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, кенттер мен ауылдардың барлық әкімдері өңірлік мемлекеттік қызметшілерді оқыту орталықтарында академияның ӨОО-мен және Еуропалық Одақ жобасымен бірлесіп әзірленген және облыс әкімдерімен келісілген 80 сағаттық Үлгілік бағдарлама бойынша оқытылуда.
Екі күндік семинар барысында ауылдық округтер, кенттер мен ауылдардың әкімдері Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында бекітілген бағыттардың басымдықтарымен танысатын болады.
Семинар тыңдаушылары жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін өзі басқарудың салық салу, бюджеттеу, халықты жұмыспен қамту, халықтың жиналыстарын ұйымдастыру мәселелеріндегі 67 функцияны іске асыру бойынша білім алады. Бұдан өзге, семинарда ауылдық округтер, кенттер мен ауылдар әкімдерінің бірқатары өңірлердегі өздерінің оң жұмыс тәжірибесі туралы ақпараттарымен бөліседі.
Оқудың нәтижесі бойынша сертификаттар беріледі.