Қаржы • 14 Қараша, 2021

Банкнот басу оңай ма?

1808 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Алғашқы ақшамызды Ұлыбританияда бастырып, елге тасығанымызды дүйім жұрт біледі. Ал қазір Қазақстан теңге сарайын соғып, банкнот фабрикасын қалыптастырған іргелі мемлекетке айналды. Банкнот басып шығару саласында білім мен білігі биік мамандар шоғыры қалыптасты. Соның арқасында Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы тек теңгені ғана емес, тұрмысқа қажетті қаншама құжаттар мен өзге ел валюталарын да басып шығарып отыр.

Банкнот басу оңай ма?

Фабриканы құру туралы Президент Жарлығы 1992 жылы мамырда шығып, 1995 жылы 19 мамырда салтанатты түрде ашылды. Ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Сөз жоқ, елімізде банкноттарды шығару бойынша өндірістік базаның құрылуы – қажырлы еңбектің және мамандардың үнемі ізденісінің нәтижесі. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің жарқын көрінісі – теңгенің бірінші шығарылымы халқымыздың және болашақ ұрпақтың игілігіне пайдаланылуы тиіс» деген еді.

Қиын кезеңде төл теңгені енгізу, оны басып шығаратын база қалыптастыру – саяси шешім болды. Банкнот басып шығарудың басы-қасында жүрген азаматтар бұл орайда Елбасының батыл­дығын ерекше атайды. Әлемдегі ел саны 200-ден асқанымен, банкнот фаб­рикасының саны 80-ге жуық қана екен.

Ақша-несие саясатын қалыптасты­ратын және қолма-қол ақша бойынша ел экономикасының сұраныстарын есептеудің әдістемесіне ие жалғыз ме­кеме – Ұлттық банк болғандықтан, Банкнот фабрикасының да Ұлттық банк құрамына кіруі құптарлық шешім. Қазір фабрикада 400-ден астам жоғары білікті мамандар қызмет етеді. Олардың көбі – кәсіпорынның іргетасын бірге көтеріскен азаматтар.

«Қызметкерлерге қойылатын талап өте жоғары. Полиграфия индус­триясында жеткілікті тәжірибесі бар маман­дар ғана жұмысқа қабылданады. Банкноттарды жобалау, концепциясын жасаудан бастап ақшаға айналғанға дейінгі аралық бірнеше кезеңнен тұрады. Тиісінше әр кезең аса мұқият еңбекті талап етеді. Мұнда елеусіз деталь деген болмайды. Ұсақ-түйекке дейін мән беру керек. Ақшаны басып шығаруды бастау және дайын өнімге қол жеткізу мерзімі бір жарым-екі ай уақытты құрайды. Бұл бірінші кезекте номиналға және өндіріс кезеңіне байланысты. Ал өндірістің қанша кезеңге созылатыны қорғаныс элементтерін пайдалану деңгейіне байланысты. Банкнот номиналы жоғары болған сайын қорғаныс элементі де көбірек болады», дейді Ұлттық банктің Банкнот фабрикасының бас директоры Батырбек Әлжанов бізге берген сұхбатында.

Фабрика жұмысының алға басуы бірінші ретте білікті мамандары мен жоғары технологиялары арқылы ғана мүмкін болмақ. Қазір мұнда  қол­данылатын барлық құрылғылар жоғары технологиялық мінездемеге ие. Оның барлығын аталған салада жетекші саналатын шетелдік компаниялар жасап шығарған. Фабрика өкілінің хабарла­уынша, пандемияға дейін қызметкерлер жұмыс орнында және шетелдік кәсіп­орындарда тұрақты түрде оқу курстарынан өтіп отырған. 

Қыркүйектің басында Kursiv порталы елімізде банкнот және монета басып шығару шығыны 6 есе артып, 30 млрд теңгеден асып түсті деп хабарлаған еді. Банкнот шығындары 21,4, ал монет шығындары 8,4 млрд теңгеге дейін өскен. Пандемия кезінде Үкімет халықты және бизнесті қаржылай қолдап, сол мақсатта фабрика станоктарын жиі-жиі қосуға тура келгені белгілі. Дегенмен фабрика басшылығы жыл сайын өндірілетін банкнот көлемін анықтау Ұлттық банк құзыретіндегі шаруа дейді. «Біз солар бекітіп берген көлем бойынша банкноттар да­йындаумен айналысамыз. Қазіргі кезде фабриканың жыл сайын 800 млн банкнотқа дейін өнім жасай алатын қауқары бар», дейді Б.Әлжанов.

Оның айтуынша, фабрикада сынақ банкноттарға және өзге қорғалған поли­г­рафиялық өнімдерге жаңа қорғаныс элементтерін қоюмен, соларды өндіріске енгізумен айналысатын дизайнерлер мен суретшілер бар. Ал банкнот дизайнымен Ұлттық банктің дизайнерлері айналысады.

«Банкноттарды басып шығару технологиясы ешқашан бір орында тұрып қалған емес, әр кез өркендеп, дамып отырады. Материалдардың, қорғаныс элементтерінің жаңа түрлері пайда болып жатыр. Сондықтан фабрика әрдайым әлемдік үрдістерге назар аударып отырады және біз қазір басқа мемлекеттер үшін полимерлік негізде банкноттар дайындап бере алатын деңгейге жеттік. Онда түпнұсқа қорғаныс элементтердің жоғарғы деңгейі – тозуға төзімділік бар. Яғни ұзақ уақыт бойы түрін бермей сақталады. Оны қазір «пластикалық ақша» деп те атап жүр. Фабрикамыздың халықаралық деңгейдегі беделі өте жоғары. Соған сай басқа елдер үшін де пластикалық негізде құжаттар және банкноттар дайындап береміз» дейді фабрика басшысы.

Б.Әлжановтың сөзінше, фабрика негізінен үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар – банкнот өндірісі, өзге қор­ғалған өнімдер өндірісі және пласти­калық негіздегі өндіріс.

«Бірінші бағыт бойынша – өзіміздің де, өзгенің де валютасын басып береміз. Екінші бағыт – жоғары деңгейлі қорға­нысы бар өнімдер басып шығару бо­йынша ассортимент 130-дан астам өнім атауларынан асып кетеді. Олар – паспорт бланкілері, жеке куәлік, азаматтық хал актілері бойынша барлық құжаттар, табак өнімдерінің акциздік маркалары, алкоголь өнімдері бойынша есептік-бақылау маркалары, диплом, аттестат, лицензия, сертификат, тағы да басқа құжаттар. Үшінші бағыт – пластикалық негіздегі өнімдер өндірісі бойынша – ID-карта, жүргізуші куәлігі, транспорт құралын тіркеу туралы куәлік сияқты құжаттарды шығарамыз. Осы ретте тағы бір бағытты атап өтсе болады, бұл – түрлі кодтар бойынша өнімдер да­йындау. Яғни QR-код, DataMatrix-тар туралы айтып отырмыз. Ондай өнім негізінен ақпараттық бақылау жүйелерін пайдалана отырып шығарылады. Біз 2019 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, басқа да бас­па өнімдерінің ассортиментін кеңейту мүм­кіндігімен акциздік алым маркаларын өндірудің ақпараттық жүйесін әзірледік және енгіздік», дейді фабрика басшысы.

Банкнот туралы айтқан кезде оның қорғаныс механизмі, яғни, қауіпсіздігі туралы айтпай кету мүмкін емес. Ұлт­тық банк қорғаныстың үш деңгейін анықтаған.

«Біріншісі – қоғамдық деңгей. Яғни арнайы құрылғыларды қолданбай-ақ ақшаның шын-өтірігін ажыратуға болады. Бұл ретте қағаз, су, жіп сияқты заттарды қолдануға болады. Екінші деңгей бойынша ультракүлгін және инфрақызыл құралдарды қолданып, машиналық өңдеу тәсілін пайдаланып анықтайды. Бұл әдістерді негізінен банк және өзге де қаржылық мекемелер мен ұйымдар қызметкерлері қолданады. Қорғаныстың үшінші деңгейінде Ұлттық банк сарапшылары жұмыс істейді. Олар банкноттың жалғандығын толыққанды анықтап береді», дейді Б.Әлжанов.

Қазақ ақшасының анау-мынау қатерге бой ұсына қоймайтыны бұрын­нан да жиі айтылып жүр. Осыдан 3-4 жыл бұрын «Тәуелсіз Қазақстан валютасы – теңге» атты конференцияға қатысқан әлемге әйгілі De La Rue (бағалы қағаздар өндіруші) компаниясының өңірлік менеджері Дэмиан Квятковский теңгенің тек әдемі ғана емес, қорғалуы тұрғысынан да әлемдегі ең озық валюталардың бірі екенін айтқан еді.

«Технологияларды дамыту бо­йынша Қазақстан әр кез жетекші позиция ұстанады. Егер Қазақстандағы банкноттың дамуына қарайтын болсақ, онда алғашқы серияларының портретпен басылғанын және бұл орайда ағылшын ақшаларына ұқсас екенін аңғарамыз. Ал қазір олар әлдеқайда ашық, анық және қазақтардың мінезін көрсете алады. Алайда жаңа ақшалар әдемі болғандықтан өндірілмейді, қорғаныс үшін, сенімді төлем жүйесі үшін шығарылады. Қазір Қазақстанның Банкнот фабрикасы  De La Rue тапсырысымен үшінші елдер үшін де ақша басып шығарып отыр. Сіздердің банкноттардың сапасы өте мықты, мен оны өте жоғары бағалаймын», деген еді Д.Квятковский.

Ұлттық банк дерегінше, 2014 жылдан бері Қазақстанда ақша басып шығару көлемі 80 пайызға өсіп, 2019 жылдың соңында 2,7 трлн теңгені құраған. Сөйтіп, Ұлттық банк 2019 жылы банкноттар мен монет шығару үшін 5,3 млрд теңге көлемінде шығын жұмсаған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Банкнот басу – 1,3, ал монет басу – 3,6 млрд теңге шығынды қажет еткен. Қалған 335 млн теңге амортизация, құрылғылардың тозуы, күзет, тасымалдау, сақтандыру сияқты шығындар үшін жұмсалған.