Таным • 14 Қараша, 2021

Ұлағат ұстыны

491 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Конфуций айтқандай, ұстаз бен шәкірттің бірге өсетіндігі рас... Осыдан 43 жыл бұрын Қазақ университетіне оқуға түскен кезде ұстаз ретінде бірінші таныған тәлімгерлерімнің бірі Ғахип Уәлиев болатын. Сонда тоғысқан ғалымдық жолым да, қызметтік бағытым да осы жанның қатысуымен жылжып, екеуміз бірге «өсіп» келеміз. Тағы бір қадірлі ұстазым, академик Бақытжан Жұмағұлов ағамның «Сен Ғахип ағаңа ұқсап барасың!» деп қалжыңдауының да орынды екендігін мойындаймын. Ол кісіні танығаннан бойынан көріп, үлгі алып жүрген қасиеттер, «мінездің қаттылығы», «сөзге беріктік», «іске адалдық» бүгінде өз тұла бойымнан табылатындай.

Ұлағат ұстыны

Мен бүгін ғылым аспанындағы санаулы жарық жұлдыздардың бірі де бірегейі Ұлттық ғы­лым ака­де­миясының толық мүшесі (ака­демигі), Қазақстан Республикасының ғы­лым және техника саласындағы Мем­лекеттік сыйлы­ғының лауреаты, Ресей Федера­ция­сының ғылым және білім сала­сына еңбек сіңірген қай­раткері, әлемге белгілі ғалым-ме­ханик Ғахип Уәли­ұлы туралы сөз қозғап, үлкен мақ­танышпен тебірене еске аламын.

Әңгімені әріден бастап, ғалымның өмір жолына тоқталуды жөн көріп отырмын. Ғахип Уәлиұлы ел басына қаралы күн туып, соғыс атты зұл­матпен алысып жатқан қиын бір кезде туылған. 1941 жылдың қараша айында «Еңбекші» деген ауылда Уәли мен Сара Сәттібаевтардың отбасында дүниеге келеді. Аса бір қиын заманда іңгәләп бұл дүниенің есігін ашқан нә­рестеден уақыт өте үлкен тұлға қа­лып­тасарын кім білген?! Жылдар өткен сайын арманы мен мақсаттарын жігерлі мінезімен қамшылап, еңбек пен талантын қатар алып жүрген ауыл баласы бүгінде елінің ғылым саласына қос­қан сүбелі үлесі бар белгілі академик, механика саласының ерекше маманы.

Ағамыздың балалық балдәурен шағы Отан соғысының жалын шар­пыған жылдары мен соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңмен қатарлас келіп, бала болса да көптеген қиыншылықты бастан кешірді. Алайда білімге құш­тар, еңбекке епті жеткіншекті 1958 жылы «Талапкер» ауылындағы қазақ мектеп-интернатын бітірген соң, аудан орталығындағы мектеп математика және физика пәндерінен сабақ беруге шақырып алады. Ол жерде екі жыл ұстаздық тәжірибе жинаған. Қиялы ұшқыр, арманы асқақ жас жігіт үшін бұл аздық ететін жетістік еді. Ол ҚазМУ-дің ме­ханика-математика факультетіне қабылдау сынынан сүрінбей өтіп, студент атанады. Албырт та қай­тып оралмай­тын жастық шағын Ал­матыда өткергені үшін еш өкініші жоқ екенін ағамыздың аузынан жиі естиміз. Десек те, ғылымға деген ынтызарлығы студенттік өмір­дің ал­ғашқы күндерінен санасын жау­лаған десек, артық айтқандық емес. Ол жылдар өткен сайын ғылым мен ілімнің тұңғиығына бойлай берді.

Маған ұстаз жанның да өз тә­лімгері бар. Ол бүгінде академик Ө.А.Жолдасбековтің тұңғыш аспиранты болғанын мақтанышпен айтады. Жетекшісі әрі тәлімгерінің талай сынағынан мүдірмей жүріп, онымен бірге жоғары оқу орнында ғылыми-практикалық сабақтар жүргізеді. Еңбек пен ізденістің нәтижесінде 1972 жылы отызында орда бұзған Ғахип Уәлиев «Машиналар механизмдері және автоматты линиялардың теория­сы» атты тақырыпта кандидаттық дис­сертацияны сәтті қорғап, механика саласындағы қадамын нығыздай түседі. Осыдан кейін-ақ ғылымдағы баспалдақтары жоғарыға өрледі.

КСРО FA стажер-зерттеуші болған Ғахип Уәлиев еңбек жолында өзі оқып бітірген ҚазМУ-дің механика-математика факультетінде аспиранты, математик-программист, аға оқытушы, қолданбалы механика кафедрасының меңгерушісі, факультет деканы, уни­верситеттің ғылым жұмысы бойынша проректоры болып қызмет істеді. Кейіннен Жоғарғы аттестациялық Комитет төрағасының орынбасары, ҚазМУ-дің механика кафедрасының меңгерушісі, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті физика-математика факультетінің деканы, Ө.А.Жолдасбеков атындағы механика және машинатану ғылыми-зерттеу институтының директоры, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ме­ха­ника және қолданбалы физика кафедрасының меңгерушісі, Құр­метті кафедра меңгерушісі болып істейді. Ғахип Уәлиев оқу ісі мен ғы­лыми жұмыстарды біліктілікпен ұйымдастырушы ретінде өнеге. Пе­дагог және тәрбиеші ретінде ҚазМУ-дің механика-математика факуль­тетінде 30 жылдай теориялық механика, тербелістер теориясы және машиналар динамикасы пәндерінен дәріс берді. Ол 1999 жылдан бері Абай атындағы ҚазҰПУ-де оқу, ғылым және тәрбиелік жұмыстарды атқарды.

Ғахип Уәлиев механикалық жүйе­лерді математикалық модельдеу, са­раптамалық механика, механизмдер мен машиналар теориясы саласында Тәуелсіз мемлекеттер достастығы бо­йын­ша көрнекті ғалымдардың бірі. Ол механикалық жүйелер және құрылымы айнымалы механизмдер динамикасы мен олардың математикалық модельдерін жасау әдістерінің Қазақстан Республикасында негізін салушы, бұл бағыттағы ғылыми мә­селелерді әрі қарай дамытушы. Машина механикасының өте күрделі саласы – машина динамикасын зерттеуде үлкен ғылыми нәтижелер алды.

Ол шетелдерде де танымал ғалым. 2004 жылы Варшава университетінде және 2006 жылы Жапонияның Киуши университетінде дәрістер оқы­ды. Соң­ғы жылдары Ғ.Уәлиев Германия, Қы­тай, Польша, Румыния, Шот­ландия, Жапония, Түркия, Франция, Аус­­тралия, Ресей, Италия, Грекия, Тай­вань, Сингапур, және т.б. елдерде өткен ірі Халықаралық ғылыми форум­дарға қатысып, баяндамалар жасады.

Ол 230 ғылыми жұмыс, оның ішінде 5 монография, 4 оқу кітабы, 5 оқу құралы және 4 оқу-әдістемелік құрал жазып шығарды. 18 авторлық куәліктер мен патенттердің (КСРО, Германия, Италия, Шуейцария, Фран­ция, Қазақстан) авторы. Ғ.Уәлиевтің ғылыми жетекшілігімен 10 докторлық және 20 кандидаттық диссертация қорғалды.

Ғахип Уәлиұлы Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты (1982), ҰИА Ө.Жолдасбеков атындағы сыйлықтың лауреаты және Бірінші Алтын медаль иегері (2004), Халықаралық «Еуропалық грант» сыйлығының лауреаттығымен қоса, «Мінсіз қызметі үшін» Алтын медаль иегері (2010 ж., Франция-Шуейцария). КСРО Жо­ғарғы мектебі үздігі (1985), Білім беру ісінің үздігі (2000) белгілерімен марапатталған және КСРО, ҚазКСР Жоғарғы және орта білім министрлігі, Халықаралық инженерлік академия (М., 2006), Ресей ғылым академиясы (М. 2008) грамоталарымен және медальдарымен марапатталды.

Ғ.Уәлиев механизмдер мен машиналар теориясы саласындағы Халық­аралық федерация мүшесі (ІҒToMM, 1998 ж., штаб-квартирасы – Италия) Халықаралық механика комитеті (IUТАМ, 2002 ж., штаб-квартирасы – Кембридж университеті) мүшесі, РФ Ұлттық механика Комитеті мүшесі (2004), диссертациялық кеңестің төр­аға­сы (2003-2010), Ұлттық механика ко­митетінің төрағасы (2004 жылдан бері).

Осы күнге дейін Ғахип ағамыздың жүріп өткен сара жолында ғылымның, білімділіктің, тәжірибеліліктің, ұстаз­дықтың игі іздері сайрап жатыр. Бүгінгі қалыптасқан тұлғалық келбетіне жету үшін қанша маңдай тер төгілгені өзіне ғана аян. Білім-ғылымға деген ықылас, пейіл, ынтықтық Ғахип Уәлиұлын ұдайы желеп-жебеп, арманды көшін ілгерілетіп келеді.

Сексеннің сеңгіріне шыққан аға­мыздың ғылым керуені сарайына көз салсақ, өзі баптап, соңынан ерт­кен шәкірттерінің мақтанышы еке­нін сеніммен айта аламын. Ғахип Уәли­ұлының шәкірті болудың өзі бір бақыт, айтар алғыс шексіз.

Шын ғалым – шыншыл, шын азамат арманшыл келеді десек, Ғахип Уәлиұлының әлі де армандары таусылмағандығы анық. Сөз жоқ, олар жастық шақтағы армандардан күрделірек. Бұрын көрсем, білсем деп армандаса, енді жиған-терген асыл-қазынамды кімнің бойына сіңірсем деп мазасы қашады. Бұл – нағыз ұстаздың қасиеті.

55 жылдан астам ғылым мен білім саласында тапжылмай еңбек етіп келе жатқан Ғахип Уәлиұлы саланың дамуына сүбелі үлес қосып, бірнеше ондаған механик-оқытушылардың, ғалымдардың даралануына ұйытқы болды. Оның қанатының астында 10 ғылым докторы, 22 ғылым кандидаты дайындалып, олар механика саласының ірі маманы ретінде Италия, Германия, Шуейцарияның жиырмадан астам патентінің авторы атануы бағытшы-ұстаздың үлкен еңбегінің арқасы деп білемін.

Ғахип Уәлиұлы ғылымның қыр-сырына өзі ғана бойламай, оны бас­қаның да санасына құю мақсатын көздейтіндігімен де ерекшеленеді. Оған ғалымның жазған көптеген ғылыми-әдістемелік еңбектері мен кітаптары куә.

Ғахип ағамыздың мерейі отбасында да биік. Өмірлік серігі бола білген Әспет Жағыпарқызымен бір мектепте оқып, балалық шақтың балдәуренін, бозбала-бойжеткен шақтың бал шырынын бірге татқан жандар. Ағамыз жастық шағын еске алып, көрші «Жаңабет» ауылына алып баратын дала жолын екеуінің ғұмырын байланыстырған дара жол деп біледі. «Баянауыл басынан бұлт кетпес, Қиядағы түлкіге құсым жетпес. Ақ боз үйдің сыртында қолымды ұстап, «Қош, Қалқатай» дегенің естен кетпес», деп қимастықпен қоштасқан күндерді соза бермей, отау тіккендігі де бақытты кезеңнің ғажайып шешімі екенін жасырмайды. Алматыға қол ұстасып келіп, студенттік отбасылық өмірдің қиындығы мен қызығын бір­ге көрген. Қыздар педагогикалық инс­титутын тәмамдаған Әспет апайымыз ұзақ жылдар Политехникалық инс­ти­туттың кітапханасында қызмет атқарған.

Бүгінде Ғахип ағайымыз бен Әспет апайымыз қыздары Айман, Айжан мен Гүлжанды қиясына ұшырып, қос Мұратты келісті күйеу танып, ұл­дары Зайырдың асыл жар етіп таңдаған Ирина есімді қазақтың өжет қызын келін етіп түсірген. Бір айта кететін жайт, ұлы Зайыр – ғылым докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі, ал Ирина да ғылымнан алыс емес. Физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚБТУ-да ұстаз болып қызмет атқарады. Ол Абай атын­дағы ұлттық педагогикалық уни­верситетінің физика, математика және информатика институтында директордың ғылым жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. «Жеміс ағашынан алысқа түспейді», деген осы болар! Ата жолын жалғас­тыр­ған немересі Дәуір – Мәскеу мем­лекеттік университетінің аспиранты, талантты математик. Жұлдыз, Гаухар, Дәрия, Алуа, Әмина сынды балшекер немерелері де атасының қуанышы.

Ғылым көкжиегінде қыран болып қалықтап қанатын қаққан аға бойында дархан көңіл, дала мінез, өмірге деген даналық көзқарас, мейірімділік сияқты асыл қасиеттер тұнып тұр. Ұлылықты тану бар да, оны бағалау бар. Ендеше ұлылықтың белгісіндей болған аға болмысын бағалау парызымыз екенін терең сезіне отырып, ол кісіге мықты денсаулық, биік рух, отбасына амандық тілейміз. Әлі де болса биіктерден көргіміз келеді.

Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемге атақ-даңқы жайылған талай тұлғаны өмірге әкелген, бір сөзбен айтқанда, Қаныш бастаған ғылымға 13 бірдей академик сыйлаған Баянауыл өңірін киелі мекен демеске болмайды. Соның бірі, қазақ халқының мақтанышы, академик Ғахип Уалиев менің ұстазым және жақын әріптесім! Ағамыздың өмір жолы бізге, жастарға үлгі!

 

Амандық ТӨЛЕШОВ,

Ө.А.Жолдасбеков атындағы механика және машинатану институтының бас директоры, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі, Ұлттық инженерлік және Халықаралық инженерлік академиялардың толық мүшесі (академигі).