Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»
Жарыстың алғашқы күні еліміздің ерлер мен әйелдер құрамасы үш жүлдеге иелік еткенде, барша қазақ жанкүйері кәдімгідей марқайып қалды. 64 кило салмақтағы Рахат Жаңаниет бастапқы бәсекелерде грекиялық Саввая Каракизидис пен түрікменстандық Мұхаммед Косековтің аяғын көктен келтірсе, жартылай финалда белоруссиялық Павел Гладкихты жеңді. Ақтық сында тәжікстандық Хушкадам Кхусравовты қапы қалдырған қандасымыз әлем чемпионы атанды.
58 кило салмақтағы Болатбек Райымқұлов та алғашқы айналымда бос болып, келесі кезеңде әзербайжандық Эйвас Бахшиевтен басым түсті. Жартылай финалда қандасымыздың жолы Тәжікстанның атақты балуаны Ақмалиддин Каримовпен қиысты. 30 жастағы Душанбенің тумасы 2010-2020 жылдар аралығында әлем чемпионатында жеті рет жеңіс тұғырына көтерілген. Нақтылап айтсақ, сол жарыстарда төрт күміс пен үш қоланы олжалады. Бұл айқаста Ақмалиддин айласын асырып кетті. Одан кейін марокколық Ясер Боухесоннан басым түскен Болатбек қола медальды еншіледі.
Әйелдер арасында 54 кило салмақтағы Гүлдана Әлмұханбетованың жұлдызы жанды. Жарысты басынан аяғына дейін бір деммен өткізген ол молдовалық Ана-Мария Чобану, ресейлік Әлия Биккужина және моңғолиялық Баюарма Некхитбаатарды жолынан ығыстырып, алтыннан алқа тақты.
Келесі күндері де шиеленісті бәсекелер жалғасты. 79 кило салмақтағы Айдын Дартаев үшінші орынды иеленсе, 65 кило салмақтағы Ажар Салықова күміс жүлдегер атанды. Тағы бір күміс медальды Ділдаш Құрышбаева еншіледі. 72 кило салмақта сынға түскен қазақ балуанынан біз осы жолы алтын күткен едік. Себебі осыған дейін ол 2014 жылы Наритада, 2019 жылы Сеулде күміс медаль иеленсе, 2013 жылы Санкт-Петербург, 2015 жылы Касабланка және 2016 жылы Софияда қола жүлдені еншіледі. Бұл жолы финалда ол Израиль спортшысы Алис Шлезингерге жол берді. Осылайша, Ділдаш әлем чемпионатының алты дүркін жүлдегері атанып отыр.
Өткенге зер салсақ, Қазақстан самбошыларының әлем чемпионаттарында олжаға кенелген кездері аз емес екеніне анық көз жеткізуге болады. Қазақ жанкүйерлері алғашқы алтын медальдың сыңғырын 1993 жылы естіді. Омбыда ұйымдастырылған дүбірлі додада Бауыржан Садыханов қарсы келгендерді қоғадай жапырып, бас жүлдені олжалады. Осылайша, семейлік балуанның есімі тәуелсіз еліміздің тарихында әлем чемпионы атанған тұңғыш самбошы ретінде тарихта қалды. Садыхановқа дейін КСРО дәуірінде Қанат Байшолақов пен Асқар Шайхиевтің дәл сол биіктен көрінгенін айта кеткен абзал. Олардан бөлек, Айсара Керімбекова, Сәлкен Жартыбаев, Руслан Сейілханов, Ғалымжан Жылкелдиев, Қарлығаш Әжімова, Алмагүл Кашина, Берік Жетпісбаев, Қайрат Күнсафин және тағы басқа жүлдегерлер санатына қосылған самбошылардың өнерлері көпшілік көңілінен шықты.
Төрткүл дүниенің теңдессіздері жиналған жарыста Қазақ елінің тоғыз өрені жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. ХХІ ғасыр табалдырықтан аттаған тұста Асхат Шахаровтың шоқтығы биік болды. 2000, 2004 және 2005 жылдары өткен жарыстардың үшеуінде де Ақтөбенің арланы қарсылас шақ келтірмеді. 2001 жылы Батыс Қазақстан облысының өкілі Қоныс Жетпісов жеңіске жетті. Одан кейін Ерболат Байбатыровтың бақ жұлдызы жарқырай жанды. Жайықтың жағалауынан келген жігерлі жігіт 2008-2011 жылдар аралығында алдына жан салмай, төрт дүркін әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ Дәурен Жайнақов (2009), Азамат Мұқанов (2010), Бейімбет Қанжанов (2015), Есет Қуанов (2017) және Нұрбол Серіковке (2018) де бұл белес бір-бір реттен бағынды. Міне, енді Рахат Жаңаниеттің жұлдызы жарқырай жанды.
Аталған жарыста олжаға молынан кенелген балуандардың тізімін Ерболат Байбатыров бастап тұр. Оралдың оғланы жеңіс тұғырына бақандай жеті рет (4 алтын+1 күміс+2 қола) көтерілген екен. Асхат Шахаров (3+0+2), Азамат Мұқанов (1+0+4) және Асылбек Әлкей (0+1+4) бес мәрте дәл сондай құрметке бөленді. Дінмұхамед Мүсірәлиевке осындай бақ төрт рет (0+1+3) бұйырды.
Әйелдер самбосы жайында әңгіме қозғасақ, ең бірінші кезекте Сәуле Ғабдуллинаның есімі еске түседі. Ол – қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Бұрынғы Торғай облысының тумасы 1995 жылы Токиода алтыннан алқа тағып, Алаш жұртын қуаныш пен шаттыққа бөледі. Одан кейін бұл белесті Раиса Баялиева бағындырды. Ақтөбе қаласында құқық қорғау саласында қызмет етіп жүрген жерлесіміз 2007 жылы төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылды. Сәуле мен Раиса апайларының ерлігін 2014 жылы Гауһар Тұрмаханова қайталады. Ол Наритада шымылдығы түрілген додада шашасына шаң жұқтырмады. Сөйтіп, қыздар арасындағы әлем чемпиондарының саны әзірге үшеу еді. Күні кеше олардың қатарына Гүлдана Әлмұханбетова қосылды.
Жиі-жиі жеңіс тұғырына көтерілген бұрымдылар арасында Ділдаш Құрышбаеваның (0+3+3) алдына түсетін ешкім жоқ. Ол әлемдік додада алты жүлде алса, Раиса Баялиева (1+1+3) бес рет үздіктер қатарынан көрінді. Ал Сәуле Ғабдуллина төрт (1+0+3) және Алмагүл Кашина үш мәрте (0+0+3) жүлдегерлер санатына қосылды.
Қазақстанның ерлер құрамасы жалпыкомандалық есепте бұған дейін үш рет үшінші орынды иеленген еді. 2009 жылы Салоникиде және 2010 жылы Ташкентте өткен дүниежүзілік додаларда екі алтыннан олжалады. Грекияда Ерболат Байбатыров пен Дәурен Жайнақов жеңімпаз атанса, Арман Сәрсенбин күміс, ал Азамат Мұқанов пен Асылбек Әлкей қолаға қол созды. Өзбекстанда Ерболат Байбатыров пен Азамат Мұқанов бірінші және Арсен Хатип (68 кило) пен Саят Шамшиев үшінші орындарды иеленді.
2005 жылғы әлем чемпионаты Астанада дүркіреп тұрып өткені есімізде. Сол жарыста да Қазақстанның самбошылары жалпы есепте Ресей мен Моңғолиядан қалып қойып, үшінші орынға табан тіреді. Қандастарымыздың арасынан 74 кило салмақ дәрежесінде күрескен Асхат Шахаров алтын тұғырға көтерілді. Осы бәсекелерді тамашалау үшін спорт кешеніне арнайы атбасын бұрған сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Асхатқа жүлдені өз қолымен табыс еткен еді. Дидар Молдағалиев пен Арсен Хатип финалда ұтылса, Тимур Оңдағанов пен Дінмұхамед Мүсірәлиев қола медальды қанағат тұтты. Одан бөлек, 1994 жылы Нови-Садта (5 қола) және 2002 жылы Панамада (1 күміс, 4 қола) бес жүлдеге иелік еткен самбошыларымыз ең жақсы нәтиже көрсетті.
Бұрымдылар ең көп жүлдені 2005 жылы Астанада алды. Өз елімізде өткен байрақты бәсекеде бес аруымыз жеңіс тұғырынан қол бұлғады. Олар – Жұлдыз Айтмағамбетова (күміс), Келбет Нұрғазина, Раиса Баялиева, Динара Оразбекова және Алмагүл Кашина (қола). 2010 жылы Ташкентте Әлия Жылқыбаева финалда ұтылса, Ленария Менғазова, Алмира Исатаева және Анар Сейтімова үшінші сатыға табан тіреді. Балуан қыздарымыз үшін ең табысты жарыстар осылар.
Жерлестеріміз жауынгерлік самбодан да жақсы нәтиже көрсетті. Райхан Мәдидің де бас жүлдені олжалауына мүмкіндігі болды. 98 кило салмақта күш сынасқан қазақтың қайсар ұлы қарсыластарын сыпыра ұтып, финалға шықты. Бірақ абайсызда алған жарақатының кесірінен шешуші айқасқа шыға алмаған Рахат күміс медальды қанағат тұтты. Нұркен Домбаев (58 кило), Әділбек Сейісов (64 кило) және Умар Яновский (88 кило) үшінші сатыға тұрақтады.