Қоғам • 12 Қараша, 2021

Шетелдік көліктерді тіркеу алымы неге қымбат?

450 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шетелдік көліктерді тіркеу алымы неге қымбат?

Шетелден әкелінген көлікті алғашқы тіркеу алымы неге жоғары? Оның ақшасы қайда түседі? Мемлекеттік кірістер комитеті ұйымдастырған бейнеконференция форматындағы онлайн брифингіде сала мамандарына осындай сауал қойылды.

«Барлық алым-салық сияқты мемлекеттік тіркеу алымы да мемлекеттік бюджеттің қазанына түседі. Бұл алымдардың мөлшері Салық кодексінде белгіленген. Оның көлемін мемлекеттік кірістер органдары белгілемейді. Өйткені салық саясаты біздің комитеттің құзырына кірмейді. Біз салықты әкімшілендіру шараларын ғана жүргіземіз», деген комитет өкілі алғашқы тіркеу алымының мөлшері қалай есептелетінін түсіндірді.

«Алғашқы мемлекеттік тіркеу алымы көлікті тіркеген кезде төленеді. Тіркеу жасаған кезде ішкі істер органдарының өкілдері осы төлемді талап етеді. Байқасаңыздар, алғашқы тіркеу алымының құны көліктің шығарылған жылы ескірген сайын жоғары бола түседі. Зауыттан шыққанына 3 жылдан артық уақыт өткен шетелдік көлік әкелсеңіз, алғашқы тіркеу алымы 1,4 млн теңгеден асады. Ал су жаңа көлік әкелсеңіз, тіркеу алымын төлемейсіз. Яғни, ескі көліктерді әкелмеу мақсатында осылай жасалған», деді Айнұр Сартаева.