Қазақстан • 15 Қараша, 2021

Өнеркәсіпте қауіпсіздік қатаң сақталуға тиіс

520 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сенатта «Қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету: талдау, болжамдар және ұсыныс­тар» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті. Палата Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров шараны аша келіп, Мемлекет басшысы еліміздің жаңа экономикалық бағыты, оның ішінде Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін ашуға негізделуі тиіс жеті негізгі қағидатты белгілегенін атап өтті.

Өнеркәсіпте қауіпсіздік қатаң сақталуға тиіс

«Үкімет сағатының тақырыбы еліміздің индустриялық дамуы үшін аса маңызды. Себебі өнер­кәсіптік қауіпсіздіктің даму дең­гейі арқылы мемлекеттің техноло­гия­лық әлеуетін бағалауға болады. Өнеркәсіптік авариялар эколо­гиялық, материалдық шығын­дарға, адам өліміне, кейде бүкіл саланың тоқырауына әкеледі.

Өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі кәсіпорынның немесе өнеркәсіп саласының табысты дамуының индикаторы ғана емес. Сонымен қатар адамдардың өмір сүру сапасы, қоршаған орта, мем­ле­кеттің технологиялық және ин­вес­тициялық мәртебесі өнер­кәсіптік қауіпсіздік жүйесіне тіке­лей байланысты. Оның деңгейі адам­ның, қоғам мен мемлекеттің өмір­лік маңызды мүдделерін қор­ғай алса ғана ол мемлекетті шын мәнінде өнеркәсіптік дамы­ған ел деп атай аламыз», деді Сенат Төрағасының орынбасары.

Кейінгі 5 жылда қадағаланатын субъектілер саны аз ғана өссе де өнеркәсіп кәсіпорындарындағы апаттар 30 пайызға арта түскені және жағдайға талдау жасағанда өнді­рістерде техногендік ава­рия­лардың туындау қаупі бұрынғы­сынша жоғары деңгейде қалып отырғаны атап өтілді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық­қа Жол­дауында еліміздің өнер­кәсіп­тік әлеуетін ашу, оның ішін­де стра­тегиялық маңызды өндіріс­­терді, негізгі экспорттық басым­дық­тарды айқындау, сондай-ақ өнеркә­сіп­ті қолдау шараларын шынайы істермен толықтыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Осыған байланысты ұйымдық мәдениеттің бір бөлігі болып табылатын өндірістегі қауіпсіздіктің жоғары мәдениетін қалыптастыру, қолдау және дамыту қажет деп санаймыз. Өйткені ол өндірістік және экономикалық мақсаттардан басым болып, барлық қызмет түрлерінің жалпыға бірдей және ажырамас бөлігі болуы тиіс», деді Асқар Шәкіров.

Жақында Қарағанды облы­сы­­ның «Абай» шахтасында бол­ған төтенше жағдай секіл­ді қайғылы оқиға­лардың қай­та­ланбауы үшін өнер­кәсіп қауіп­сіздігі сала­сын­дағы проблемалар­ды шешу аса ма­ңызды. Осы аймақ­тан сай­ланған сенатор Сергей Ершов қазір өнер­кәсіп қауіпсіз­дігі сала­сын­дағы жағдайды жақ­сарту­ға бағытталған заңнамалық баста­маларды қарау ең өткір мәселе деп санайды.

«Уәкілетті органға қауіпті өндіріс объектілерін жаңарту мен тех­­никалық қайта жарақтан­дыру­­дың бірлескен жоспарын жасау мен бекіту жөнінде тиісті мін­дет­­терді бере отырып, қауіпті өндіріс объектілерін пайдаланатын ұйым­дарға техникалық қайта жарақтан­дыру­дың бірлескен жос­парын орын­дау және бірінші бас­шыға тіке­лей бағынатын өнді­рістік жеке бақы­лау қызметін құру­ға қажетті шара­лар қабылдау мін­дет­терін бекіту қажет», деп атап өтті сенатор өз сөзінде.

Парламент депутаттары сонымен қатар өнеркәсіп қауіпсіздігі саласын­дағы кадрлардың тапшы­лығын, инспекторлар құрамының қысқаруын, сондай-ақ осы салада ғылыми-зерттеу қызметінің тиісті дәрежеде жүргізілмей келе жатқанын атап өтті.

Жиын барысында Төтенше жағ­дайлар министрі Юрий Ильин өнеркәсіп қауіпсіздігі сала­сын­дағы ахуал туралы Үкімет саға­ты­на қатысушыларға баяндап бер­ді. Ведомство басшысының ай­туын­ша, министрлік қызметінің ма­ңызды бағыттарының бірі – техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қам­тамасыз ету. Өнеркәсіптік қауіп­сіздік саласындағы мемле­кет­тік қадағалау жүйесі азамат­тардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігіне қатер төндіретін тау-кен, металлургия, мұнай-газ өндіру, мұнай-химия, химия және өнеркәсіптің басқа да сала­ларын­дағы техногендік апаттардың алдын алуға бағытталған.

Министр реттеу жүйесіндегі қайта-қайта жасалған реформалар мен бизнес үшін талаптарды қысқарту бойынша қадамдар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік реттеу жұмыстарын әлсірете түскенін жеткізді. Соның салдарынан өнеркәсіптік тәртіп деңгейі төмендеп, өндірістерде техногендік апаттар саны өсті.

«Бұған 7 қарашадағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шах­тасындағы қайғылы оқиға мысал бола алады. Яғни онда метан­ның тарауына байланысты апаттан 6 кенші қаза тапты. Бүгінде атал­ған көмір разрезінде жұмыстар уақыт­ша тоқтатылды, ол жерді мемле­кет­тік комиссия тексеріп жатыр. Белгілі болғандай, бір мезгілде шахтада 8 мың текше метрден астам метан тараған. Апат кезінде 100 тоннадан астам тау-кен массасы үйіндісі түскен. Қазіргі кезде үйіндіні тазарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұған дейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ нысандарындағы өнер­кәсіп­тік қауіпсіздіктің қана­ғат­­тан­арлық емес жағдайын бір­неше мәрте айтқан едік. Инс­пек­­тор­лар тау-кен жұмыс­тарын жүр­гізуге, көмір қабаттарын алдын ала газ­дан тазартуға байланыс­ты қауіп­сіздік талаптарының жү­йелі түрде бұ­зы­латынын үнемі анықтап жүрді. Тек­серулер нәтижесінде сот органдарына көмір шахталарының қауіпті учаскелерінде тау-кен жұмыстарын жүргізуді уақытша тоқтатуға талап-арыздар жолданды», деді Ю.Ильин.

Бірақ іс жүзінде талап-арыздарды қарау қорытындысы бойынша сотта қауіпті учаскелерде жұ­мысты тоқтату туралы шешім қолдау таппаған. Тек әкім­ші­лік айып­пұлдар салынған. «Жауапкер­шілік­тің тиісті деңгейде болмауы қа­даға­лау саласындағы іс-шараларға теріс ықпал етіп отыр», деді министр.

Қазіргі таңда өнеркәсіптік қауіп­сіздік саласындағы мемле­кет­тік қадағалауды барлығы 381 инс­пектор жүзеге асырады. Олар­дың қадағалауына 9 мың кәсіп­орын және 230 мыңнан астам қауіпті өндірістік объектілер бар. Осы жүйе құрылған кезден бастап инс­пекторлар саны 4,3 еседен астамға қысқарған. 1991 жылы инспекторлар саны – 1 648, 2014 жылы – 510, 2020 жылы 449 маманды құрады. Елдің экономикалық өсуі және өнеркәсіптің қарқынды дамуының арқасында жыл сайын бақылана­тын объектілердің саны артып келе­ді. Сондықтан бір инспектор 603 объектіні бақылауға мәжбүр.

Инспекторлардың өнеркәсіп­тік қауіпсіздік талаптарын бұзушы­лықтарды уақтылы анықтауы қауіп­ті өндірістік объектілерде ава­рия­лардың туындауының алдын алады. Биылғы қаңтардан бастап өнер­кәсіптік қауіпсіздік бойынша бір жарым мыңнан астам тексеру жүргізіліпті. Соның ішінде 27 мыңнан астам бұзушылық анықталған. Адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру қаупін төндірген 432 объект және 4 субъект жұмысы тоқтатылды.

Ведомство басшысының айтуын­­ша, биыл қауіпті өндірістік объек­­тілерде 18 авария тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 25 пайызға аз. Оқиға сал­­дарынан 16 адам зардап шексе, 9 адам қаза тапты. Биылғы оң ди­на­микаға қарамастан, өнді­ріс­­т­е ава­рия­лардың туындау қаупі бұ­рын­­­ғысынша жоғары деңгейде қа­лып отыр. Соңғы 5 жылда авария­лар­­дың 30 пайызға өсуі байқалады. Бес жыл ішінде 125 апат болып, 110 адам зар­дап шекіп, 53 адам қайтыс болған.

Министр өз сөзінде төтенше жағдай­лардың алдын алу жөнін­дегі жұмыс жалғаса береті­ніне тоқ­тал­ды.

Үкімет сағаты отырысына төраға­лық еткен Мұхтар Құл-Мұхам­мед кездесу барысында көтеріл­ген барлық мәселелер мен айтыл­ған ұсыныстар ортақ тізбеге енгізі­­ліп, жауапты мемлекеттік орган­дар мен мекемелерге жібері­летінін жеткізді.