Өнер • 14 Қараша, 2021

«Түркі әлемінің фильмдер қоры» құрылады

430 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

13 қарашада Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Түркия астанасы  Стамбұл қаласындағы Ататүрік мәдениет орталығында өткен Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалінің жабылу салтанатына қатысты, деп жазады Egemen.kz.

«Түркі әлемінің фильмдер қоры» құрылады

Кинофестиваль Түркі әлемінің мәдени құндылықтарын жүзеге асыратын кино туындыларымен таныстыру, түркі тілдес елдер арасындағы ынтымақтастықтың мәдени және көркемдік мүмкіндіктерін нығайту, сондай-ақ ортақ тарихи, мәдени және қоғамдық құндылықтарды кино өнері арқылы дамытуға үлес қосу мақсатында өткізілді.

Кинофесивальға қатысушы елдер арасында Түркі мәдениетін, тарихын және салт-дәстүрін бейнелейтін құндылықтарды әлемде ілгерілетуде маңызды рөл атқаратын жобаларды іске асыру үшін «Түркі әлемінің фильмдер қорын» құруға уағдаласты.

Осы декларацияға сәйкес тараптар түркі әлемінің өнері мен мәдениеті саласындағы ынтымақтастық үшін мүмкіндіктерді арттыру мақсатында Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалін іске асыруға ықпал ететін болады.

Кинематография саласындағы бірлескен декларацияға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Әзірбайжан Республикасының Мәдениет министрі Анар Кәрімов, Қырғызстан Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Азамат Жаманқұлов, Түркияның мәдениет және туризм министрі Мехмет Ерсой, Өзбеккино Ұлттық агенттігінің бас директоры Фирдавс Абдухаликов қол қойды.

Фестивальге Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Саха және Гагаузия елдерінен 100-ден астам халықаралық продюсерлер, режиссерлер мен актерлер, сондай-ақ елімізден КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев, киностудияның өндіріс бойынша вице-президенті Айдар Баталов, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕҚ Бас продюсері Адай Әбілдинов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Рүстем Әбдірашев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Берік Айтжанов, актриса Альмира Тұрсын және Мадина Есманова, режиссер Нұрғиса Әлмұрат, продюсер Нұрлан Қоянбаев сынды тағы да басқа кино майталмандары қатысты.

Айта кетейік, аталған фестиваль шеңберінде Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі, Рүстем Әбдірашевтың «Қазақ хандығы. Алтын тақ» көркем фильмі, Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» фильмі, режиссер Бақыт Қайырбековтың «Құтыда жанған алау» фильмі, Адай Әбелдиновтың «Күлтегін» тарихи толықметражды анимациялық фильмі көрсетілді. Сонымен қатар кинофестиваль барысында қазылар алқасының назарына толық метражды 8 фильм және деректі жанрдағы 9 фильм ұсынылды. Фестиваль аясында конкурстан тыс 25 фильм көрсетілді.

Іс-шара барысында сөз алған Ақтоты Райымқұлова Түркі елдерінің басын қосып, Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалін ұйымдастырған Түркия Республикасының басшылығына және Мәдениет және туризм министріне, ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға қазақ елінің және кино майталмандарының атынан үлкен алғысын жеткізді.

«Қазақ пен Түрік халықтарының тарихи тамырластығы ғасырлар қойнауынан бастау алады, тіліміз бен мәдениетіміз жақын, құндылықтарымыз бен дүниетанымымыз ортақ. Тарихтың терең қойнауынан бастау алып бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан мәңгілік бауырластық байланыстардың осындай жарқын үлгісі біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың жан-жақты дамуына, мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға сергек серпін беретіні күмәнсіз.

Біздің елімізде Қазақстан мен Түркияның кино өнері саласындағы байланыстар Елбасымыз Н. Назарбаевтың қолдауымен 1993 жылдан бері дамып келе жатыр. Дәлірек айтсақ, сол жыл түрік режиссері М.Әли Өзполаттың Ордабасыдағы құрылтайға және сол кезде түсіріліп жатқан «Қожа Ахмет Ясауи» фильмін «Арман» киностудиясымен бірігіп шығаруға шақырылған кезде басталған болатын. Одан кейін де екі ел арасында Мемлекет басшыларының қолдауымен әр жылдары түрлі халықаралық кинофестивальдер мен киноапталықтары үнемі өткізіліп келеді.

Өтіп жатқан «Қорқыт ата» халықаралық кинофестивалінде Қазақстан тарапынан ұсынылып жатқан кинотуындылар мен делегация өкілдерінің жоғары дәрежеде келіп қатысуы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаның осы сала өкілдеріне үлкен қолдауы деп білеміз», деді Мәдениет және спорт министрі.