Жаңа дәуір келбеті
XXI ғасырдың басында әлем мемлекеттерінің ертеңгі күнге қызушылығы өте зор болып тұр. Болашақ мемлекеттерді ғана емес, ұлттарды да, әр отбасыларын да ойландырады. Ал болашақ жайлы ғылым – футурологияның негізін салған неміс әлеуметтанушысы О.Флехтгеймнің еңбегі 1943 жылы жарияланды. ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында ғана көптеген футурологиялық орталықтар пайда болып, олар әлемде шу туғызды. Коммунизмнен басқа болашақты мойындамайтын коммунистер оған аса құлақ аспады. Коммунистер ғана емес, көптеген мемлекеттік шенеуніктер, мемлекет басшылары да қарсы болды. Себебі, болжаулар мемлекеттердің бағдарламаларымен үйлеспеді. Қалай болғанда да, бүгін футурологтар ХХІ ғасырды тарихшыларға қарағанда терең біледі. Болжамдық ақпараттар болашақта белгілі бір уақиғаның қашан, қай жерде, кімнің жасайтынын айтпайды, бірақ қандай проблемалардың алға шығатынын болжайды. Ол демографиялық, әскери-саяси, экологиялық мәселелер, интернет және ақпарат ықпалы, тағы басқа да проблемалар. Адамзаттың басты мақсаты – қауіп-қатерден аман қалу. «Бүгін басқара білу – болжай білу» деген қағида өзін мойындатып келеді. Платон болжамды «ақылдың көзімен болашаққа үңілу» деген. Әр мемлекеттің ойланатын тұстары да аз емес. Сондықтан болашақты болжау қашанда оптимистік те, пессимистік те сипатта болып келеді. Бірқатар мемлекеттер сондықтан болашақ жобаларының оптимистік те, пессимистік те сценарийлерін жасайды. Оптимистер болашақ бүгінгіден жақсырақ болады, уақыт болашаққа қызмет жасайды десе, пессимистер болашақ бәрін өз орнына қояды, болашақ жұмбақ деседі. Дегенмен, оптимистер бүгін басым, олар өткеннен сабақ алғанда ғана болашақ жарқын болады деп сенеді. Діни ғалымдар бұйырғаны болады деп түйеді. Осы кезге дейін де болашақтың әртүрлі жорамалдары ұсынылды. Жаһандану идеологтарының бірқатары казіргі заманда ұлттық мәдениеттер құнсыздана бастайды да, олардың орнын гибридті, жасанды, «үшінші» бір мәдениеттер басатынына назар аударады. Тіпті ұлттық мемлекеттердің де заманы өтеді, олар саяси сахнадан жойылуға таяп қалды делінеді. Олардың экономикалық күш-қуатын трансұлттық компаниялар жұтып алып, дәрменсіз етіп отыр деген сияқты пікірлер айтылуда. Бірте-бірте осылай мемлекет космополиттік мемлекетке ұласады. «Оны кім жасайды?» – деген сауалға, ұлтының тілін, мәдениетін, тарихын білмейтін космополиттік элита жасайды деп болжайды. Ол болжам да негізсіз емес. Сондай-ақ, кеңес заманында «Барлық билік Советтерге» дегендей, «Барлық билік нарыққа» деген де ұрандар тасталды, ақша алға шықты. Ешқандай құндылықты қабылдамайтын тұтынушылық психология ақшаны – сөзсіз бас иетін, табынатын киелі затқа, дінге, сенімге айналдырды. Адам тіршілігінің бұрынғы бастаулары, тірегі бұзыла бастады. Енді бүгін адамның адамдық, кісілік қасиеттері төңірегінде ойлана бастадық. Мына жаңа заманда адам болу дегенді қалай түсінеміз деген сауалға жауап іздеудеміз. Дегенмен, елдің басын біріктіретін өзекті ой, бір идеяға сұраныстың барлығы да белгілі еді. Адам өмірінің құндылығы теңге мен доллардың айырбас бағасымен өлшенбейтінін, құнды бағыт- бағдардың қажеттілігін ел түсініп келеді. Бұл біздің қоғамның рухани сауыға бастағанын білдіретін нышаны деп қабылдайық. Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы Жолдауында «Қазақстан-2050» Стратегиясын нақтылай келе, «Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы» – деді. Өткен 22 жылда Қазақстан дамудың өзіндік жолын қалыптастырды, толып жатқан іс тындырылды, елдің ертеңіне, болашағына сенім орнады. Енді Президент тапсырмасымен Үкімет, ғалымдар, кәсіби мамандар бүгінгі заманның күнгейі мен теріскейін, жаһанданудың қайшылықтары мен оңтайлы тұстарын, жаңаша геосаяси жағдайдың нақты ықпалын есепке ала отырып, елге қауіп-қатердің алдын алатын болашақтың жобасын ұсынып отыр.Ұлт және ұлттық идея
Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Н.Назарбаев. Бұл тұста «ұлт» сөзінің мазмұнын анықтаған жөн. Бүгінгі әлеуметтік ғылымда «ұлт» ұғымы әрдайым екі жақты мағынада пайдаланылады: а) ұлт – тілі, діні, ата-мекені, мәдениеті, дәстүрі, ерекше мінез-құлқы бар қауымдастық. Осы тұрғыдан келгенде, «ұлт» пен «этнос» ұғымдарының мазмұны бір. б) саяси мағынасында ұлт мемлекет азаматтарының бірлігі ретінде қолданылады. Қазақстан Республикасының Конституциясы ұлт категориясын этникалық мәнінде тарқатады. Мысалы, 14-баптың екінші тармағында «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» – делінген. Сондай-ақ, 19-баптың, 1 тармағында «Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы» деп түйеді. 20-бапта ұлттық астамшылықты үгіттеуге жол берілмейтіндігі ескертіледі. Ал Қазақстан халқы, қазақстандықтар туралы сөз болса ұлт ұғымына мемлекеттік мән береміз. Осыдан келіп «ұлттық табыс», «ұлттық экономика», «ұлттық компания», «ұлттық қауіпсіздік», «ұлттық университет» дегенде біз ұлттық деп этникалық мағынада емес, мемлекеттік мәнін айтамыз. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевты Ұлт көшбасшысы дегенімізде қазақтардың ғана емес, қазақстандықтардың лидері деп қабылдаймыз. Әлемдік қауымдастықты Біріккен Ұлттар Ұйымы деп атайды. Сондықтан «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы – этникалық, тек қазақ ұлтына қатысты емес, барлық қазақстандықтардың басын біріктіретін идея. Әрине, мемлекет құраушы, мәдениет құраушы, мемлекеттік тілдің иесі қазақтардың орны бөлек. Тағы да бір мәселені айналып өтуге болмас. Кеңестік идеологияда тәрбиеленген ұрпақ «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын үйреншікті мемлекеттік идеология деп те қабылдап қалар. Себебі, біз бір нысаналық бағыт ұстанған мемлекеттік идеологияның ықпалында болып, оның беделі әртүрлі жолдармен, тіпті зорлық-зомбылықпен күшейтілді. Ол идеологияға қарсы тұру түгіл, оның ығында жүрмеудің өзі үрей туғызатындай еді. Идеология мен қоғамдық өмірдің алшақтығы айналып келгенде кеңестік қоғамды әлсіретті. Біз бүгін ой-пікірлер бәсекелестігі қоғамында өмір сүреміз, идеологиялық плюрализм біздің ата заңымызда бекітілген. Сондықтан біздің қоғам ешқандай идеологияны міндеттемейді. Идеологиялық монизмді, ұлттық, діни менсінбеушілікті, идеологиялық бас бұлтартпайтын қатаң бір тапқа, партияға бағындыруды біз білмейміз. Бірақ әртүрлі қауымдастықтардың (ұлт, диаспоралар, діни бірлестіктер, т. б.) сана-сезімін білдіретін, мүддесін қорғайтын бізде идеология жоқ деуге болмайды. Сондықтан біздің қоғам тұтастай идеологиясыз да, идеологияланған да қоғам емес. Сонымен бірге, партиялық, ұлттық, діни, таптық, топтық, басқа да мүдделермен үйлесіп жатқан, олардан жоғары тұратын ерекше құндылықтар да бар. Олар «Мәңгілік Ел» идеясында толық көрініс алып отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы осы жеті құндылықты атап көрсетті. «Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы. Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият. Төртіншіден, бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім. Бесіншіден, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы. Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы».«Мәңгілік Ел» идеясының тарихи тамыры
Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Н.Назарбаев. Ешкімге тәуелсіз, еркін өмір сүрген, елін жаудан азат еткен күллі көне түркі елінің арманы да мәңгілік Ел идеясы болған. Елін тәуелсіз еткен Күлтегін батыр халықты байлыққа кенелткен: «Жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым. Тату елге жақсылық қылдым», – деп мақтаныш сезіммен баяндаған. Жоңғар шапқыншылығы және Ақтабан-шұбырынды алмағайып заманда қазақ ұлттық идеясының бағыт-бағдары айқындалып, отаншылдық, патриоттық сарыны өзекті ойларға арқау болады. Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастаны ұлттық идеяның негізіне айналды. Иә, «Ақтабан-шұбырынды, алқа көл сұлама» заманы алты алашқа сын болды. Көрші екі ел, Қытай мен Ресей, қалмаққа қару беріп, қазаққа айдап салды. Алты алаштың ұлдары қысылтаяң кезеңде сырт дұшпанға алданып, Ресей мен Қытайдың айтқанына еріп, бір-біріне жәрдем бере алмады. Қазаққа күнгей беттен түрікпендер соқтықты, башқұрттар татарларды шапты. Ноғайдан басқалары қазаққа болыспады. Сөйтіп, қандастар жат болды. Екінші мәселе қазақтың ішкі бірлігі. Н.Назарбаев «Ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі» деп орынды айтқан. Сонымен, елім-ай елдік психологиясы – елді тұтастыратын, үш жүздің басын қосатын, көсем, шешен би сайлайтын, көршімен жауласу үшін емес, татуласу, тіл табыстыратын идея. Қазақ ұйымдасып, тізе қосып, топтасып, әскер құрып, есін жиып, жауды қазақ ұлттық идеясы түбі жеңді. «Әр пенде өз халқына сенеді екен, Тіршілікте ер ел-жұртын көреді екен» дей келе, Қожаберген жырау «қазаққа ұйымшылдық жарасып тұр» дейді.Адам әлеуетінің дамуы
Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. Н.Назарбаев. Дені сау да білімді, жігерлі де намысты азаматтардан тұратын қоғам сөзсіз өмір сүрудің жаңа ілгері жолдарына бастап табысқа жеткізеді. Аса көрнекті әлеуметтанушы, В. И. Ленинмен пікір таластырып, социализм идеясына үлкен күмән туғызғаны үшін АҚШ-қа жер аударылған Питирим Сорокин 1920 жылы былай деген: «Қай қоғамның да тағдыры ең алдымен, оның мүшелерінің қадір-қасиетіне тәуелді. Өңкей ақымақтар мен қабілетсіз адамдардан тұратын қоғам ешуақытта табысқа жетпейді. Бір топ шайтанға тамаша конституция берсеңіз де онымен бәрібір жақсы қоғам жасай алмайсыз. Керісінше, дарынды және жігерлі адамдардан тұратын қоғам ілгері дамыған елге сөзсіз қол жеткізеді». Білім мен парасатқа емес, үстемдік пен күшке сүйенген елдің күйрейтінін болжаған ғалым 89 жасында 1968 жылы дүниеден озды. Мәңгі Ел болу азаматтардың бойындағы білімі, денсаулығы, кісілігі және кәсіби тәжірибесіне байланысты. Сол адамдық қасиеттер елді өрге сүйрейді. Білікті, өзіне өзі сенетін адам көптеген жағдайда қоғамды дүниеқоңыздықтан, жемқорлықтан қорғайды. Білімді, парасатты адам жеке адамға, таныс-тамырына, ағайын-туысына емес, өз бойындағы қасиетке сенеді. Соңғы жылдары адам әулетінің даму индексінің үш өлшемнен тұратын жүйесі қалыптасты. Бірінші – өмір сұру ұзақтығы, екінші көрсеткіш – ересектердің сауаттылығы және балалардың мектепке дейінгі мекемелермен және мектеппен қамтылуы, үшінші – ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы үлесі. 2012 жылдың аяғы мен 2013 жылдың басында БҰҰ-ның адам әлеуеті даму индексі бойынша Қазақстан 187 елдің ішінде 69-орында. Бұл сауаттылық, білім, өмір сүру ұзақтығы және тұрмыс деңгейлердің жинақталған көрсеткіші. Адам дамуы индексі бойынша көптеген мемлекеттер, бұрынғы одақ республикалары, «жоғары деңгейдегі» елдерге жатады. Бұл Эстония (33 орын), Литва (41), Латвия (44), Белоруссия (50), РФ (55), Қазақстан (69), Грузия (72), Украина (78), Әзербайжан (82), Армения (87). «Орташа» деңгейдегі елдер Түрікменстан (102), Молдова (113), Өзбекстан (114), сондай-ақ Қырғызстан мен Тәжікстан 125 орынды бөліседі. 2050 жылғы Қазақстанда ішкі жалпы өнім көлемін жан басына шаққанда 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін өсіру көзделуде. Ал өмір сүру ұзақтығын 69 жастан 80 жасқа дейін жеткізу жоспарлануда. Бүгін сонымен білімді, дені сау, заңға, әділдікке сенетін азамат тәрбиелеудің маңызы артып отыр. Денің сау, білімді маман болғаныңмен, қоғамда әділеттілік орнамай, заң үстемдік етпесе, бойыңдағы қасиеттеріңді іске асыра алмайсың.Қазақты намысы қамшыласын
«Мәңгілік Ел» болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы ұмтылуымыз керек. Н.Назарбаев. 2013 жылы, ресми деректер бойынша, қазақтар елімізде 65 %-дан асты деп Н.Ә.Назарбаев жариялады. БҰҰ өлшемі бойынша, бұл мемлекетіміз ұлттық сипат алды дегенді білдіреді. Бірақ қазақ ұлт болып ұйысты дегенді білдірмейді. Президент ең бастысы, қазақ ұлтының тұтастығын, тіл бірлігін алға тартты. Тарихи атамекені бар, сол жерде тұрып жатқан халықты әлі ұлт деуге болмайды. Миллиондаған қазақтар бар, біразымыз шетте, жер жағынан тоғызыншы орындамыз, бірақ тіліміздің, мәдениетіміздің, дініміздің, дәстүріміздің толық иесі емеспіз. Қазақтың статистикалық саны мен сапасының арасы алшақ. «Мәңгілік Ел» – ұлттық идеясы қазақты жаһандану заманында, бір жағынан, өз мұрасын сақтап, өз тарихының иесі болуға итермелесе, екінші жағынан, қазақ жаңаруға, басқадан үйренуге бейімді болу керек. Осы екі үрдісті ұштастыру оңай емес. «Жапония рухы, Батыс технологиясы» («Японский дух», «Западная технология») қағидасын жүзеге асырып, жапондықтар өз мәдениетін сақтап дамытуда. Бұл қағиданы басқа да Оңтүстік Азия мемлекеттері басшылыққа алуда. Олардың ұстанымы: «Ойың әр жақты, әрекетің дәл, нақты болсын» («думай глобально, действуй локально»). Дамыған елдер қазақ сияқты халықты белгілі бір санаулы өндіріске ғана бейімдеп, әлем елдерін дамыған және дамымаған деп жікке бөліп, соңғыларын тәуелді етіп қойып, тауар өндіре алмайтын кемшін ұлттардың сұранысын қанағаттандыру – көнеден келе жатқан саясат. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан тауарлары мен қызметтерінің озық халықаралық стандарттардың деңгейіне шығуын басты мақсат етіп қойып отыр. Себебі, елімізде соңғы жылдары терең де күрделі өзгерістер жүріп жатқанымен, экономикалық саладағы келбетімізді анықтап, дамыған елдердің ортасынан өз орнымызды алуға енді бағыт ұстандық. Жаһандану тұсында тауарлар, ақша шексіз алмасқан тұста ұлт туралы көзқарас та өзгеруде, жаңа теориялар пайда болуда. Ұлт дегеніміз бүгін тілдік, мәдени, діни қауымдастық қана емес, ол бренд, оның бәсекелестікке сай өндіретін тауары. Ұлттық мемлекет сол тауарды өндіретін корпорация ғана. Бұл теория мен келісейік не келіспейік, мәселе онда емес, ұлттың беделі, жақсы аты (имиджі) оның өндіретін тауарларымен де өлшенетіні анық, ал ол өлшем ұлттың халықтар арасындағы орнын, беделін анықтайтыны ақиқат. Бренд тауар шығарған мемлекеттің тауарымен бірге оның тарихы, дәстүрі, ұлттық мәдениеті бірге тарайды. “Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы” дейтін қазаққа ақша, дүние аса құндылық болмаған. Социалистік идеология да байлықты қолдамады. Біздің халық тым қанағатшыл, жаманнан жоғары, жақсыдан төмендеу дегендей өмірге бейімделген. Әсіресе, ауыл халқы. Кедей болса да ненің жетіспейтінінен гөрі, қолда барға риза. Қарапайым қазақтың бірқатары байлыққа да, байларға да үлкен күдікпен қарайды. Байлыққа тек ұрлықпен, талан-таражбен қол жеткізуге болады деп есептейді. Одан қалса пара алып, жемқорлық жолмен, басқа да ұрлық жолдармен жетуге болады деп ойлайды. Оларды еңбекқор, ізденгіш, дарынды, кейде жолы болғыш байлар да бар деп сендіру қиын. Жаһандану заманында қазақтық дәстүрімізді сақтай біліп, Батыстың кейбір қағидаларынан үйренуге тура келеді. Қазақты дарақы мінезден арылту, қайта тәрбиелеу міндеті тұр. Бүгінгі жас ұрпақтың кейбіреулері өз еңбегімен табыс табуға, іскерлікке бейімделуде. Ақшаны мақсатқа сәйкес орынды жұмсау, дүние-мүліктің қадірін түсіну, еңбекті қасиет тұтатындар енді көбеюде. Заман қазақтың психологиясын, өмірге көзқарасын өзгертуді талап етеді, жалпақшешейлікті көтермейді. Себебі, жаһандану тұсында бәсекелестік өрши түседі, арпалыс, талас, мемлекеттер тіпті жауласуға дейін барып жатыр. Уақыт іске жан-тәнімен берілуді, тиянақтылықты талап етіп отыр. Не нәрсені болса да ұқыпты пайдалану, шығынды азайту, ақшаны тиімді жұмсау, мемлекет экономикасында, үй тіршілігінде де ысырапқа жол бермеу, тиімсіз, пайдасыз іске үйір болмау ғана игілікке жеткізеді. Қазір «артық байлық не керек, денсау болса болды» деп әндету нарық заманына үйлеспейді. Байлық, қаржы – денсаулықтың көзі, ақшалы адам сүйген асын ішеді, қалаған жерінде демалады, таңдаған жеріне барып емделеді. Сондай-ақ, денсаулықтың өзі де байлық, дені сау адам ғана табыс табады, кредитін төлейді. Дәулетті де және деніміз де сау ұлт болуымыз керек. Ұлттық мамандар дайындау – қасиетті іс. «Кадры решают все» деп тегін айтылмаған. Кадрлар – біздің ертеңіміз. Әрбір жоғары оқу орны – ұлттық кадрлар дайындайтын ұстахана. Басқалардың қолынан келген іс қазақтардың да қолынан келеді. Басқалардың білгенін біз де біле аламыз. Біз өзіміздің бағамызды білуіміз керек. Мәселе кадрлар сабақтастығында. Қай заманда да аға ұрпақ тарихи сахнадан кеткенде, олардың орнына дайындығы мықты, тәрбие жағынан шыныққан ниеті бір жастар келеді. Сондықтан бүгін басқару саласындағы азаматтарды іріктеу, дайындау, зерек мамандарды қолдау қажет. Жастар әлі жетілген жоқ деп, жоғары биліктен шеттетуге дұрыс болмас, жетілмеген тұстарын өмірдің өзі пісіп жетілдіреді. Қазақтың бір-бірін қолдауы ұлттық менменшілдік емес. Егер тамыр-таныстық қазаққа пайда келтіретін білімді, іскер, лайықты адамдарды қолдайтын болса, ол дұрыс, одан қазақ ұтылмайды. Біздің ұлтшылдығымыз – патриотизм, қазақтың мәртебесін өсіру. Өзін сыйламаған ұлт басқаны да құрметтей алмайды. Өз жанына білімді қазақтарды тарту, тегі бір, тілі бір адами орта жасау бізге тиімді. Басқа ұлт өкілдерін мемлекеттік қызметке тарту дұрыс, оларды еліміздің қамын ойлайтын азаматтар етіп тәрбиелеу, қазақтың тілін үйрету біздің парызымыз. Қазақты менсінбейтін кейбір ұлыдержавалық тәкаппар жерлестерімізге оларды қарсы қойып, нигилистермен күресті қазақтар жүргізуі керек. Бұл әлемдік тәжірибе, оны біздің оралмандар жақсы біледі. Ақпарат құралдары, баспасөз, радио, теледидар, кино – қазақ ұлтына қызмет жасауға тиісті. Әрбір мәселенің төңірегінде қазақ ұлтына пайдалы қоғамдық пікір туғызып отыру керек. Қазақ мәселесін жиі көтеріп, әсіресе, басқа ұлт өкілдеріне қазақтың отарлауға, қуғын-сүргінге, кемсітушілікке ұшырағандығын, азапты көп шеккендігін, бүгін соның орнын толтыруға тырысатынын айтуымыз дұрыс. Диаспоралардың тағдыры тарихи отандарында шешіліп жатқандығын баса айтайық. Қазақтардың көбі әлі де ауылдық жерде даладағы әжетханаға барып, көмір, тезек жағып күн көріп отырғанын диаспора өкілдері білсін. Сонымен бірге, еліміздегі диаспоралардың іс-әрекетінен, ниетінен, қоғам хабардар болып отыруға тиісті. Тарихымызды білу парыз. Тарихын білмеген халық тастанды бала сияқты: талай халықтар мақұрым болып тарихынан, дәстүрінен, тілінен айырылды. Сонымен бірге, еліміздегі диаспораларды қазақ тарихын білуге, бірте-бірте өз тілімізге, өз ортамызға сіңіруге еңбек еткен жөн. Олар түбінде не еліне оралады, не сіңісіп кетеді. Басқа тілге ауысқан, басқа дінге өткен, әртүрлі партияға, руға, жүзге бөлінген, бірақ тегі бір, қаны бір қазақтардың басын, қазақ тілі, қазақ мәдениеті, мұсылман діні негізінде бірігу қажеттігі туып отыр. Қазақтың бірлігі біздің мақсатымыз, сонымен бірге ол Мәңгі Ел мақсатына жетудің жолы. Әр ұлт өз бақытын өз қолымен жасайды. Сондықтан қазақтың ертеңін ең алдымен, қазақ қана ойлауы керек. Ақшалы, жоғары еңбек ақы төленетін жұмыстарға қазақтардың ұмтылуы дұрыс. Айналып келгенде бұл ұлттың табысы, қаржылыларды да күндемейік. Бірақ табыс адал еңбекпен, термен келетін болсын. Тер – ең қымбат жанармай. Мәңгілік Ел жолында жеңіс әр уақытта қолға тие бермес, күте білу, төзімділік таныту – біздің парызымыз. Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, «ешбір секіріске, жөнсіз сынақ пен авантюризмге жол беруге болмайды». Біз бірден олжаға, молшылыққа жете алмаймыз, мысықтабандап, жылдан-жылға ақырын басып алға ұмтыламыз, әрбір игілікті іс ол да ілгері қадам, ол да жеңіс. Бізге дөрекілік, анайы турашылдық жараспайды, икемділік, сабырлық тиімді. Тұрмыс жақсарған сайын қазақтар арасында тоғышарлық психология, ұлттық селқостық, немкеттілік белең алып келеді, сонымен бірге кейбір жерлестеріміздің арасында кеңес заманынан қанға сіңген ұлыдержавалық ұлттық амбиция, менмендік те көрініс ала бастады. Оларға қазақ мәселесі уақытша науқандық мәселе болып көрінеді. Бүгін біз кеңестік үрдіске оралғандаймыз. Ұлтаралық қатынастардың қазақстандық моделін, үлгісін таптық деп, мәселені үзілді-кесілді шешілгендей көреміз. Осы жағдайда екінші үрдіс – қорғаныш үрдісі де күшейіп, патриоттық, ұлттық топтар арасында нигилизмге, астамшылыққа, тоғышарлыққа заңды қарсылық туып, ұлттық энергия шоғырланып, күш жинады. Біздің ұлы мерекеміз – Тәуелсіздіктің де жаңа жылдың көлеңкесінде қалғаны қазақ халқын бүгін ойландырып отыр. Қазақстан мереке күндері көп елдердің қатарында. Мүмкін екі жаңа жылды тойлау бізге артық та болар. Рождествоны тойлаумен шектелсек те болар еді. Ұлттық немкеттілік, менмендік пен ұлттық патриотизмнің үрдістерін өркениеттік арнаға икемдеп, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясымен үйлесім табу, алауыздықтан сақтап, Қазақстан жолын берекелі етеді. «Мәңгілік Ел» идеясы бізді шындыққа тура қарауға, қайсарлыққа, табандылыққа, қазақты әрбір істе көшбасшы болуға, ар-абырой сақтап, Ел намысын қорғауға жетелейді. Амангелді АЙТАЛЫ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы.