Экономика • 15 Қараша, 2021

Депозит көлемі көбейді

320 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл экономикалық белсенділіктің қалпына келуіне банктердегі депозиттік базалардың 3,5 трлн теңгеге дейін өсім көрсетуі де әсер еткен. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының хабарлауынша, 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында 14,9 трлн теңге жаңа займ берілген. Бұл былтырмен салыстырғанда 4,7 трлн теңгеге көп.

Депозит көлемі көбейді

Қауымдастық биыл тоғыз ай­дағы отан­дық банк секторының ахуалы­на шолу жасаған. Онда заңды тұлғалардың несие алудағы үлесі басым екеніне қарамастан бөлшек несие портфелінің әлдеқайда жоғары өсім көрсеткені (+27 пайыз немесе 2,1 трлн теңге) айтылады. Бизнес­ке берілген несие 4 пайызға ғана өсім көрсеткен.

«Заңды тұлғалар несиесінің есептен шығарылуы (-475 млрд теңге мау­сым айында) және қазір­г­і қарыз­ды қайта қаржыландыру есебінен осындай басым­дық қалып­тасқан болуы мүмкін. Жыл басынан бері NPL деңгейі 6,9-дан 4,3 пайызға дейін төмендеді. Екін­ші деңгейлі банктердің ресурстық базасы депозиттер есебінен едәуір артты (+16 пайыз немесе 3,5 трлн теңге). Бұл салымдар бо­йынша пайыздық сыйақының капиталдануы және азаматтар мен кәсіпорындар табысының қайта қалпына келе бастауы­мен байланысты. Капиталдану есебінен дивидендтер төленгеніне қарамастан табыс пен екінші деңгейлі банктердің меншік капиталы тұрақты түрде өсіп жатыр (+10 пайыз немесе 395 млрд теңге). Сектордың табысы тоғыз айда 925 млрд теңгеге дейін көбейді. Былтыр тоғыз айдағы табыс небәрі 597 млрд теңгені құра­ған еді. Макроэкономикалық жағ­дайдың анағұрлым жақсаруы экономика субъектілерінің қарыз ресурстарын пайдалану және жинақ қалыптастыру қабілетіне оң әсер етеді» деп жазады қауымдастық.

Сөз жоқ, нарықта болып жат­қан оң­тай­лы үрдістер банктердің дең­гейіне де әсер етпей қоймайды. Жыл басы­нан бері 8 екінші деңгей­лі банктің рей­т­ингі көтерілген. Сектордағы банк көрсет­кіш­терін бағалап отыратын S&P, Fitch жә­не Moody’s рейтинг агенттіктері 8 банк­­тің деңгейін жалпы жинақтай алғанда 12 рет жоғарылатыпты.

Қауымдастықтың пайымда­уынша, қарыз ресурстарына деген сұраныстың өсуі, бірқатар жеңіл­детілген бағдарламалардың қолға алынуы, ақша-несие саясаты­ның бір­қалыпқа түсе бастауы 2021 жылы жаңа несиелердің молынан берілуіне жол ашқан. Несие порт­фелінде, әсіресе, тұтынушы­лық (жыл басынан бері +28 пайыз) және ипотекалық сегменттің (жыл басынан бері +23 пайыз) үлесі жоғары.

«Дегенмен сұраныстың кейінге қалуы, зей­нетақы жинағынан артық ақша алу сия­қты бір реттік фак­тор­лардың жоғалуы­на және мем­лекеттік бағдарлама­лардың қыс­қаруына байланысты несие белсенді­лігі­нің динамикасы қайта әлсіреуі мүм­кін. Корпоративті секторда бәрі сұра­ныс сапасына, қарыз алушының қар­жы­лық жағдайына және ауқым­ды мемлекеттік бағдар­ламалардың көле­мі мен бағытына байланысты», дейді қауымдастық.