25 Ақпан, 2014

Қош, Сочи! Көріскенше, Ақ Олимпиада!

248 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Бітті. Тура он сегіз күн мен түнге созылған Сочи Олимпиадасы өз мәресіне жетті. Ол спорт атты салиқалы сайыстың адамдар арасындағы пендешіліктерден туатын өркөкіректіктер мен өктемдіктерден өзінің бек жоғары тұрғанын көрсетті. XXII Қысқы Олимпия ойындары базбір батыс саясаткерлері алдын ала аттандап сәуегейлік жасағандай, сыпыра сәтсіздікке де ұшыраған жоқ. Керісінше, Адлердің атырабы олимпиялық қозғалыстың идеясын өзінен бұрынғы Ойындардан да жоғары белеске көтеріп кетуімен ерекшеленді. Бұған Олимпиаданың көрігін қыздыруға 88 елден 2657 спортшы келгені, Ванкувердегіден 6 спорт сайысы мен 12 медаль жиынтығының көптігі, ал жарыстар кезінде 8 олимпиялық рекордтың тіркелгені толық дәлел бола алады. Бүгінде тарихтың қойнауына қарай ақырын жылжып кетіп бара жатқан Ақ Олимпиада ақырғы сәтіне дейін қатысушы командалардың топ басына таласушылығымен өтті. Қысқа күнде қырық құбылған бәсірелі бәсекенің безбені соңғы сәттерге дейін кімнің көмбеден маңдайы жарқырап бірінші болып өтетінін білдіре қоймады. Мұны Ойындардың 21 ақпан, жұмадан бергі үш тәуліктегі сайыстары анық көрсетті. Ақыр соңында осы күндердің әр тегершігінде екі-екіден, жалпы саны 6 алтын медальді қоржынға түсірген алаң иелері – Ресей құрамасы ресми емес командалық есепте бірінші орынға барып орнықты. Осынау ұлы көште Қазақстан жасағы медальдарға қолдары жеткен 26 елдің қатарынан табылды. Сочи-2014 жабылуы-2 Жарыстың жабылуы жарқырап өтті Шындығында, Сочи Олимпиа­дасы барлық жағынан алғанда да өзінің алдындағы Ойындардан бір иығы биік деңгейде көрінді. Оны Олимпиада қозғалысына қатыстары бар мамандардың бар­лы­ғы айтуда. Бұдан бірнеше күн бұрын Халықаралық Олимпиада комитетінің Ойындарды өткізу жөніндегі атқарушы директоры Жильбер Филли осындағы бұқа­ралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесуінде Олимпия ойындарының өту барысына өте жоғары баға берген болатын. Ал Ойындардың жабылу рәсімінде ХОК президенті Томас Бах: «Кімде-кім Ресейге алдын ала жаулықпен қарамайтын болса, сөз жоқ, ол бұл елдің табысты да достық рәуішті, патриот та жұрттың бәріне ашық жаңа бет-бейнесін көрді», дегенді қадап айтты. Салтанаттың басты «тұздығы» бірнеше жылдан бері таңдап алынған мың адамдық балалар хорының өнер көрсетуінен көрінді. Оны әлемдегі ең таңдаулы дирижерлердің бірі, Мария театрының көркемдік жетек­шісі Валерий Гергиев дайындады. Бұдан әрі шоудың орыс мәдениетіне арналған көркем бөлігі қанатын жайды. Ол кескіндеме, музыка, театр, әдебиет және цирк өнері жайы­нан сынамалап сыр шертті. Осылардың бәрінің соңында стадион үстінде Оңтүстік Кореяның жалауы желбіреп, екі баланың орын­дауында осы елдің гимні шыр­қал­ды. Ал Сочи қаласының мэрі Анатолий Пахомов Олимпия туын ХОК президентіне қайтарып берді. Өз кезегінде Томас Бах оны 2018 жылғы Қысқы Олимпиада астанасы – Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласының мэріне ұстатты. Ал соңынан ХОК президенті Сочидегі Қысқы Олимпия ойындарын жабық деп жариялады. Шорт-трекшілер жүлдеге шақ қалып еді... Ойындарда ақпанның 21-і күні өткен жарыстарда шорт-трекші­лердің сайыстарының ерекше орны болды. Ол Ресей құрамасының соңғы күндердегі үлкен бетбұрысын бастап берді. Алдымен ресейлік Виктор Ан 500 метрге жүгіруде Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алып, осымен бұл Ойындарда екінші мәрте чемпион атанды. Мұның алдында ол 1000 метрлік қашықтықта алтын, 1500 метрде қола жүлде алған. Екінші орынды қытайлық У Дацзин жеңіп алса, үшінші орынға канадалық Чарли Корнайер орналасты. Осының артынша шорт-трек­шілердің эстафетасы басталды. Құрамында Семен Елистратов, Владимир Григорьев, Виктор Ан және Руслан Захаров сынды спортшылар болған ресейліктер командасы мұнда да алдарына жан салмады. Осылайша, Виктор Ан Сочидегі Олимпия ойындарының үш дүркін чемпионы, жалпы төрт медальдің иегері атанды. Сөйтіп, үш мәрте чемпиондық жағынан белорус биатлоншысы Дарья Домрачеваға қуып жетті. Ол, сондай-ақ, шорт-тректе бес дүркін Олимпиада чемпионы атағына қол жеткізген, барлығы алты медаль жеңіп алған бірінші саңлақ атанды. Олай болатыны, таяу­да ғана Ресейдің азаматтығын алған Виктор осы Ойындарға дейін өзінің туған елі – Оңтүстік Корея құрамасы сапында үш рет Олимпиада чемпионы болып қойған еді. Ал осындай спортшының шетелге кетуіне жол беріп алған Корея спорт министрі Ойын күндерінде қызметімен қоштасуға мәжбүр болыпты. Бұдан бұрын жазғанымыздай, шорт-тректен ерлердің эстафета жарысы финалына біздің Абзал Әжғалиев, Айдар Бекжанов, Денис Никиша және Нұрберген Жұма­ғазиев есімді жігіттеріміз шыққан болатын. Басында финалға төрт құраманың қатысатыны айтыл­ғанымен, соңынан бұл қатарға АҚШ командасының да қосылғаны белгілі болды. Сол бестіктің бәйгесінде спортшыларымыздың үштіктің үйіріне еркін еніп кететіндей мүм­кіндігі болды. Бұған спортшылар сөреден шыққан бойда голландиялық және қытайлық трекшілердің бір-бірлерімен соқтығысып, құлап қалғандары әдемі жол ашты. Әттең, олар қарсыластарының өздері беріп тұрған сол мүмкіндікті пайдалана алмады. Сөйтіп, алғашқы орынды Ресей құрамасы еншілесе, екінші сатыға АҚШ жігіттері жайғасты. Содан соңғы белестерге Қытай және Голландия жасақтары табан тіреді. Ауыздағыдан айырылып қалды деген осы! Сөздің ретінде айта кетейік, атал­ған бірнеше алтын медальдің арқасында 21 ақпанның түнінде командалық есепте екінші орынға шыққан Ресей құрамасы 22 ақ­панда тағы осындай екі жоғары наградаға қол жеткізіп, топтың ба­сына топ етті. Бұған жолды мұның алдында қатарлас слаломда жеңіске жеткен сноубордшы Вик Уайльд жалғап берді. Бұдан екі жыл бұрын Ресей азаматтығын алған бұрынғы америкалық жігіт Сочиде екі рет чемпион атанған Дарио Колонья, Ирен Вюст, Ка­мил Стох, Мартен Фуркад және Тина Мазе секілді саңлақтардың қатарына қосылды. Ал түннің жарымына қарай 4х7,5 шақырымға жүгірген Алексей Волков, Евгений Устюгов, Дмитрий Малышко және Антон Шипулин сынды биатлоншы жігіттер екінші алтын медальді алып берді. Айналып келгенде, Ресей құрамасы 11 алтын, 10 күміс және 8 қола, барлығы 29 медаль жинап, КСРО құрамасының 1988 жылы Калгаридегі соңғы толымды табысын қайталады. Ол, сонымен қатар, 1992 жылы Лиллехаммерде алған 11 алтын медалі мен бірінші орнына қайта жетті. Бірақ алаң иелері мұнымен де тоқталмады. Олар 23 ақпан күні күтпеген жерден қоржынға тағы екі алтын медаль түсіріп, жеке-дара алға шығып кетті. Олар мұны шаңғышылардың 50 шақырымға еркін әдіспен жүгіруінде тұғыр басын түгел жеңіп алуымен бастаса, соңынан бобслейшілер командасы топ жарып шығып, алтын медаль  санын 13-ке апарып бір-ақ кідірді. Сөйтіп, ресейліктер 13 алтын, 11 күміс және 9 қола, барлығы 33 медальмен КСРО құрамасы кезіндегі де, өздері егемен ел болғалы бергі кезеңдегі де рекордтарын жаңартты. Биатлоншылар тағы батылдық танытпады Ақпанның 21-інде өткен әйел­дердің 4х6 шақырымдық биатлон жарысы да ерекше есте қалатын оқиғаларының бірі болды. Ол бізге екі түрлі мәселесімен әсер етті. Бірін­шіден, оның қорытындысында қазіргі күндері елінің іші ала тайдай бүлініп жатқан Украина қыздары үл­кен ерлік жасап, алаң иелерімен кес­кілескен таласта бірінші орын­ды жұлып әкетті. Екіншіден, осы сайысқа Қазақстан құрамасы да қатысып, біршама тәуір өнер көрсетті. Ал жарыстың басы қыздар үшін өрекпіген көңіл, өлеусіреген үміт жағдайында басталды. Неміс аруларын Эва Захенбахер-Шетеленің допингпен ұсталғаны туралы хабар ұшырып түсірді. Осыны естіген 19 жасар Франциска Пройс қар үстінде шалынып құлады. Сонда мылтығының ұңғысына қар кептеліп қалған ол бірінші атыс шебінде нысананы көре алмай көп жатты. Германия құрамасы бірінші кезеңді осылай өз қолынан берді. Француз қыздары тіпті көмбенің де соңына жете алмай кетті. Трасса үстінде қарға аунап құлаған Мари-Лор Брюнені сосын зембілмен ғана алып кетуге тура келді. Кейін бұл елдің журналистері спортшының атыс кезінде жүрегі айнығанын айтты. Ол әбден күш-қуатын жоғалтып алған сияқты. Сонымен бірге, бұған дейін екі дүркін чемпион болып үлгерген отандасы Мартен Фуркад секілді оны да өкпе індеті алып ұрған деген күдік бар. Міне, осындай кіл құлағандар арасынан қазақстандық қыздар да аман кетпеді. Оған басқа емес, осы төрттіктің тәжірибелісі Елена Хрусталева ұрынып қалды. Кейін осы келмеске кеткен қымбат уақыттың өтеуін Елена Лебедева, Галина Вишневская, Дарья Усанова есімді қалған жерлестеріміз қайтара алмады. Ақырында біздің төрттік 12-орынға ғана табан тіреді. Осы аласапыранда арындары қайтпай, табандылық пен ұйым­шылдық танытқан украин қыздары болды. Соңғы жылдары тұрағы қалыптасып, ынтымағы жарасқан команда ретінде көрініп келе жатқан Елена Пидгрушна, Юлия Джима, егіздер Вита және Валя Семеренко құрамындағы қыздар жарыс басталғаннан бәйге төрін бермеуге берік байлам жасағанын байқатты. Бұл күні олардың сол мақсаттарына анық жеткелі тұрғандары екінші кезеңнен кейін белгілі бола түсті. Тек үшінші кезеңнің басында ғана Валя Семеренко бәсекелестеріне уақыт алшақтығын қысқартып жіберулеріне мүмкіндік беріп қой­ған. Бірақ соңынан оқтарын түгел нысанаға дөп тигізді де, көмбенің сызығын елден бұрын еңсеріп кетті. Отандарында жантүршігерлік оқиғалар болып жатқандықтан шығар, украин қыздары бұл жалаулы жеңісті көңілдерін босатып қарсы алды. Бірақ соңынан журналистермен кездесуге команда капитаны Елена Пидгрушная тастүйін болып келді. Ол келген бойда Киевтегі жаппай тәртіпсіздік кезінде Тәуелсіздік алаңында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алуды өтінді. Өзінің осы әрекетімен ол команданың нағыз лидері қандай болуы керек екенін танытты. Бұдан кейін спортшы жауаптарының көпшілігі жиналғандардың қол шапалақтауымен өрнектелді. Ол өз сөзінде күйеуінің саясаткер екенін айта келіп, қазіргідей қиын кездің өзінде алыста жатып-ақ ылғи қолдау жасап отырғанын жеткізді. Ал журналистердің бұл жеңісті кімге арнайтындары туралы сұрағына: «Жеңісті Украинаға арнаймыз. Бұл – украин биатлоны тарихындағы ең алғашқы алтын медаль, ол сондықтан да біз үшін аса маңызды оқиға болып табылады», деп жауап қайтарды. Сенбі күні Олимпиадада сегіз медаль жиынтығы сарапқа түссе, соның екеуіне біздің бұрымдылар ат қосты. Солардың біріншісі – сноубордтың қатарлас слаломында Валерия Цой 32 бәсекелестің соңын тұйықтап берді. Келесі сайыс – шаңғышылардың 30 шақырымдық қашықтыққа еркін әдіспен масс-стартында 57 қарсыластың арасында Елена Коломина көмбеге 48-болып келсе, Татьяна Осипова одан үш орын кейін тұрды. Ал алғашқы үш орынды Норвегия құрамасының қыздары жеңіп алып, тұғырды түгел жаулап алғандар санын жетеуге жеткізді. Олимпиаданың ең қызықты да тартысты турнирлерінің бірі хоккей додасы болды. Оның 21 ақпанда ойналған жартылай финалында Швеция Финляндияны – 2:1, ал Канада АҚШ-ты 1:0 етіп ұтып, финалға шыққан еді. Өзіміз барып тамашалаған бұл матч­тар қатты тіреспен өтті. Келесі, 22 ақ­пан күні үшінші орын үшін таласта финдердің америкалықтарды 5:0 етіп талқандағанын да көрдік. Соңында жарыстың жабылуы алдында ойналған Канада және Швеция құрамаларының финалдық кездесуінде хоккей отанының командасы 3:0 есебімен жеңіске жетіп, Ванкувердегі табысын қайталады. Осымен, Сочи Олимпиадасы өзінің тарихи миссиясын толық орындап, алдағы Олимпиадаға аманатын тапсырды. Енді, қош, Сочи! Көріскенше, Ақ Олимпиада! – дейміз. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» – Сочиден.