Катардың Доха қаласында қаңтардың 27-і мен 2 ақпан аралығында Халықаралық құсбегілер қауымдастығының (IAF) 45-кеңесі өтті. Қазақстаннан бұл ұйымға 2010 жылы «Қыран» республикалық федерациясы мүше болып кірген болатын. Бүгінгі таңда IAF 57 мемлекеттегі 30 мың құсбегінің басын қосатын 87 қауымдастықты біріктіріп отыр.
Ертеден келе жатқан әрі көне өнер саналатын аңшылықтың бір түрі – құсбегілік. Алайда, оның тарихы әлі толық жазылып болған жоқ. 2005 жылы қыркүйек айында Абу-Дабиде өткен «Саятшылық: бүкіләлемдік мұра» симпозиумында құсбегіліктің Отанын біреулер моңғол даласы, екіншілері Парсы елі деді. Үшінші біреулері жыртқыш құстарды қолға үйретіп онымен саятшылық құру Тұран мен Парсы елдерінде бір мезгілде дүниеге келіп, қатар дамыған дегенді алға тартты. Мәселен, парсы тіліндегі құжаттық деректерде жыртқыш құстарды алғаш рет Зороастраға дейін екі мың жыл бұрын Пишдадид (Pishdadid) династиясының патшасы Тахмоорет (Tahmooreth) пайдаланғаны айтылады. Демек, бұл құсбегіліктің тарихын 10 мың жылға дейін ұзартады. Жыртқыш құспен аңшылық құру туралы алғашқы кітап ХІІ ғасырда Парсы елінде Насереддин шахтың тапсырмасы бойынша жазылған көрінеді. Кейін ол ағылшын, француз, неміс тілдеріне аударылған.
Әлемге ақсүйектік, бекзаттық өнер ретінде әйгілі болған құсбегілік Еуропа елдеріне орта ғасырларда ғана тарағанын италиялық Марко Поло, ресейлік Николай Карамзин, поляк Адольф Янушкевич сияқты зерттеушілердің жазбаларынан аңғару қиын емес. Әсіресе, 1254-1324 жылдары өмір сүрген Құбылай ханның қол астында 15 жыл қызмет еткен жиһангер Марко Полоның пизалық жазушы Рустичелло жарыққа шығарған естелігін ерекше атап өтуге болады. Ол Құбылай ханның саятшылық мақсатында қолға үйреткен 500 аң сұңқары мен өзге де қыран құстары болғанын және оларды баптайтын 10 мың құсбегісі болғанын тамсана жазады. Тарихта сондай-ақ, Шыңғыс ханның 3 мың бүркіт, 2 мың қаршыға, 12 мың сұңқары болғаны, ал қазіргі қазақ даласында билік құрған хандардың арасында Жошының 3 мың, Абылай 500 бүркіт пен 300 қаршыға мен сұңқар ұстағаны туралы деректер сақталған. Өкінішке орай, ресейлік және кеңестік отарлық дәуірлерде қазақ халқының құсбегілік өнерін зерттеуге ғалымдар тарапынан жеткілікті деңгейде мән берілген жоқ. Бұл өзге халықтарға қарағанда көшпенді өмір салтынан ұзақ уақыт бойы қол үзбеуіне байланысты қазақ даласында айтарлықтай жоғары деңгейде дамыған аталмыш өнер түрінің көптеген құндылықтарының ұмыт қалуына өз әсерін тигізді.
Қазір жыртқыш құстарды сән үшін ұстайтындар мен оны саяхатшылардың көзбен көріп, қолмен ұстауына мүмкіндік беру арқылы табыс көзіне айналдырушылар саны жыл сайын өсіп келе жатыр. Осыған орай қыран құстардың заңсыз саудасы қызып тұр. «Көшпенділер мұрасы» халықаралық қоғамдық қорының президенті Сейдомар Батыржанның айтуынша, осыған орай еліміздегі киелі құстарымыздың ұясынан балапан өрбітуі күрт азайып кеткен көрінеді. Оңай олжаға құныққандар киелі құсты аңдып жүріп, қанаты жетілмей жатып балапанын қолды етеді екен. Сондықтан олар құсбегі Руслан Абылдың бастамасы бойынша, бүркіт мекендейтін жерлерді аралап, картаға түсіріп, қай жерде ұясы болса оны орман инспекторларына хабарлайды екен. Мақсат – бүркіт балапандарының көк аспанға көтерілмей жатып қолды болуына тосқауыл қою. Мәселен, былтыр маусым айында Райымбек ауданын аралаған кезде олар 15-тей ұяны анықтаған. Оның бесеуінде бүркіттің балапан басқаны анықталғанымен, оңай олжа іздегендер онда бірде-бір балапанды қалдырмапты. Оған дейін мамыр айында Кербұлақ ауданындағы Малайсары шыңынан бүркіттің 15 ұясын тапқанымен, жетеуінде құс патшасының ұрпақ өрбіткен белгісі анықталғанымен, онда да балапандар қолды болғаны анықталған.
«Бүркіт балапанын Кербұлақта мамырдың аяғында, ал Райымбек ауданында маусымның аяғында ұшырады. Сондықтан балапандар ұшып кетті деуге еш негіз жоқ. Сондай-ақ, біз болған жердің бәрінде автомашина іздері бар. Бұл да біздің сөзімізге айғақ бола алады. Бүркіт ұя басқан кезде орман инспекторлары оны үш-ақ мәрте бақылай алады. Сол себепті, көзден таса жерде оңай олжа іздегендер арам ойын еш қиындықсыз жүзеге асырады», деген Сейдомар Батыржан браконьерлердің бұл әрекетінен жергілікті тұрғындар да хабардар екенін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік рәмізде бейнеленген құс патшасының Қазақстандағы санын қазір ешкім айта алмайды. Бұл туралы орманшыларда да, бүркітшілер қауымдастығында да нақты мәлімет жоқ.
Жалпы, 4 жастан бастап ұя баса бастайтын бүркіттер жұптасқаннан кейін аққулар сияқты тіршілігінің соңына дейін бірге жүреді екен. Халқымыз оның еркегін шәулі, ұрғашысын ұябасар дейді. Мамандардың айтуынша, әр жұптың үнемі алмастырып отыратын 2-3 ұясы болатын көрінеді. Олар қыстың қақаған қаңтарында шағылысып, наурыз-сәуір айларында ұябасар негізінен 1-2 жұмыртқа салады. Оны шәулі мен ұябасар 40-45 күн бойы кезектесіп басып, шайқайды. Балапан жұмыртқаны жарып шыққанда бір аптадай құсықпен қоректендіріп, одан кейін етпен тамақтандырады. Олар 65-75 күннен соң ұшуға әрекеттене бастайды.
Сан ғасырлар бойы хат-хабар алмасудағы ең ұшқыр көмекші саналған көгершіндердің жолын кесіп, құпиясын әшкерелеу үшін өткен ғасырдың орта шенінде кейбір еуропалық мемлекеттер жыртқыш құстарды арнайы өсіріп, өз мақсаттарына пайдаланған екен. Алайда, техника жетістіктеріне байланысты ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап олардың да қызметі аяқталды. Дегенмен, оны жойылудан сақтап қалуға араша түсушілер де табылды. Соның бірі – Құсбегілердің халықаралық қауымдастығы болып отыр. Қазіргі таңда зимбабвелік Адриан Ломбард жетекшілік жасайтын бұл ұйымның басқару тобында бір жерлесіміз бар. Ол қауымдастықтың Азия, Африка және мұхиттар аймағы бойынша вице-президенті – тараздық Бақыт Қарнақбаев.
Жалпы, құсбегілікті қазір бір ұлтқа, не елге ғана телу мүмкін емес. Оны Құсбегілердің халықаралық қауымдастығы мүшелерінің құрамынан да аңғаруға болады. Онда – Австрия, АҚШ, Аргентина, БАӘ, Бельгия, Венгрия, Германия, Ирландия, Италия, Испания, Жапония, Канада, Катар, Қазақстан, Литва, Марокко, Мексика, Намибия, Нидерланды, ОАР, Перу, Польша, Португалия, Сербия, Словакия, Словения, Хорватия, Чехия, Франция, Швейцария мен Ұлыбританиядан бөлек, қауымдастырылған мүше, мүше-корреспондент, тірек элементі, бақылаушы мәртебесін иеленген өзге де елдер бар.
Бірақ, осыған қарамастан, оны ұлттық мәдениеттің бір брендіне айналдыруға қазақтың мүмкіндігі мен әлеуеті жетеді. Өйткені, басқа ұлт пен ұлыс өкілдері қазір жыртқыш құстардың ішінен саятшылыққа негізінен сұңқар мен қаршығаны ғана баулиды. Ал қазақ пен қырғыз халықтарында бүркітшілік те өте кең тараған саятшылық түрі саналады. Қазақ құсбегілері арасында бүркіт, сұңқар, қаршығадан бөлек, бұрын, ителгі, лашын, тұйғын, тұрымтайды да баулығандар болған. Өкінішке орай, кеңестік дәуірдегі отаршылдық саясаттың салдарынан құсбегіліктің атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүрлі мектебі үзілді. Тағдыр талқысымен Алтай асып Моңғолия мен Қытайға қоныс аударған қандастардың атажұртқа оралуымен бірге тәуелсіздік жылдары бүркіт, қаршыға, сұңқар баптаушылар саны қайта өсуде. Бірте-бірте енді өзге қыран құстарын қолға үйретуді жандандыруға мүмкіндік бар. Қазір оған өзіміз қызығушылық тудыра алмай отырмыз. Егер бүркітшілер сияқты оларды да ынталандыратын ел чемпионаттары мен фестивальдер ұйымдастырылатын болса, бұл жұмысты та бір жүйеге түсіруге болады. Бұған Спорт және денешынықтыру істері агенттігі, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, «Бүркітші» федерациясы, республикалық «Қыран» федерациясы қоғамдық қоры ұйытқы болуы тиіс. Сонымен қатар, құсбегілік тек бүркітшілікпен шектелмейтініне құзырлы органдардың көзін жеткізу үшін Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктерін жұмылдыру қажет сияқты. Тіпті, академиялық еңбектер жазып, қазақ жеріндегі сан-салалы құсбегілікті зерттеу үшін арнайы институт ашса да артық етпейді. Өйткені, ынтымақтастық қарым-қатынастар аса жоғары жылдамдықпен жүріп жатқан жаһандану үдерісі кезінде әр ел өзінің ғасырлар бойы жинақталған материалдық және рухани байлығын әлемге паш етуге ұмтылуда. Сол арқылы өзін өзгелерге танытып, әлемдік мәдениеттегі орнын барынша айшықтауға тырысуда. Бүгін істелетін жұмысты ертеңге ысырып жүре беретін болсақ, «қап» деп сан соғып қалуымыз күмәнсіз. Өйткені, Словения сияқты елдер құсбегілік туралы пәнді мектеп бағдарламасына енгізіп қойған көрінеді. Сондай-ақ, cұңқар бейнеленген ту көтеріп, күллі Еуропаны тұлпарларының тұяғының астында қалдырған Еділ патшаның шетелдіктер тамсана жазып кеткен қыл құйрықтыларының асыл тұқымдарынан айырылып қалғанымыз бізге сабақ болуы тиіс. Елімізде әлі күнге дейін мерзімді басылымдарда, энциклопедиялық жинақтарда құсбегілік өнердің тарихы 3 мың жылмен шектеліп жүр. Олардың келтіріп жүрген дәйектері түгелдей кеңестік дәуірден қалған ескі әдебиеттерден алынған. Академик Әлкей Марғұланның өткен ғасырда айтқан «Құбегілік – ұлы мәдениетіміздің зерттелмей тұрған ұлы тарауларының бірі», деген сөзі әлі өз мағынасын жойған жоқ. Ғалымның айтуынша, қазақ тілінде тікелей бүркітке қатысты ғана 1,5 мыңдай ұғым бар. Алматыдағы ғылым ордасына қарасты Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты сияқты ғылыми мекемелер мүмкіндігі шектеулі болғандықтан бұл бағытта өнімді жұмыс атқара алмай келе жатыр. 2 мың жыл бұрын Таңбалы тасқа қашалған саятшылық өнері көріністері мен ел аузында сақталған құсбегілік туралы аңыз-әңгімелер, наным-cенімдер және «Бүркіт» биі сияқты туындылар жан-жақты зерттеу нысанына айналып, ғылыми тұрғыдан сараптама жасау ісі өз зерттеушілерін күтуде.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
журналист.
АЛМАТЫ.