26 Ақпан, 2014

Діндарды ділмар етудің он жолы

635 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Шешеннің сөзі мерген, Шебердің көзі мерген. (Халық даналығынан). Islam

Мұрат ақыннан қалған мұра

Әдетте біз ділмарды, яғни ше­шенді (оратор) тоқтамай сөй­лейтін, сөзден сүрінбейтін адам деп ойлайды екенбіз. Аузы аузына жұқпай сөйлесе, біз үшін сол адам шешен екен. Асылында, солай ма? Жоқ. Олай емес екен. Шешен адам – өзгелерді бар болмысымен, сөзімен әрі ісімен баурап алатын, оларды бір ойдың төңірегінде қанағаттандыра білетін қабілетке ие тұлға. Цицеронның: «Жақсы шешен болғың келсе, алдымен жақсы адам бол», дейтіні сон­дықтан. Цицерон негізін қа­лап кеткен шешендік сөздің 5 түрі бар. Олар: әлеуметтік-сая­си шешендік; академиялық ше­шен­дік; әлеуметтік-тұрмыс­тық ше­шендік; сот ісінде қолда­нылатын шешендік; діни шешен­дік. Біздің сөз еткелі отырғанымыз – діни шешендік. Цицеронның «Діни шешендік» деп ат қойып, айдар тағуы тегін емес-ау. Жә, Цицеронды тым асыра «ұлықтап» кеттік қой. Асылында, бұл кешегі пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.), ар мен намысты ту еткен текті аталарымыз – Жиренше, Бөлтірік шешендерден, Сырым Датұлы батыр бабамыздан, Шал­киіз, Бұқар жырау, Дулат, Мұ­раттан қалған мұра, берісі Абай, Шәкәрім, Ахмет сынды ақын-жы­раулардан жеткен өнер ғой. Ендеше, діндарға да шешен болу қажет екенін түсіндіріп отырудың өзі артық деп білеміз. Себебі, дін­дардың жамағаты – халық. Халық пен бізді байланыстыратын құрал – сөз, ізгі іс, қайырлы амал, жақсы мәміле, сыпайы қарым-қатынас.

 Діндардың дикциясы дұрыс па?

Бұл тақырып төңірегінде мәселе көтеруге бір оқиға түрткі болып еді. Өткен жолы есімі елге белгілі бір жазушы ағамыз: «Бір имам керек еді. Қайтыс болған әжеміздің жылдық асын беріп жатырмыз...», деп өтініш айтты. Мүйізі қарағайдай қаламгер, қоғам қайраткері хабарласып тұрған соң әп-сәтте Орталық мешіттің имамы Нұрбекке телефон шалдық. Ол бір имамды бекітіп берді. Әлгі жазушы ағамызға хабарласып, өтінішінің орындалғанын жеткіздік. Айтқа­нымыз сол еді, ол бізге: «Әй, бауырым, таңдаған имамың қалай өзі? Дикциясы (мақамы, сөйлеу мәнері) дұрыс па? Жұрттан ұят болып қалмасын», – демесі бар ма. Не дерімді де білмеймін. «А-а-а-а, жақсы ол, ол жақсы», – дей беріппін сасқанымнан. Өйт­кені, шақырушылар тарапынан мұндай талап бұрын-соң­ды қойыла бермейтін. Ойла­нып қалдық. «Расында да имам­дарымыздың дикциясы дұрыс па екен?» деген сұраққа құлай бердік. Біреу келісер, біреу келіс­пес, біз шешендік өнер діндар­ларға да аса қажет деген тоқтамға келдік. Өйткені, сұраныс солай. Халықтың талабы бұл. Бәсекеге қабілетті имам деген түсінік пен терминді жиі естиміз, жиі көреміз. Сонымен, аз-кем ізденгеніміз, көрген-естігеніміз бар, тақырыпқа сай жиған-тергенімізді өздеріңізбен бөлісуге бекідік. Кейбіреулер кәдесіне жаратар, бәлкім. Сонымен, діндар қайтіп ділмар болмақ? Өзгелерді өзіне қайтіп қарата алмақ?

«Ой да жоқ, уайым да жоқ ойнай берсең...»

Шешендікке қойылар талаптарды санамалап көрейікші. Сонымен: 1. Шешен болу үшін ең алдымен сөйлеп емес, ойлап үйрену керек. Ойлану – ұлы істердің баспалдағы. Адам ойында бар асыл дүниесін сөйлеу арқылы жеткізбек. Ойы жоқтың – сөзі жоқ. Сөзімізді халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің нақылымен түйіндесек: «Ой да көп, уайым да көп ойлай берсең, Ой да жоқ, уайым да жоқ ойнай берсең». 2. Сөзді, уағызды, яки баяндаманы жылы жүзбен, жылы шыраймен бастаған ұтатын көрінеді. Танымайтын ортаның алдына шыққан кездегі алғашқы секундтар аса маңызды саналады. Кейбір ғалымдар ділмар алғашқы 7 секундта қалай көрінсе, жұрттың ойында ұдайы солай қалуы мүмкін екенін айтады. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең, мұсылман дінінен шығады», дейді халық даналығы. Жылы сөз жүрек елжіретеді. 3. Елдің назарын өзімізге аудару үшін ең әуелі сөзімізді олар қолдайтын құндылықтардан немесе мәселеден бастағанымыз абзал екен. Мысалы: «Құранымыз бір, пайғамбарымыз бір, онда неге бөлінеміз?» дегендей, ортақ сөздер арқылы ортақ мақсатқа үндеу, т.б. Әсіресе, тұлғаларымыздың сөзінен мысал келтіру. Абайдың, би-шешендеріміздің сөзіне құлақ аспайтын қазақ жоқ шығар, сірә. 4. Тыңдарманмен қарым-қатынасты бұзып алмау үшін «сіздер» деп емес, «біз» деп бірінші жақпен сөйлегеніміз жөн көрінеді. Өйткені, мәселе бәрімізге қатысты. Мысалы, өзімізді кейде күнәдан пәк сезініп: «Сіздер жиі күнә жасап қоясыздар, сіздер түзеліңіздер, Алладан кешірім сұраңыздар», деген сөздерді жиі айтамыз. Бұл кейбіреулердің келіспеушілігін тудырып: «Алдымен өзін түзеп алмай ма?» деген сөздің суырылып шуғуына өзге емес, өзіміз себепші болып қаламыз. Осылайша, өз сөзіміздің тұтқынына айналамыз. 5. Сөйлейтін сөзімізге тыңғы­­лықты дайындық қажет екені дау­сыз. Сөзімізді мол мәліметпен, мақал-мәтелмен, өлең-жырмен, қызықты оқиғамен, діни қисса­лармен тұздықтап отыруымыз аса маңызды. АҚШ-тың бұрынғы президенті Вудро Вильсон: «10 минуттық әңгімеге дайындық үшін маған бір апта керек, 15 минут сөйлеу үшін – үш күн, жарты сағаттық сөзге – екі күн, ал бір сағат сөз сөйле десе, қазір-ақ айтып беремін», депті. Әзіл болса да ақи­қат сөз. Біз бұдан «аз сөз – ал­тын, көп сөз – көмір» екенін ұғамыз. 6. Білімді дамыту, қабілетті арттыру, өз-өзін жетілдіру. Газет-журнал, кітап оқу, интернетті пайдалану, т.б. Мешіттің бір имамы уағызында әйгілі физик Максвеллдің мысалын келтіріпті. Сонда жұма намазға барған физика саласының ғалымы: «Имам Максвеллді айтты. Бұдан былай жұмадан қалмаймын», деген екен. Алматыда болған тағы бір оқиға: имам жұма уағызында ажырасқан адамдардың санын нақты дәлел-дәйектермен тұздықтаса керек. Жұмаға қатысқан «Хабар» арнасының журналисі: «Мына имам мықты екен. Біз біле бермейтін мәліметтерді келтірді. Күшті әсер алдым», деп жүрген жерінде имамдар туралы пікірімен бөліседі екен. Гректің маңдайалды шешен­дерінің бірі Демосфен ел алдында алғаш сөйлегенде жұрттың бәрі әжуалап күліпті. Күліп қана қоймай, айқайлап наразылық білдірген жағдайлар орын алған. Өйткені, оның тілінің мүкістігі болған. Міңгірлеп сөйлейтін түсініксіз сөзін жою үшін аузына қиыршық тастарды толтырып алып, ақындардың өлеңдерінен үзінділер оқыпты. Өзін-өзі ұзақ фразаларды дем алмастан айтуға бейімдеген. 7. Бар мәселені оңай шешіле­тіндей етіп сөйлегеніміз ұтымды көрінбек. Сонда тыңдаушыға рухани көмек беріп, болашаққа деген құлшынысын арттырады екенбіз. Бұл ретте Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының айтатын жақсы мысалы бар. «Ағым деген ағын су секілді. Бір күні ағады да кетеді. Ең бастысы, біз үшін бауырмалдық қатынас қымбат. Ол да қазақтың бір перзенті ғой. Бүгін адасса, ертең алтын қазығына қайта айналып келеді. Олар да ет пен сүйектен жаратылған. Жүрегі жібіп, ортамызға оралатынына сенемін», дейді мүфти әркез уағыздарында. «Жастарымыз діннен безіп, дәстүрге қарсы шығып жатыр. Бұл не деген сұмдық?» деп азды-көпті ашу шығарып жүргендер үшін бұл басу, байыпты пікір, үкілі үміт. Түрлі мотивацияларды пайдалану дегеніміз осы болса керек. 8. Өзгелерді білімсіз, парасатсыз санамау керек деген де дұрыс ұстаным бар. Расында да, аудитория арасында өмірлік тәжірибесі мол, көпті көрген, ілімі толысқан білімпаздар отыруы ғажап емес. Тыңдарманды білімсіз санау – адам өресінің төмендігін айғақтайтын сипат.

«Тізесі шыққан тіркес»

9. Өзіңе әрі сөзіне сенімді болу да үлкен рөл атқаратыны анық. Өйткені, өзіне сенімсіз адамды көрермен бірден айырады. «Жаңағы», «яғни», «не ғой», «мысалы», «сосын», «мммм», «нетіп» деген сөздерден арылған абзал болар, әрине. Мұны кейбір тілшілер қалжыңға басып: «Тізесі шыққан тіркес», дейді. Тауып айтылған сөз. Маңыз берер тағы бір жәйт рет пен жүйе болса керек. Кейде тақырыптан ауытқып, «мен не деймін, домбырам не дейдінің» кебін киетініміз жасырын емес қой. Негізгі мәселені сөз етуге келгенде уақыт шіркін өз мәресіне жетіп, өзіміз де біртүрлі, тыңдарман да біртүрлі екіұдай сезімде қаламыз. Әрбір сөз футболдағы әр ойыншының рөлін атқаруы ләзім. 11 ойыншының мақсаты қарсыластың қақпасына гол соғу болса, біздің әрбір сөзіміз тыңдарманды игі амалға жетелеп, яки жақсы ойлауға әсер ету. 10. Сөз ырғағына мән беруде аса маңызды мәселе саналады. Сандарды, мәліметтерді айтқанда, ақырын әрі анық жеткізген жөн көрінеді. Маңызды сөздерге басымдық беру қажет екен. Бұл – астын сызып айту деген сөз. Жағдайға, болған оқиғаға (қуаныш немесе көңілсіз жағдай болсын) орай дауыс ырғағын құбылту, көтеру, яки бәсеңдету адам жанын тебірендірмей қоймайды емес пе?! Көңілді оқиғаны көңілсіз дауыспен жеткізу дұрыс емес немесе керісінше екені тағы ақиқат қой.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні

Әуелде сөз еткен оқиғаға қайта қайырылсақ. Әлгі жазушы ағамыз әжесінің жылдық асын өткізіп болғаннан кейін телефон шалып, алғысын білдірді. «Имамның дикциясы дұрыс екен. Бізге ұнады. Өз орнын біліп, сөз саптады. Сөзі дұрыс екен. Рахмет, айналайын!» – деді. Ішіміз жылып қалды. Тек «барлық имам осылай болса ғой, шіркін» деген ой мазалады бізді. Алла нәсіп етсе, оған да жетерміз. Ежелгі Рим шешені Квин­ти­лиан: «Шешенге деген сенім туғызатын үш нәрсе бар: парасат, ізгілік, сыйластық», депті. Біздің де айтпағымыз осы еді. Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы.