Орталық коммуникациялар қызметінде Өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғарин мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Сұлтанғазиев баспасөз мәслихатын өткізді.
Онда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы жүктеген тапсырмаларды орындауға қатысты қабылданған шаралар жөнінде айтылды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудың басым бағыттарының бірі бизнеске қатысты болатын. Онда Өңірлік даму министрлігіне әкімшілік және рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыру жүктелген. Сөйтіп, азаматтарды кәсіпкерлікке ынталандыру қажет. Бұл бойынша С.Жұманғарин баяндама жасады. «Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында бизнес қауымдастықтар өкiлдерiнен арнайы құрылған сараптамалық топ бизнестiң дамуына кедергi келтiретiн жеке нормаларды алып тастау немесе өзгерту бойынша 231 ұсынысты талдады. Әр ұсынысты мүдделi мемлекеттiк органдар талқылады. Олардың iшiнде 96 ұсынысты орындау мақұлданды. Таяу арада 8 кодекске, 55 заңға және түрлi деңгейдегi 30 заңға тәуелдi нормативтiк-құқықтық актiге өзгерiстер енгiзудi көздейтiн тиiстi құжаттар әзiрленетiн болады», дедi вице-министр.
Қазіргі таңда еліміздің қай мекенінде де кәсіпкерлікпен шұғылдануға Үкімет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын тәптіштеген баяндамашы, осы уақытта Астана, Алматы, Семей қалаларында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеп тұрғанын көлденең тартты. Ол орталықтар бүгінге дейін 22 мыңнан астам қызмет көрсетіп үлгерген. Нақтыласақ, 9 мың шағын және орта бизнес субъектілері мен әлеуетті кәсіпкерлер орталық қызметін пайдаланыпты. Бұйыртса, алдағы күнде кәсіпкерлерді қолдау орталықтары барлық облыс орталықтарына орын теуіп, бизнеспен айналысам деген әрбір азаматқа жан-жақты қолдау көрсетпек екен. Осы маңыздарды нықтаған С.Жұманғарин өткен жылдың соңына таман Мемлекет басшысына ұсынылған business.gov.kz бірыңғай бизнес-порталы таныстырылғанын тілге тиек етті. «Порталда онлайн консультант қызметі орналастырылған. Ол бойынша бизнесмен 24 сағат бойы кепілдендірілген түрде кез келген сұрақтарға жауап ала алады. Онда кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілерді талқылау мүмкіндігі қарастырылған. Ендігіде кез келген кәсіпкер осы қызметті пайдаланып, жұмыс істей алады», деді вице-министр.
Бүгiнгi күнi «Бәйтерек» холдингi қайта өңдеу секторындағы шағын және орта бизнес жобаларын несиелендiруге «Даму» қоры арқылы 200 млрд. теңге бөлудi қарастырып отыр, деп бастады сөзін Қ.Сұлтанғазиев. Оның сөзіне зер салсақ, қаржы екiншi деңгейлi банктер арқылы бөлiнетiн болмақ. Мұнымен бірге, банктер тарапынан жобаларды тең қаржыландыру мүмкiндiгi де қарастырылып жатыр екен. Яғни қор арқылы берілетін 200 млрд. теңгенiң үстiнен банктердiң тағы да 200 млрд. теңге қосымша қаржыландыруын ұсынып отырған көрінеді. Мұндағы ескеретін жағдай – банктер тарапынан қаржы нарықтық шарттарға сәйкес тартылатын болады.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».