26 Ақпан, 2014

Бояуы қанық, ойы анық

1035 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
IMG_0418Өнердің құдіреті бөлек. Оны таразыға тартып, не метрлеп, болмаса қарыстап, сүйемдеп, теңшеп өлшей алмайсың. Өнерді түсіну керек, түйсініп, көңіліңнің кірсіз терезесінен сығыраймай ашық қарай алуың қажет. Сонда ғана оның бүкіл болмысын, сыр-сипатын, ішкі иірімін, сыртқы бітімін танисың. Анау алыптар өмір сүрген сұрқай делінетін заманда осы өнеріңіз өрде, биікте тұрды. Бел темірдей белгілі өкілдері төрде отырды. Аузы дуалы, өзі зия­лы делінді. Содан да шығар, қазір аттары аңызға айналған ұлт арыстары өз биігінде қырандай қалықтап жүр. Кейде солардың орнын бүгінгі қалталы, бай-бағлан дегендер қағып кеткендей көрінетіні бар. Бірақ бұл өнердің өміршеңдігін ескергенде қате ұғым. Қалталылардың асып-тасуы, шалқалап басуы, шарықтауы, үстем сөйлеп, үстел тоқпақтауы – ет пен терінің арасындағы жел-желік секілді. Тарих толқыны бір аунап түскенде әлгі тобыр тірлік иесі жұтылады. Ұлттың жаны, тәні  бары саналатын арлы адамдар тамырын тереңге жаяды. Олардың қолынан шыққан халықтық жәдігерлер, сан ғасырлардан бері қалыбын жоғалтпай келе жатқан үлгі, салт-сана желкенді қайықтай су бетіне қалқып шығады. Бұған арғы-бергі тарихқа, көп жұрттың өркендеу жолына зейін қойсаң көз жеткізесің. Тіпті, алалықтан мемлекеттігін жоғалтып алғандардың рухани дүниесіне дүние дүрмегі уақытша шаң түсіргенмен, мүлде өшіре алмайды. Қайта заман жаңғырған сайын әлгі елдің атын аспанға көтеріп, қатпар-қатпар тарихын алдыңа тартады. Оған өлермендікпен өшіккендердің өзі жойылып тынады. Макатаев

5у

4-2у

Сонда қандай құдіретті құндылық дейміз, ол – ұлт ұлыларының жан дүниесін жарып шыққан рухани байлық. Яғни, сөзбен өрілген, суретпен әспеттелген өлшеусіз мұраларымыз. Соның бірі – сурет өнері дер едік. Иә, қазақ көркем бояумен көрікті ой айтуды Адам ата, Хауа анадан бері жалғастырып, әсемдікті хақ нұрымен сәулелендіріп, өнер­дің кемерін кеңейтумен келеді. Мәселен, хал­қы­мыздың сурет өнерінің өткен ғасырдағы, жаңа дәуірдегі көш бастары Әбілхан Қастеев өзінен бұрын да бұл саланың алтын арқауы болғанын, ол жалғасып отырғанын тілге тиек етіп, «Мен сурет салуды таудың бұлағынан, көлдің құрағынан, анамның киізінен, қошқардың мүйізінен үйрендім», деуінің арғы астарында ұлт алдындағы кішілік пен кісілік жатқаны анық. Бұдан сабақ алсақ, санаға түйсек, қашанда ой мен бойдан шығармай жүрсек, есті адамның көңіл түкпірінде жатса, ұтылмасымыз анық. Себебі, Қазақ елінің іргетасы кешелі бері де қаланбағанын, салт-дәстүрі ежелден қалыптасқан. Тарихымыз тереңнен тамыр тартатынын кейінгі ұрпаққа жеткізіп отырсақ, олар текті жерден шыққанын мақтан етері сөзсіз. Жұртымыз бояудан өмірді танып, оюдан ой түйген, керек болса, сол ою арқылы тілектесіне сәлем «хат» жолдап тілдескен, сөйлескен, өзгеге көкейіндегі көп түйінді жеткізе алған. Осының өзінен-ақ қазақ сурет өнерін ерте заманда меңгергенін, тылсым ғаламның сыр-сипатын білгенін сезесің. Бір қарағанда, елеусіздеу көрінгенмен, шындығына келгенде, шынайы болмысымыз, яғни жақсы мен жайсаңдар, кемел кемеңгерлер бастаған ұлттың тыныс-тіршілігі ежелгі ескерткіштерде, одан кейінгі жәдігерлерде шым кестедей сан түрлі жолмен беріліп отырған. Далақтап шапқан жақсы, бірақ осындай ұлы дүниелер туралы, халқыңның, қазағыңның өнегесіне көз қырыңды салып, тізгін тартып артыңа да бір қарау да білгендіктің белгісі ғой. Соны кешегі алып жүрек, алып ойдың иесі, дәуірден оза туған дара данамыз Бауыржан Момышұлы былайша ескерткені бар еді: «Біздің ұрпақтың алдында үлгі-өнеге көрсеткен иманжүзді үлкендер болды. Шежіре қарттар болды. Біз өз кезегімізде сол алған ұлттық тәлімді өзімізден кейінгі өкше басарларымызға жарытып жеткізе алмадық. Бұған басқаны кінәлай берудің реті жоқ. Барды жоғалтуға келгенде, алдымызға жан салмайтын пысықпыз. Қашқанға да, қуғанға да қорған бола кететін, соны мақтан ететін дарақылығымыз тағы бар... Түрікмен ағайындар ана тілі мен дәстүрінен дәл қазақ секілді аулақтаған жоқ. Бұл – шындық! Дәстүр сабақтастығы үзілсе, қайта жалғау оңайға түспейді». Міне, бұл халқым, салтым деген қас батырдың бізге қал­­дырған өсиет сөзі. Осыны ұға алмасақ, ұлттық үдеден шыға алмасақ, бұрынғы өкініш өкініш пе, мына тіресіп тұрған замандағы өкініш омақастырмай қоймайды. Қазақ таланттан, талаптыдан кенде де, кем де болып көрген жоқ. Тек кейде бабын келтіре алмай, бағын байлайтынымыз бар. Оның үстіне, мыңнан тұлпар, жүзден сұңқар ілуде бір шығатынын ескермей, бас-басымызға би болып, бас-басымызға билік айтып, шын мықтыны шаңға көміп кететін сәтіміз де жоқ емес. Әрине, ол уақытша алдамшы тірлік еке­нін кейін түсініп, өзіміз «әттеген-ай!» десек, кейінгілер «әй, пенделер-ай!» дейтін тұс та болып қалады. Біз осындай ойларға жасы орда бұзар отыздың ішін аралап кеткен Алмас Сырғабаев деген талантты жігіттің бояуы қанық, ойы анық, қарасаң көзге оралып тұратын, айтары ақиқатқа толы туындыларын көрген соң келіп отырмыз. «Қандай сый тартсам екен, аға саған, (Білмеймін, жараспай ма, жараса ма?!) Ешбір сый таба алмасам, аға саған, Аппақ тонын – атамның тәбәрігін, Жүзге кел деп арқаңа жаба салам» дейтін Мұқағали өлеңінен туындатып, «Әділеттілік қашанда жеңеді, бірақ кешігіп жүреді» дейтін жанары от шашқан, сұсы басым «Батыр Бауыржан», сол секілді «Түндігін түртіп тұрған көк аспанның... Шаншылып әнеу тұрған Хан Тәңірі» – «Хан Тәңірі», «Сенбеймін әкем өлді дегенге мен, Себебі, ол үйімізден тірі аттанған» – «Күту» дәйекке алған ақын өлең­дері бастау басы болған – суреттердің қай-қайсысы да кереметтігімен көз тартады. Бір атап өтерлігі, «Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп, Жанар пайда болады соқырларға» деп жыр құдіретін тап басып айтқан жыр жампозы Мұқағали өлеңдері қазір жүздеген, тіпті, мыңдаған әннің тууына себепкер болса, Алмастың қыл қаламы арқылы сурет өнерінде де келісті көрініс таба бастапты. Соны қадамның соқпағына түскен талант иесі жоғарыдағы туындыларын ақынның жырын оқи отырып, бояу тілінде сөйлетіпті. Ақын Хан Тәңірді сөзбен қалай әдемі жырласа, суретші сан түрлі бояумен әдемі береді. Алыстағы ақ бас шың, оны төңіректеп жүрген ақ шарбы бұлттар, төмендегі жал-жал тау сілемдері, етектегі қалың қарағай, жасыл желек, қой тас – бәрі де жарасып тұр. Ал «Күту» атты шығарма да шырайлы. Ақын өлеңімен астасып-ақ тұр. «...Сарғайған құр үмітпен! Сәби ана сапардан ұлын күткен», «Есімде әлі әжемді өлерінде, Көзімше көрші шалдың алдағаны...», «Балаң тірі, тірі екен, хаты келді. Қиналма енді, жаныңды қалжыратпа...», «Бәсе... солай, кебенек киіп кеткен», деді де, Бәрімізді сүйіп беттен, Мазасыз жан алданып, толас тауып, Мәңгілік ұйқыменен ұйып кеткен». Міне, о дүниеге осылай аттанған ана суретте екі бүктеліп, оң қолымен күнді көлегейлеп, сол қолындағы таяққа сүйеніп, ұшы-қиыры жоқ далаға қадала қарайды. Шаңырақ тектес күндігі қос жаурынын қымтап, оның етегі жер­ге сәл тимей тұр. Үңіле қарасаң жүрек сыздайды. Ана көкейінде кеткен үміт, өмір үзілмейді дегенді ұқты­рады. Алмас Мұқағали шығармалары желісіне отыздан аса сурет салған екен. Солардың ішінде көзді баурап, жүрек қылын тербейтін «Мұқағали. Реквием». Бауыржан Момышұлы өмірден озғанда қарасөздің қас шебері Тахауи Ахтанов «Ноқталы заманда ноқтаға басы сыймаған» деген қанатты тіркес айтқан еді. Сол секілді Мұқағали да «Атамнан қалған мұра – ізеттілік, Арымды соған қойдым күзеттіріп... Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім» деп айтарын іркілмей айтқан ақын. Жоғарыдағы суретте «Моцарт. Жан азасының» авторы келісті кескінделген. «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін, Алынбаған ақым бар сенде менің. Бұйрат құмдар – бұйығып шөлдегенім, Бура бұлттар – бусанып терлегенім. Аспаныңдай кей сәтте күрсінемін, Жас талыңдай жауқазын бүршік едім. Кең дүние, керемет қалпыңменен, Жүрек болып кеудеме кірші менің», деп ноқта-рамкадан батыл аттап алға шыққан ақынның қыран қабағы түйіліп, өткір жанары алдына тесіле қарайды. Әлгі ноқта-рамкадан поэзия пырағының да қос қанаты мен алға шапшыған екі аяғы өтіп, жел үрлеген танауы делдиіп, ауыздықпен алысып, көзі шатынап көкке ұмтылады. Шылбырдың ұшы найзағай жасынындай ақын қаламының ұшына бір құдіретті күш беріп, көк жұлдызындай сәуле шашады. Сеніммен басқан нық қадам жыр жампозының мәңгілік өмірін дәйектеп тұрған тәрізді. Бір шетте көрінген роял бірде «Табын үнін» сыңсытып «Жаса сен мәңгі! Жаса сен мәңгі! Жарық күн!» десе, ақын тәні табытқа түскенмен жыры мәңгі екенін «Халық үні» жар сала айтып, «Табытыңды жасырса, жер жасырар, Ал уақыт, өзіңді жасырмайды» дейтіндей. «Жесірлер үні» «Қашаннан жерік қара жер, Жесірдің қайғы-мұңына» деп зар төгетіндей. «Жетімдер үні» – «Жетім болып жүріп-ақ жетілеміз» деген Мұқағали дауысы құлаққа жеткендей. «Бесік жыры» «Әлди, әлди, ақ балам, Ұйықтай ғой, ұйықта, Жат, балам, Мәңгілік сені тербеуге, Мәңгілік бесік сақтағам... Сор да жоқ мұнда, бақ та жоқ, Атақ та, құрмет, даңқ та жоқ. Жетпейді мұнда өсек те, Жетпейді саған атқан оқ, Әлди, әлди, ақ балам, Мәңгілік тыныш жат, балам... Өмірді қалай сыйласаң, Өлімді сондай жат көрме» деп тербелгендей. Осының бәрі суретшінің аталмыш туындысында тұнбадай тұнып тұр. Ақын бейнесі де әр қырынан әспеттелген. Сондай суреттері жыр дүлдүлінің 80 жылдығына орай өткізілген көрмеде көптің көңілінен шыққаны, жоғары бағасын алғаны есте. Ондай дүниелері Отанымызда ғана емес, бауырлас Түркияда болған жеке көрмесінде көрген көзді сүйсіндірген. Сол шараға ұйытқы болған халықаралық «Диалог Еуразия» платформасы екенін айта кетсек дейміз. Өлеңінен хабардар түркиялықтар суретшінің сан түрлі бояумен өрнектелген суреттеріне зейін қойғанда оның шеберлігіне қол соғып, түрлі басылымдарда Мұқағали бейнесін жарыса жариялапты. Аудармасыз-ақ түсінетін өнер тілінің құдіреті деген осы шығар. Әсіресе, Ыстамбұл, Измир, Бурса қалаларының тұрғындары «Хан Тәңірі» сериясы бойынша салған «Майгүл», «Көш», «Байынқол», «Дала төсіндегі жылқылар», «Шеше, сен бақыттысың», т.б. картиналарға ерекше ілтипат танытыпты. Мұқағали өлеңдеріндегі әсем табиғат, сол табиғаттың төл тумасы саналатын таулы мекен мен тағдырлы адамдар – бәрі-бәрі шынайылығымен, шымырлығымен есте қалады. Осындай рухани құндылықтың тілін тауып, өрісін кеңейткен қыл қалам иесінің өрісті ой өлшемінің кереметтігіне шынайы көз жеткізгенде, бүкіл бір мемлекеттің атымен қатар аталатын Мике­ланджелоның: «Әрбір алып тастың ішінде адамның бейнесі бар. Мүсіншінің құдіреті соны бостандыққа шығара білуінде» деген сөзі ойға оралды. Иә, біз сөз етіп отырған суретші шеберлігі ақын өлеңінің болмысын, қырық қатпар құпиясын керемет бояу тілінде сөйлете алуында жатыр. Қай суретін алсаң да Мұқағали тіл қатады. Сол сәтте оның от шашқан жыр шумақтары есіңе түседі. Ақынның көп жұрттан биік еңсесі, көбіне тұлпардай шұлғып, бір сілкіп қалғанда қайратты шашы артқа жапырылып, маңдайы ашылып шыға келетін тұсы, тұсаулы аттай кібіртіктемей, адымдап басар қадамы – көз алдыңнан жіпке тізген маржандай өтіп жататынын қайтерсің! Осының бәрін Алмастың туындыларынан аңғарып отырасың. Бояуды дұрыс таңдап, орнымен қолданып, ой қазанында қорыта білсең, осындай өлмес өнер өмірге келетін көрінеді. – Мен халқымның, Алашымның арыстарын сурет арқылы көрсетуге бел байладым. Қаламгерлер олар туралы көркем дүниелер туғызса, мен сан түрлі бояу тілімен көрсетсем деймін. Алда ұлы әнші Әмірені, түркі дүниесі түгел бол деп өткен Мұстафа Шоқайды, бүкіл Алаш арыстарының тұғыры мықты тұлғасын қыл қаламмен түгендеп, жұртқа жеткізсем мақсатымның орындалғаны. Сөйтіп, кейінгі толқынға алдыңғы алыптардың бейнесін сый қылып тартсам деген үміт бар, – дейді Алмас. Халқын толық танып білген адам ғана осылай дей алса керек. Қазақ «Шөп шыққан жерге шығады. Тақырға тікен де өнбейді» деп жатады. Бұл да ақиқат. Алмастың кіндік қаны тамған өңір Хан Тәңірдің баурайы болса, түйірдей нәрден зейінді ұл өсірген ата-анасы да зерделі жандар екен. Әкесі өзге мамандықтың иесі бола тұрып, бояуды мың құбылтып сурет салыпты. Қазақ мультфильмінің атасы Әмен Хайдаровтың шеберханасында жұмыс істепті. Бірақ, оқуды бітірген соң Алматыда қалып, атақ іздемей, ауылына барып ұстаздық қызмет атқарыпты. Бүкіл өмірін сол салаға арнапты. Әйтсе де, «Әке балаға сыншы» деп Алмастың бойына тәңір берген талантты әкенің жан дүниесі ерте аңғарып, өзі аяғына жеткізе алмаған өнер жолына ұлын жетелепті. Сурет мектебіне апарыпты. Жетінші сыныпта жүргенде қыран қанат ақын Мұқағалидың жырларын оқытыпты. Сонда Алмасқа ерекше әсер еткен өлең «Қайран жеңгем» болыпты. «Су сұрасам, сүт берген, айран берген» деген жолды әлденеше қайталап, қолына қарындаш, қағаз алыпты. Өмірдің ыстығын да, суығын да көрген, сұқ көздерге «жем» болып кетпей келе жатқан Мұқағалиға жеңге, өзіне ана бейнесі бала қиялы шамырқанған түсте қағазға түсіпті. Сол «Қайран жеңгем» суреті аудан, облыс көлемінде жоғары бағаланып, жүлде алады. Бұл оның шабытына шабыт қосады. Қазақ пен көкпар егіз ұғым. Алмас Шәлкөденің жайлауында көкпар тартқандардың қызығына талай рет көз майын тауысып қараған. Түсіріп қалмаса да далақтап соңынан ерген. Сол көріністі бояу тілінде өрнектеп, «Көкпар» деген көркем дүниені салады. Тырнақ алдысынан кейінгі дүниесі Финляндияда жас-өспірімдерге арналған халықаралық көрмеде жоғары бағаланады. Жүйріктер қатарынан табылады. Амал не, арсыз ажалға тосқауыл жоқ, балапандай баулып, бағын ашсам деп жүрген әкесі Болатхан 49 жасында өмірден озады. Артында ұрпағы, сонымен бірге, «Әулие шоқы», «Желсіз түнде жарық-ай», «Ұлым Санжар», басқа дүниелер қалады. Жоғары мектепті бітіріп, «Балдырған», «Ұлан» сынды балалар басылымында жұмыс істеп жүрген Алмас туған топырағына оралуға тура келеді. Әкесінің жолын жалғайды. Мектепте мұғалімдік қызмет атқарады. Ес жия келе анасы Зақан Нұрымқызы толысып келе жатқан ұлының шығармашылығы ауылда тұйықталып қалама деп, Алматыдан асырып, Астанаға жібереді. Қазір Алмас пәтер жалдап елордада тұрып жатыр. – Біз қазір қалыптасқан кітап безендіру дәстүрінен айырылып қалдық. Басқаны қайдам, балалар кітабына обал. Ұл мен қызды ізгілікке, нәзіктікке баулудың бір жолы сурет өнері. Қазақ баласы талантты, талапты. Ол ес біле салып жазып, не оқып кетпейді. Сурет салуға ұмтылады. Осыдан-ақ көп нәрсе аңғарылып тұр емес пе? Баяғы қазақтың баласы әкесі қамшы өріп отырса, соны үйренсем деп талпынатын. Сурет салу да солай. Мен де әкеме қарап ой жетілдіріп, бой түзегем. Сурет көзбен көретін – өлең, оқитын – шығарма. Қазір көп жұрт жасандылық билеген Еуропаға еліктейді. Еуропаға еліктеп опа таппайсың. Әрине, бір кездері ол құрлық құлпырған. Керемет дүниелер туған. Мысалы, Микеланджело Италияны көкке көтерді. Ұлы тұлға әлі сол биігінде тұр. Ал мемлекеті бірде олай, бірде былай. Осының өзінен-ақ өнердің мәңгілік екеніне кім күмән келтіре алады. Иә, қайталап айтайын, Еуропа әдемі мәдениетін жоғалтты. Оны енді қалпына келтіру оңай емес шығар. Іргедегі Ресей сурет салуды табандап тұрып бес жыл оқытады. Себебі, «Сурет өнеріндегі дәстүрді бұзып алмайық. Жалғаса берсін», дейді. Түрлі-түсті қарындаш пен қағаздан ұрпағының қолын босатпай отыр. Біздің мектептердегі сурет пәніне бір сағат қана бөлінген. Оның өзі дұрыс оқытылмайды. Көп жерде жанбақы тірлікке айналып тұр. Мұндай атүстілік талантты көктей солдыру деп білемін. Тағы бір айтайын дегенім, баланың ой-санасын өсіру үшін түрлі-түсті бояулар арқылы бейнелер жасайтын дәптерлер, кітаптар шығарылады. Бұл көбіне орыс тілді болып келеді. Соны қазақшалаған боламыз. Бірақ ұлттық үлгі, қазақы бейне онда жоқ. Балалар бояғанда басқалардың бейнесі, африкалықтардың түр-түсі шыға келеді. Егер сондай ұрпаққа қажет рухани дүниеде Астананың ажары, халықтың салт-дәстүрі, ұлттық киім үлгілері, үлбіреген ұл, қызғалдақтай қазақ қызы, ақсақалды ата, ақ жаулықты ана, байтақ дала, асқар тау, мөлдір бұлақ, тұнық көл бейнеленіп, бояғанда соның бәрі көз алдыңа тұра қалса, жамырай айтып жүрген отаншылдық, патриотизміңіз сол емес пе?! Кітапты безендіру арқылы да ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруге болады. Қанша жерден қара күйе жақсақ та, Кеңес дәуірінде кітап безендіруге ерекше мән берілетін. Әсіресе, халықтық үлгідегі сюжеттік суреттермен көркемделген жинақтардың жөні бөлек еді. Бала кітапты оқып отырып, батыр, би, ақылды ана, тәрбиелі бала деген қандай болатынын мәтінмен қатар, суреттерден көріп отыратын. Олар болмаса да ұқсап бағуға тырысатын. Қазір ондай дүние жоқтың қасы. Көз тартар шығар­машылық графиканы компьютерлік графика басып кетті. Нәзік бояудың әрі мен нәрін қарабайыр ойсыз салынған кескіндер жұтатып, шығармашылық ізденісті жойып, қатып қалған, «бола береді ғой» «жау­лады». Ақыл-ойдан шық­қан шығармашылық жемісін фотомен салыстыруға еш болмайды. Техника адамның жасағанын жасай алмайды. Оның «салған» бейнесі тартымды шықпайды. Әрине, оны зерделей алғандар ғана ұғады. Бір сөзбен айтқанда, өнер – ақшаның құлына айналуда. Сонау жылдары батырлар, лиро-эпос жырларының, ертегілердің безендірілуі қандай еді? К.Баранов, А.Гурьев, Н.Гаевтердің заманында әдемі суретпен әрленген кітаптардағы Қобыланды, Алпамыс, Ертарғын, басқа да батырлар, сол тұстағы ақын-жазушылардың кітап­тары көз тартып, көңілді тойғызатын. Қылыш­тасып, найзаласып жатқан жүрек жұтқан ерлер, ұлттық салт-дәстүрлеріміз, табиғат көріністері айшықты да тартымды бейнеленген суреттер алдыңғы толқынның әлі күнге дейін көз алдынан кете қоймағаны анық. Әсіресе, Евгений Сидоркиннің Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының әр тарауына салған ғажап бейнелер, одан кейінгі толқын арасынан топ жарып шыққан Ағымсалы Дүзелханов, Меңдібай Әлин, басқа да шеберлердің көркем дүниелері оқушыны ұлттық өнегеге тәрбиелеп отыратын еді. Әсіресе, балалар кітаптарын безендіруде график Балтабай Табылдиевтің өзіндік қолтаңбасы ерекше болатын. Қазір олардың аты көп айтыла бермейді. Егер сондай ардақты азаматтардың иллюстрацияларын қайта жаңғыртсақ, кейінгі жастар содан үлгі-өнеге алар еді. Мен артта қалған дәуірді аңсап отырғам жоқ. Дегенмен, өткенді ескере бермейтін, тек көз алдымыздағыны көретін «кеселге» тап болғанымызды жасыра алмаймын. Біз бұрынғы кезеңдердегі сабақтастықты, дәстүрді жалғастыра алмасақ, ол бізден кейінгілерге кері әсерін тигізіп, өзімшіл болып өзеурері сөзсіз. Мұндай жат қылық ұлт руханиятын өсірмейді, өшіреді. Сурет өнеріндегі айтулы өкілдердің мұрасын шаңға көміп, атын ұмыт қалдыру тәрізді қылық демікпедей дендете беруі мүмкін ғой. Сондықтан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрді қаға берісте қалдырмай, жақсыларымызды жарқыратып көрсетсек ұтылмас едік. Мен жоғарыда айтқан Еуропа осындай өзім ғана білем деген үстемшілдіктен құлдырауға ұрынып жатыр. Рухани құлдырау – экономикалық құлдыраудан да қауіпті. Оған ұрынған жұрт халықтық қалыбынан ажырап қалуы ғажап емес, – деп түйнектей түйіледі өнер иесі. Осы сәт біздің есімізге төрт жүз беттен асатын «История России» атты кітап түскен еді. Бұл негізінен оқушыларға арналған. Компьютерлік графикадан ада 1500 түрлі-түсті иллюстрация пайдаланылған. Әрбір оқиға алуан түрлі бояулармен салынған белгілі суретшілердің еңбегімен көркемделіп отырады. Мәселен, В.Ленин, И.Сталин, В.Жуков, тағы басқалар туралы материалдарға олардың суретшілер салған бейнесі берілген. Компьютерлік фото жоқ деуге болады. Оқушы ел тарихын оқи отырып, өнер туындыларымен танысады, табысады. Мол тағылым алады. Тәрбие үйренеді. Алмас Сырғабаев кітап безендіру жөніндегі байламын Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» поэмасына салған суретімен дәйектеді. Өткен жылы ғана «Үш қиян» баспасынан жарық көрген айтулы туындыға жасаған иллюстрациядан поэманың бүкіл бітім-болмысы көрініп тұр. Сөзіміз жалаң шықпас үшін мысалға жүгінер болсақ, алапат жау ойрандаған елдің шаңырағы табан астында қалғанын ойлы етіп берген. Ал «Әр өлікке жалп беріп, қонып жатыр, Даланың түндік қанат құзғындары» деген жолдарға салған ауқымды иллюстрациядағы көк жүзінде дамылсыз ұшқан құстар, шашақ таққан қиықша, арса-арса қабырғаға қадалған жебе, әсіресе, оның үстінде отырған мойны иір құзғын – төбе шашыңды тік тұрғызады. Ал еліне ара түсіп, шейіт болғанын, жер қойнына тапсыра алмай, соны зар қылған Қабай жыраудың құлағына бір шырылдаған бала дауысы естіледі. «О, жасаған, кімдікі әлгі дауыс. Тірілді ме артымда қалған өлік» деген Қабай әлгі баланы қолындағы тәспімен жұбатып тұрған сәтте, «Сен ғанасың, құлыным, сен ғанасың, Мен де көпке бармаспын, сен қаласың. Ойран болған ордаңның орнына кеп, Отау тігіп, оттарын сен жағасың!» деп тұрғандай әсерге бөлейді. Абыздың қасындағы жебе шаншылған бесікте аман қалған бала Райымбек екенін бірден түсінесің. Бала өсе келіп, абызбен тілдескен тұсы да иллюстрацияда ерекше көрініс тапқан. Бала мен Қабай жырау арасындағы әңгімеге салынған суреттен ұлттық рух мен мұндалап тұрады. Бір тұста Райымбек: «Батырлар жоқ бұл елде, Қатындар бар бұл елде, Әркім қара басының амандығын тілеуде», деп сұраулы жүзбен қарағанда қарт: «Жамандама жұртыңды, жамандасаң, болмассың», деп ақыл айтатыны бар. Бұл жырау мен жігіттің қатар келе жатқан сәтінде бейнеленген. Пышақтың қырындай жинақты оқып отырып, үйлесім тапқан суреттерге зейін саласың. Зейін саласың да бәрекелді дейсің. Ауыздықпен алысқан арғымақтар, қару-жарақ­тар, қыран құстар, бала көтерген аналар, ту көтеріп, найза ұстаған батырлар – бәрі де жарасымды. Осыған қарап Алмастың кітап безендіру жөніндегі ойына иланбасқа болмайтындай. Бүкіл саналы ғұмырын сурет өнеріне арнап келе жатқан Алмас Болатханұлының қыл қаламынан туған дүниелердің ұзын саны қазір жүзге таяп қалса, көкейінде жүрген дүниелері де аз емес. Қазір «Тәңір тау» сериясы бойынша табиғат ананың бүкіл болмысын көрсету үшін еңбектеніп жүр екен. Сонымен қатар, поэзия, проза саласындағы атақты туын­дылардың желісінде иллюстрация салу үрдісін де жалғастырып, ертеңімізге қажет ұлт ұлыларын терең зерттеуге зейін қойған. Ұмтылысы да, талпынысы да ұлт руханиятына үлес қосу. Жаһандану заманында қазақ елінің бет-бейнесін, байтақ даласын, алып адамдарын, көркем табиғатын өзгелердің көз алдына әкеліп, бұл неткен керемет ел еді дегізу. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».