Қазақстан • 14 Қараша, 2021

Қазақ тіл білімін әлемдік лингвистика деңгейіне көтеру маңызды

1796 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қарқынды дамып келе жатқан қазіргі әлемде, ықпалы артып келе жатқан жаһандану мен дәуірдің жаңа сын-қатерлері жағдайында рухани басымдықтар мен бағдарларды жоғалтпау, ең бастысы, өзінің ұлттық бірегейлігін сақтау өте маңызды. Осы орайда тіл ғылымының теориялық және қолданбалы мәселелерін зерттеу қоғамның бірлігі мен рухани жаңғыруына қол жеткізудің негізгі факторларының бірі болып табылады. Өз мәдениетін, тілін, өз ұлттық кодын сақтауға арналған ізденістер қатарын тіл білімінсіз елестету мүмкін емес.

Қазақ тіл білімін әлемдік лингвистика деңгейіне көтеру маңызды

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қазіргі лингвистика әлемнің әртүрлі ғылыми орталықтарында қарқынды дамып келеді. Қазақ тіл білімі әлемдік тіл білімінің бір бөлігі ретінде лингвисти­ка ғылымының қазіргі заманғы үрдістері­не сәйкес дамып, бірнеше кезеңінен өт­ті. Қазақстан лингвистикасы тіл туралы ғы­лымның барлық бағыттарын қам­тиды. Бұған соңғы жылдары отандық ға­лым­дардың еңбектері дәлел бола алады. Отандық тілтанушы ғалымдардың міндеті қазақ тіл білімін әлемдік лингвистика деңгейіне көтеру, оны серпінді, инновациялық зерттеулер есебінен бә­секеге қабілетті дамыту болып отыр.

Синтездейтін күрделі ғылым бола оты­рып, лингвистика мәдениет, философия, психология, физиология, сон­дай-ақ логика, математика, информа­тика бірқатар нақты ғылымдармен үнемі сабақтастықта. Дыбыстық сигнал­дардың компьютерлік технологиялар арқылы зерттелуі тіл білімін нақты ғылым­дар­дың қатарына қосады. Мұндай зерттеу­лерде қойылатын сұраққа нақты жауап алуға болады. Компьютерлік төң­керіс сөз дыбыстарын зерттеуді жаңа деңгейге көтерді. Енді кез келген тіл маманы фо­нетикалық редактордың кө­­мегімен эк­раннан спектр, тон, ұзақ­тық және қар­қындылық сияқты ды­быс толқыны мен сиг­налдың акустикалық сипаттамасын бай­қай алады. Экс­пери­менттік фонетика зертха­насында нақ­ты нәтижелерге қол жет­кізу үшін тәжі­рибелік-компьютерлік зерттеу әдістері қолданылады.

Жаңа қағидаттар мен жаңа бағдар­лар, өз кезегінде, одан әрі эволюциялық дамуға ие болып, қазақ халқының ір­гелі, базалық мәдени, рухани құнды­лықтарына сүйенеді. Осыған байла­нысты соңғы кезде жүргізіліп жат­қан ономастикалық зерттеулердің өзек­тілігін айта кеткен жөн. Олардың мақ­саты қазақ ономастикалық лексикасын лингвомәдени, лингвокогнитивтік аспектілерде зерделеу, осы бағыттағы ғылыми әзірлемелерді жүйелеу, жаңа тілдік фактологиялық материалды ай­қын­дау, онимдердің аксиологиялық ком­понентін белгілеуге, ономастика­лық атау­ларда кодталған этномәдени ақпа­ратты дешифрлеуге бағытталған ғы­лыми-теориялық әдістерді түсіндіру бо­лып табылады. Осындай еңбектер­де қазақ тілінің ұлттық ономастика­лық кодының жүйесі ретінде кеңістік­тік, сома­тикалық, биоморфтық, фоль­к­лор­лық материал негізіндегі діни-ми­­фологиялық, агионимиялық, паре­мио­логиялық, фразеологиялық, пре­це­­денттік лексика зерттеледі. «Ата­мекен» (туған жер, ата-бабалар жері), «дала», «тау» сияқты т.б. негізгі ұлт­тық лингвомәдени концептілер фоль­к­лор мен көркем әдебиеттегі, ақын­дар шы­ғар­маларындағы фразеоло­гизм­дердің, паремиологияның кең тілдік материалында қайта қарастырылып, олар­дың ассоциативті аясы кеңейтіліп, қазіргі Қазақстан контекстінде мазмұны байытылып, жаңғыртылуда.

Соңғы уақытта қазақ тіл білімінің іргелі және қолданбалы сипаттағы бір­қатар жетістіктері бар. Қазақ тілінің латын графикасына көшуінің ғылыми тұжырымдамасы жасалды, қазақ латын графикасындағы әліпбидің бірыңғай ұлттық стандарты негізінде қазақ жа­зуын жаңғыртудың ғылыми-теория­­лық, тәжірибелік проблемалары әзірлен­ді. Грамматология, жазу теориясы, гра­фика, орфография және орфоэпия, тер­­минография, ономатография, нео­графия саласында әліпби реформасына байланысты теориялық зерттеулер жүргізілді. Латын графикасы негізінде жаңа орфографиялық ережелерді әзірлеу және шет мемлекеттерді, астаналарды, әлем қалаларын латын графикасымен белгілей отырып, «Әлемнің саяси картасын» жасау тіл мамандарының маңызды жетістіктері деп санаған жөн.

Қазақ мәтіндерін кириллицалық графикадан латын негізіндегі жаңа әліпбиге қайта кодтау үшін ІТ-қосым­шаларды әзірлеу, жаңа қазақша латын графикасындағы пернетақтаның әзірленуі ерекше назар аударуға тұрар­лық.Тіл мен сөйлеуді жетілдіру, латын графикасы негізінде әдеби тілдің қол­даныстағы нормаларын нығайту мін­деттеріне қызмет ететін ортологиялық сөздіктер, анықтамалықтар (орфо­графиялық, орфоэпиялық және т.б.) дайын­далды және шығарылды. Әліп­биді ауыстырумен байланысты линг­вистикалық реформаны іске асырудағы лингвистикалық ахуал және тәуекелдерді басқару жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыратын мемлекеттік органдар үшін талдамалық анықтамалықтарды дайындау мақсатында қазақ жазуын жаңғыртудың әлеуметтік-лингвис­тика­лық негіздері зерделенді.

Дәстүрлі сипаттамалық-жүйелік арнада зерттеулер де жалғасып келеді, мәселен, сөздік құрамның компьютер­лік қорының, қазақ тілінің ұлттық корпу­сының деректер базасы үнемі жаңа материалдармен толықтырылып отырады, терминологиялық қор одан әрі жинақталып жатыр, ономастикалық сөздіктер жасау, түркі тіл білімінде, түркі мәдениетінде баламасы жоқ этнолингвистикалық сөздікті әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.Фонология, интонология, экспе­рименттік фонетика, терминология, ономастика, лексикология, сөйлеу мә­де­ниеті, диалектология, орфография, лексикография, функционалдық грамматика, лингвокультурология, қазақ әдеби тілінің тарихы, түркология ­саласында психолингвистикалық, лингво­философиялық және этно­линг­вис­тикалық аспектілерде үлкен зерттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Мәтін лингвистикасы, бірнеше тәуелсіз сөй­лемнен тұратын, байланысты сөйлеу контекстінде семантикалық тұтастыққа ие суперфразалық бірліктердің құры­лымдық және семантикалық жақтарын зерттейтін тіл білімінің саласы тез дамып келеді. Мәтін бірліктерін анықтаумен қатар, мәтін, дискурс деңгейіндегі логикалық-семантикалық қатынастар анықталып жатыр. Лингвистикалық жүйенің әртүрлі деңгейлеріндегі дис­курсивті зерттеулер коммуникативті-праг­матикалық тұрғыдан ерекше таны­малдыққа ие болып отыр.

Қазіргі қазақстандық тіл білімі бір­қатар сапалы өзгерістерді бастан кешірді. Көптеген ғалымдардың қызығушылығы сөйлеушінің жалпыадамзаттық, ұлттық-мәдени және жеке қасиеттері қалай көрі­нетінімен байланысты, яғни адам белгілі бір құбылыстарды талдауда, оның перспективасы мен түпкі мақсаттарын анықтауда тірек нүктесіне айналады.Тілге деген антропоцентрлік көзқа­рас лингвистикалық зерттеулер саласы­ның кеңеюіне әкелді, бұл өз көкжиегін кеңейтуге ұмтылатын лингвистика­ның экспансионизмінің бір түрі болып табылады.Сонымен отандық тіл білімі саласында адамның ақыл-ой әрекетінің негізін құрайтын танымдық механизмдер тұрғысынан тілді зерттейтін және сипаттайтын когнитивтік лингвистика қалыптасты. Бұл бағыт когнитивтік ғылымның, когнитивтік психологияның және лингвистикалық семантиканың өзара әрекеттесуі нәтижесінде пайда болды, лингвистиканың бұл саласы құры­лымдық тілтануды еңсеру бары­сында қалыптасты, дегенмен ол құры­лымдық көзқарасқа қайшы келмейді. Когнитивтік лингвистика және дәстүрлі құрылымдық-семантикалық тіл білімі лингвистикалық шындықты білудің әртүрлі аспектілері болып табылады.

о

Медиалингвистика әдіснамасын тұ­тас ғылыми пән ретінде әзірлеу бо­йын­ша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүр­гізіліп жатыр, оның пәні БАҚ тілінің та­биғатын, функцияларын, нақты және бол­жамдық мүмкіндіктерін ұғыну тәсілі болып табылады. Медиалингвистиканың әдіснамалық негіздерін дамытуға деген бетбұрыс қазіргі ақпараттық қоғамның жағдайымен туындаған қажеттілікке байланысты. Зерттеу стратегиялары мен тәсілдері медиадискурс, медиасөз, ме­диамәтін мәселелерін, бұқаралық ком­муникация саласындағы тілдің қыз­­мет ету ерекшеліктерін, қоғамның бұ­қаралық санасына әсер етудің лингво­медиялық технологияларын зерт­теуге де­ген қызығушылықтың артуы­мен байланысты. Жаһандық ақпа­раттық кеңістіктің қалыптасуы, жаңа техногендік әлемнің өзгеріп жатқан жағдайындағы қоғамның қажеттіліктері тілдің қолданысына әсер етпеуі мүмкін емес еді, бұл өз кезегінде академиялық ғылым тарапынан БАҚ тіліне деген ғылыми қызығушылық­тың артуына ықпал етті. Әлемдік және қазақстандық қоғамның медиалануы жағ­дайында негізгі гуманитарлық ғы­лым­­дар – лингвистика, әлеуметтану, пси­холо­гия, журналистика, мәдениеттану тер­миндерін біріктіретін пәннің ұғымдық-тер­мино­логиялық аппаратын жүйелеу және одан әрі біріздендіру мәселесі тұр.

Елдегі заманауи әлеуметтік, эконо­микалық, мәдени, саяси өзгерістер әлемдік ақпараттық кеңістікке интеграцияланумен байланысты мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің алдына жаңа та­лаптар қояды. Осыған байланыс­ты бүгінгі таңда латын графикасы негі­зіндегі қазақ тілін реформалау сала­сындағы ізденістер ерекше өзекті болып табылады. Латын қарпіне көшу – бұл бір әріпті басқа әріппен алмастыра салу емес, ол қазақ тілінің жоғары тех­но­логиялардағы қолднысын одан әрі жетіл­діруді мақсат ететін аса күр­делі үрдіс, бұл қоғамдық сананы жаң­ғырту бағдарламасының ма­ңыз­ды элемент­терінің бірі, прогрестің, озық білімнің, цифрлы қарым-қатынастың не­гізі.Ла­тын графикасына көшу идеясын тіл­танушы ғалымдар бірінші болып қол­ға алды, өйткені олар өз кәсібінің арқа­сында қазақ тілінің қайта өрлеу дәуі­ріндегі әліп­биді реформалаудың, ақпа­раттық технологияларды тара­тудың, жаһанданудың, қазақ тілін ком­пьютерлендірудің маңыз­дылығы мен қажеттілігін жете түсінеді.

Компьютерлендіру мен қазіргі заман­ғы технологиялардың даму дәуірінде қоғам өмірінде Қазақстанның жалпы ақ­па­раттық және әлеуметтік-мә­дени кеңіс­тігін өсіп келе жатқан визуа­ли­зациямен байланысты жылдам дамып келе жатқан цифрлы техно­логияларға үлкен рөл бері­ліп отыр. Цифр­ландыру процесі жалпы ғылымды дамытып, оңтайландырып қана қоймай, гуманитарлық салаларды дамы­тудың маңызды алғышарты болып табылатынын атап өткен жөн.

Қазіргі уақытта жаңа әлеуметтік-мәд­ени құбылыс – экрандық мәдениет қалыптасып жатыр, осыған байланыс­ты тіл білімі жаңа коммуникативті орта жағдайында байланыс процестерін зерттеу міндетіне ие. Әлеуметтік про­цестердің жеделдеуі және ақпараттық технологиялардың дамуы қолданбалы лингвистика, атап айтқанда лингвис­тикалық технология проблемаларымен байланысты жаңа көрінімді-вербалды ғылыми парадигманың пайда болуына алып келді.

Тілді сүйемелдейтін технологиялар «лингвотехнология» деген жалпы атаумен біріктіріледі. Тіл жеке адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік қатынастар орната отырып, ғылым мен білімнің жетістіктерін көрсететін сала. Тіл қатыспайтын салалардың саны шектеулі. Біздің заманымыздың әлем­дік жетістіктері (автоматты аудармашылар, сөздерді машиналық талдау және синтездеу, мәтіндік редакторлар, электронды тілдік материалдар және басқа да көптеген техникалық жетіс­тіктер) лингвотехнологияның қарқынды дами отырып, қазақ тіл білімінің перспективалы бағыты болып табылатынын көрсетеді. Осының бәрін ескере отырып, тілді цифрлы технологиялар дәуіріне бейімдеу және тілді дамыту, оның мүмкіндіктерін кеңейту үшін тех­никалық жетістіктерді пайдалану қажет.

 

Зейнеп БАЗАРБАЕВА,

А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, академик