Суретте: атақты археолог К.Ақышевтың плащ-шекпені және Тайпақ ауылы маңынан табылған қола жәдігерлер
Үлкен ғалым Кемел Ақышевты көпшілік 1970-жылдары Есік қорғанынан табылған «Алтын адам», яғни сақ көсемінің авторы ретінде таниды. Бұның сыртында, археолог ғалым Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер екенін көпшілік біле бермейді. Ғалымның майдандағы өмірін көктей шолып айтсақ, К.Ақышұлы соғыс басталған тұста Самарқандтағы әскери училищені тәмамдап, майданға аттанған. 1943 жылы Донбасты жаудан азат ету шайқасы кезінде ауыр жараланып, әскер қатарынан босатылған. 1944 жылы 20 жастағы жігіт лейтенант шенімен Алматыға оралған. Майдангер ғалым дала жұмысымен қатар, соғыс кезінде қолданған заттарын және Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде берілген құжаттық дүниелерін жеке сақтаған екен. Бұл мұраларды ғалымның жары К.Ақышев атындағы археология ҒЗИ директоры Марал Хабдуллина өзі келіп әскери-тарихи музейге тапсырды.
Музей қорына тапсырылған құнды жәдігерлерді жеке-жеке таныстырар болсақ: әйгілі археологтің дала жұмыстары кезінде киіп жүрген қарасұр түсті жеңіл плащ-шекпені, майданда пайдаланған «ТТ» тапаншасы және ғалымға берілген «Ұлы Отан соғысының ардагері» белгісі, 1945 жылы 8 мамыр күні шығарылған «С Днем Победы! От Москвы до Берлина!» және «Майданнан жаңа жылдық жауынгерлік сәлем» атты пошта карточкалары, КСРО Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары, Сыртқы істер халық комиссары В.М.Молотовтың 1941 жылы 23 маусым күні радио арқылы сөйлеген сөзі басылған «Акмолинская правда» газетінің көшірмесі, сондай-ақ археологтің жеке мүлкі – әнші, сазгер бір жылы туған құрдасы Б.Окуджава орындаған әндердің күйтабағы, т.б. дүниелер бар.
Сонымен қатар әскери-тарихи музей қорына табысталған келесі жәдігерлер Ақмола облысының, Атбасар ауданы, Тайпақ ауылы маңында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған екен. Атап айтар болсақ, б.з.д. X-VIII ғасырларға тән артефактілер: қоладан жасалған пышақ түрлері, кельт-балта, сонымен қатар кейінгі қола дәуіріне жататын сақина тәрізді пышақ, ілгек иінді қисық пышақ, кескіш, қашау, орақ, таға, қысқыш, жапырақ пішінді жебенің ұштары, найзаның ұшы, ою өрнектелген керамика және қола бұйымдар фрагменті, иінді һәм тұтқасы ілгекті қола пышақ, қола жапсырма мен сақиналар, декорацияланған қола түйме, шегенің қалпақ бастары, белбеу ілгектері, тастан жасалған әшекейлер, әртүрлі еңбек құралдары қатарлы 40-қа жуық жәдігер музейге тапсырылды.
Бұл мұраларды өткізген жеке кәсіпкер-меценат Марат Нәбиев. «Жәдігерлерді бірнеше жыл бұрын әуесқой археологтердің қолынан сатып алған едім. Жәдігерлерге ғылыми тұрғыдан сипат берген танымал археолог Марал Қалымжанқызының айтуына қарағанда, бұл бұйымдар бұдан төрт мың жыл бұрын қолданыста болған екен. Бұдан шығатын қорытынды төрт мың жыл бұрын Арқа өңірінде қола өндірісі дамыды деген сөз. Осы құнды бұйымдар менің жеке қорымда емес, аталған музейде тұрғаны жөн деген шешімге келіп, заттарды түгелдей тапсырдым» дейді Марат Әскенұлы.