Тұрғындар 12 қараша күні күндіз Қызыл кітапқа енген дуадақты 1В шағын ауданындағы «Тас сарайы» құрылыс материалдары дүкенінің аумағында орналасқан көлік жуу орнынан байқаған. Мұндай құсты алғаш рет көрген тұрғын оны бейне таспаға түсіріп алған. Сонымен қатар ол дуадақтың аяғында арнаулы белгі болғанын айтады. Дәл осы бейне таспа облыстық аумақтық инспекциясының да назарын аударды.
Инспекция мәліметінше, бейне таспадағы құс - Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген дуадақ. Жыл сайын халықаралық келісімшартқа сәйкес Шымкенттегі тәлімбақта өсірілген дуадақтар арнаулы рейспен Маңғыстау облысына жеткізіліп, табиғат аясына жіберіледі. Осы жылдың шілдесінде және қыркүйегінде Маңғыстау облысына 2 мың дуадақ жеткізіліп, табиғи ортаға жіберілген.