26 Ақпан, 2014

Тұғыр туынды

848 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

Осыдан жарты ғасыр бұрын жарық көрген «Таңғы шық» жинағы хақында

Vasko Taskovski  (8)

Түсімде көрген кітап

ЖанатБұл бір ұзақ-сонар хикая. Ең алғашқы жүлгесі санамда бұдан төрт-бес жыл бұ­рын сұлбаланған-ды. Бірақ... ақ парақ бетіне түспей, кешеуілдей берген. Жазу үстеліне табандап отыру үшін де жасақ-жарағыңның мейлінше сақадай-сай болғаны жөн-ау. Ал қаламгердің басты қаруы – ойы мен идеясы, жиған-терген дерегі мен дәйегі. Ең ақыры қолыңдағы қаламың мен қағазыңа дейін көңіліңнен шыққаны дұрыс. Мұны текке тәптіштеп отырғам жоқ. Шығармашылық бабтың кінәмшіл мезеттерін бастан кешіп жүрген әркім-ақ жақсы түсінсе керек. Жас жа­зушы­лардың тырнақалды туындылары топ­тас­тырылған «Таңғы шық» жинағы жайын­дағы осынау толғанысымның да оп-оңай жазыла салмағанын айтқым келеді. Жоғарыда мегзегендей алғашқы негізгі қолбайлау – елу жыл бойы киелі мұрадай сақтап келген «Таңғы шықтың» ұшты-күйлі жоғалып кетуі. Іздемеген, тінтпеген жерім қалмады. Кітап сөрелерін сан-мәрте сүзіп шықтым. Жым-жылас. Сирек кітап кімді қызықтырмас. Күдер үз­генмін еріксіз. Айтпақшы, сүйікті серігіме айналған «Таңғы шықтың» әу бас­та менің қолыма қалай тигенінен хабардар етейін. Жанат Елшибек-2Өткен ғасырдың алпыс төртінші жылы, сегізінші сыныпты бітірер кезде Ал­матыдан сәлемдеме алдым. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеті жақсы материалдарымен дара шыққан бір топ жас тілшілеріне шағын кітапхана сыйға берілетіні жөніндегі редакция алқасының шешімін Баспасөз мерекесі қарсаңында жариялаған. Республика бойынша үздік атанған отыз өрімталдың көшбасында тұрғанымды көргенде өзіме-өзім сенбегенім рас. Енді міне, сол сыйлық – үлкенді-кішілі жиырма-отыз кітапты аударып-төңкеріп мәзбін. Қа­зақ ақын-жазушыларының соңғы жылдары жарық көрген туындылары. Солар­дың санатында Қазақстан жас жазу­шы­ларының әңгімелерінен құ­рас­тырылған «Таңғы шық» бар екен. Ауылдың алақандай кітапханасындағы жұлым-жұлымы шыққан кітаптарды кеміріп біткен бізге бұл дүниелер әжептеуір талғажу болды. Әсіресе, сыртқы мұқабасында бүршік жарған қос тал жауқазын мен ақ тамақ қарлығаштар қалықтаған аспан түстес көгілдір кітап қолдан-қолға көшкен. Сыныптастарымды қойып, бүкіл ауыл жас­тары шөліркеп, тамсанып оқығаны есте. Жаз бойы дала қосында жатып, колхоздың пішенін дайындап жүрген бізден сәл ересектеу жігіттердің осы кітаптағы әңгімелерді талдап-талқылағандары да еміс-еміс жадымда. Бірер жылдан кейін ҚазПИ-ге түсіп, студент атанып, ауыл шаруашылық жұмы­сына аттанғанда да бауыр басқан көк кітап­ты жол қапшығынан тастамағанмын. Қиырдағы Қостанай облысының Жітіғара ауданына қарасты аса ірі астық совхозы «Чайковскийдің» тау-тау боп үйілген қырманында жүргенде де қолтығымнан түспеді. Тың төсінде танысқан алау жүректі албырт студенттер махаббат туралы, сүйіс­пен­шілік жайлы кітапты кезекке тұрып сапырған еді. Сағынышты жылдар сазын қалайша ұмытарсың. Бір қуаныштысы, осы кітап арқылы алғашқы өлеңдері мен әңгімелері мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып жүрген, әдебиетқұмар жоға­ры курс студенттерімен танысып, біразы­ның есімдеріне қанығып қайттым. Олар – Темірхан Медетбеков, Мұстафа Ал­дажаров, Әділхан Әлиайдаров, Нүкеш Бәдіғұлов, Төлеген Қажыбаев, Рүстем Жанаев... Тыңнан оралған бетте қаламды айнымас серік еткен біздер инс­титуттың әдеби өміріне айрықша ықы­лас­пен, бөлекше құлшыныспен араласып кеттік... Осылайша, кіршіксіз лағыл шақтың ұмытылмас күндері айларға, айлары жылдарға жалғасқан. Мұқағалиша жет­кіз­сек – «Өмір-өзен». Соңына қарайламай тек ілгері тартады. Тоқтамайды... Жет­кіз­бейді... Өткізбейді... Өмірге ғашықтық, әдебиетке құштарлық, жазуға іңкәрлік сезімі ойымызды да, бойымызды да өсірді. Осы орайда алғаш қалам тербе­ген балауса қауырсындарға «Таңғы шық­тағы» әңгімелердің әсері ерекше болғаны сөзсіз. Өйткені, өз басым жас жазушылардың осы бір жинағы тура­сында әр жылдары, әр-әр жерде әлде­не­ше рет естігенімді еске түсіруден жалық­пай­мын. Екінші, әлде үшінші курста «Әдебиет теориясынан» дәріс оқыған атақты академик Қажым Жұмалиев біз­ге ғалым Зейнолла Серікқалиевті таныс­тырған. «Менің шәкіртім. Өте білім­ді, талантты сыншы. Ендігі жерде прак­тика­лық сабақты Серікқалиев ағаларың жүргізеді...» Басқаларды қайдам, менің жү­регім алабөтен елегізи дүрсілдеп, ауди­то­рияға сыймай кеткендеймін. Ғұлама ағамыз шығып кеткен бойда, бұған дейін көрмеген, жүздесіп тілдеспеген жаңа оқытушыма: – Ағай, мен сізді білемін, – дедім. Қапелімде күтпеген сөзіме назар аударған ол іркілмеді: – Атың кім өзіңнің, айналайын? Мені қайдан білесің?. . Жылыұшырай жымыңдаған оның мейірімді жүзінен жанар аудармаған қалпы: – Зейнолла аға, «Таңғы шықтың» алғысөзін жазған сіз емессіз бе? – Иә, айналайын. Әдебиеттен хабарың болғаны ғой. Жарайсың. Жалпы, филологтар сөз өнерінен алыс болмауы тиіс. Сендердің араларыңда өлең, әңгіме жазатындар бар ма?.. Аудитория шулап қоя берді: – Бар, ағай... Бар... Жанаттың өзі жас­тар газетінің штаттан тыс тілшісі. Бала­ларға арналған этюдтері мен әңгімелері газет-журналдарда шығып жүр. – Дәуітәлі, Серік пен Фатима өлең жазады. – Қажығалым мен Еңліктің алғашқы әңгімелері де баспасөзде жарияланған... Біз Зейнеолла ағамен алғашқы сабақтың өзінде-ақ шүйіркелесіп кеттік. Емен-жар­қын таныстық үстінде ол жазу-сызуға қатысты, қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихы төңірегінде небір қызықты жайлардан там-тұмдап болсын біраз хабардар қылған. Құдды ежелгі танысындай тұңғыш жүздесуінде қоштасып тұрып: – Айтпақшы, «Таңғы шықты» бәріңнің де оқып шығуларыңа кеңес берер едім, – дегені миымда шегеленіп қалыпты. – Институт кітапханасында бар шығар. Өкінбейсіңдер. Менің бағамдауымша, қазақ әдебиетінің болашақ мықты қалам­гер­лері осы жинақта тоқайласқан тәрізді. Аяқалыстары тәуір-ақ... Маған ұнайды... Рас. Әдебиет тамыршысы қателеспеп­ті. «Таңғы шық» туралы жылы лебізді кейінірек «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш» газеті) жүргенде сиқыр сөз­ден сарай салудың хас шебері Сейдах­мет Бердіқұлов пен қаламдас заман­дасым, алдаспан-сыншы Сағат Әшім­баевтан естісем, бертінде «СҚ» шаңы­рағында (бұрынғы «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті) Сапар Байжанов пен Ақселеу Сейдімбеков, Сарбас Ақтаев пен Сауыт­бек Абдрахманов арагідік лездеме үс­тінде еске түсіріп қоятын. Әдеби басқо­су­ларда, алқалы жиындарда Сәуірбек Бақбергенов, Шерхан Мұртаза, Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақов секілді сөз зергерлерінің тамсана әңгімелегендерін де құлағымыз шалған. Елеңдегенбіз. Сөйтсек, бекер емес екен. Жоғарыда тілге тиек қылған қаламгерлер мұзбалақ тұйғындардың томағасын сыпыруға аз-кем қатыстары бар болып шықты. Әзірге о жағына бөгелмей, әңгіме ауанына қарай ілгеріде тоқталармыз. ...Өстіп жүріп араға тағы да ондаған ­жыл­дар түскен. «Таңғы шықтың» жаңғы­ры­ғы да саябырлаған. Өмірдің заңы – буынға буын ұласты, толқынға толқын қосылды. Көзі қарақты елгезек оқырмандар құлағын түргізген «Таңғы шықтың» құрдастары бүгінде өздерінің шаңқай түстерін тойлай бастаған. Ендеше әдебиетіміздің кейінгі лек өкілдерін қалайша жазғырамыз?! Еш реті жоқ. Олар ондай кітаптың аты-жөнін де, түр-түсін де білмейді ғой. Үкілі үміттей саналған тамаша жинақ өз миссиясын абыроймен орындаған. Әлдеқашан... Шырақ жағып іздесең де таппайсыз. Себебі, кітапханалар белгілі тәртіпке сәйкес қолданыстан шығарып тастапты. Астана мен Алматыдағы, тіпті шалғай­дағы аудандық кітапханалардан шаң басып жатса да, тауып қалармыз деген үмітіміз ақталмады. Шарламаған жеріміз қалмады, әр-әр жерге телефон шалдық. Соңғы сәуле елордадағы Президенттің ғылыми-мәдени орталығынан жылтыл­дағандай еді. Кешен жанындағы кітапха­наның Айдын есімді қызметкері: – Компьютерге түсірілген жалпы тізімде «Таңғы шық» тұр екен. Ертең абонемент бөлімінен алып берейін, бүгін олар жұмыс істемейді, – деп бізді қуантып тастады. – Әйтеуір сіздерден табылды-ау. Рахмет! Қуанғаннан ба? Жоқ, әлде неше күнгі әуре-сарсаңнан ба? Мазасызданып ұйықтай алсамшы. Міне, қызық! Көзім ілініп кеткен бетте түс көріппін. Түсімде жоғалтып алған «Таңғы шықты» аялап ұстап, асықпай парақтап отырмын. Елу жыл сақтаған кіта­бымды әйнекті сөредегі өз орнына қойып жатып оянып кеттім. Езуіме күлкі үйіріл­гендей. «Е-е... күндіз не істеп, не ойласаң түнде түсіңде соны көресің». Одан әрі дөңбекшіп, кірпігім айқаспай-ақ қойғаны. Амалсыздан күн­нен бұрын оянып, уәделі уақытты күт­пес­тен кітапханаға жеттім. Обалы кәне, кітапханашы қыз зыр қағып жүгірді-ау. Сирек кітаптар қорын да, қойманы да ақтарып шықты. – Аға, «Таңғы шық» табылмады. Әбден ескіріп, тозған кітаптардың қатарында бұрнағы жылы «списать» етіліпті... – Өкінішті-ақ! – Ренжімеңіз, ағай. Мен кінәлі емеспін ғой... Дұрыс айтады. Қаршадай қызды кінәлаудың еш қисыны жоқ. Әншейінде атша тулап, атқақтап кететін жүрегім тып-тыныш. Әлденені сезетіндей. «Қой, бүйтіп дәрменсіз күйге түсіп, тектен-тек пұшайман болмайын...». Үйге келген бойда жинаққа енген авторлардың өздеріне хабарласайын деп, еміс-еміс есімде қалған екі-үш жазушының үйлеріне телефон соқтым. «Қырсыққанда қымыран іриді». Бірі мұңайып «Жалғыз ғана данасын сары сүрдей сақтап жүруші едім. Айырылып қалдым... » десе, екіншісі «Кезінде студент бір қызға мақтанып, сыйлап жібергеніме күні бүгінге дейін өкінемін» деп ағынан жарылған. Ал, үшінші ағамыз «Солай ма? Бірінші рет естіп тұрмын» деп сынықси кергіген. Тіпті, өз әңгімесінің жинаққа енгенін де білмейді. Сенейін бе, сенбейін бе? Шынын айту керек. Бұ жолы көңілім де, жүрегім де алай-дүлей. Қаным басыма көтерілген мен тұтас қабырғаны алған кітап сөрелерін соңғы мәрте ақтарып-төңкере жөнелдім. Абырой болғанда том-том кітаптардың екінші қатарына сақтықпен жасырып, тығып қойған «Таңғы шығым» сумаң етіп шыға келді. Түсімде аян берген көгілдір кітап. Дәл өзі. Елу жыл сақтаған әлгі кітапты тұңғыш рет көргендей ынтыға парақтап отырмын. Ашу буған менің қуанышым шексіз-ді... Көңіл орныққандай. Сирек құбылыс саналған кітаптың нақтылайтын тұстарына тоқталып, жинаққа кірген авторлар мен олардың тырнақалды туындылары төңі­регінде егжей-тегжейлі сөз етпекпіз. Шығарма тағдыры – жазушы тағдыры. Қарапайым қағиданың қалтарысты астарына тереңірек үңілген сайын, беймәлім құпияның ақиқатына қаныға, көз жеткізе түсеміз-ау. Ең алдымен ескертеріміз, «Таңғы шық­ты» шығарған «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы» екен. Кейінірек бұл ұжым­ның «Жазушы» атанғаны баршаға аян. Жи­нақ­ты құрастырған – Қалихан Ысқақов та, ал редакторы – Сайын Мұратбеков деу­ші­лер­дің пікірлері де жаңсақ көрінеді. Бұл қос қаламгердің осынау кітаптың жарық көруі­не тікелей қатысы болғанымен, ресми бекі­тілген жазушы, яғни құрастырып, баспаға дайын­даған Мағзом Сүндетов. Кітаптың редакторы танымал қаламгер Сәуірбек Бақбергенов болыпты. Жинақтың көлемі он үш баспа табаққа жетеғабыл. Таралымы – 10 000 дана, бағасы 53 тиын. Жинаққа арнайы жазылған алғысө­зін сыншы Зейнолла Серікқалиев «Жа­пырағын жаяр жас емен» деп атапты. Алғашқы бетті парақтап жанар жүгірт­кенде-ақ, ойыңа осыдан үш жыл бұрын ғана ұлы Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің ҚазМУ-де өткен поэзия кешінде жас толқын әдебиетшілер хақында сөйлеген толғанысы оралары сөзсіз. «Жыл келгендей жаңалық сеземізде» өрілген қордалы ойдың – жапырағын жайған жүректің лүпілін естігендейміз. Естеріңізге түсіре кетелік, бұл кеш 1960 жылдың 25 желтоқсанында болды. Стенограмма арқылы жазып алынған Мұхаңның әйгілі сөзі «Лениншіл жастың» 28 желтоқсан күнгі санында жарияланған. Ал ұмытылмас оқиға жаңғырығын талғампаз сыншы былайша өрнектейді. «Өмірінің соңғы кезінде, Қазақ уни­вер­си­тетінің кең залында үлкен мәртебелі мін­беден арыстай өр кеудесімен жүзіңе төніп тұрып бір ұлы адам сөз сөйледі. Ұлылық пен жастық бір шаңырақтың астында бетпе-бет кездесті. Ұлы адам адамгершілік, білім-парасат туралы, үлкен әдебиеттің үлкен өресі туралы тебіреніп тұрып айтты. Бұ да бір өсиет. Қайтып онымен кездесе алған жоқ­сың. Кескін-келбеті, бүкіл құдіреті, жа­ныңды ширатып, табаныңның астында сықырлаған декабрьдің ақ қар шыңылтыр аязына дейін – бәрі-бәрі көкірегіңде сол қаз-қалпында тұнып қала берді». Мінеки Мұхтар Әуезовтің осы сөзін өз құлақтарымен естіген замандастардың дені «Таңғы шықта» бас қосып отыр. Олардың алдыңғы легі жоғары курста оқып жүрсе, кейінгі жас перілері студенттік думанды шақтың қызығына «гүмп» беріп кеткен бірінші-екінші курс студенттері еді. Оның үстіне Мұхаң қатысатын кез келген әдеби кештерге филфак пен журфактан басқа, өзге институттардың жас­тары да көптеп келетін. Үйреншікті үрдіспен зер сала қарасақ, жинақтағы жас қаламгерлердің арасынан политтің, схидің, консерваторияның, комсомол мектебінің түлектерін байқаймыз. Демек, аты-жөндері кейінгі кезде тек газет-журналдарда жарияланған әңгімелерімен таныла бастағаны болмаса, бірін-бірі жүзбе-жүз, жыға білмейтін жиырмаға жуық өрімталдың басын шығармашылық бақыты біріктіргендей. Иә, олар кімдер еді? Сүйікті оқырман­дары­мыздың да елеңдеп отырғанын жүрек, шіркін, сезеді-ау. Сонымен, қазақ әдебиеті атты киелі шаңыраққа уық боп шаншылған қаламгерлер тізімін жинақтағы ретімен түзіп шығайық. Олар – Ерғали Ахметов, Тобық Жармағамбетов, Шәмшидин Әбдіраманов, Абдулхамид Исаев, Өтеген Күмісбаев, Дулат Иса­беков, Күнсая Оспанова, Байжігіт Әбдіразақов, Төлеш Шаханов, Төлеу Шаханов, Есенжол Домбаев, Жарас Ахметов, Қарауылбек Қазиев, Алтыншаш Жағанова, Төлен Әбдіков, Қарлыбай Жайтабаров, Елен Әлімжанов, Ғалымжан Қаллемов, Мұхтар Мағауин, Дархан Сапаров, Мүбәрак Сыдықов. Тағатсыздана тосқан тегеурінді толқынның ұзын-ырғасы, міне осындай. Әрі қарай елеп-екшеу өз құзырыңызда. Жүрек сүзгісінен артық таразы да, талқы да жоқ шығар, сірә. Ендеше, жинақтағы шығармаларды жан-жақты тілге тиек ете отырып, авторлардың үлкен әдебиеттегі өмірнамасына үңілмекпіз. Зейнолла Серікқалиев кітапқа арнайы жазған алғысөзін мынадай пікірмен түйіндепті: «Таңғы шықты» мақтау да, даттау да мұрат емес, «Таңғы шықты» талдау керек». Сыншы ағамыздың аманаттай көрінер осынау ойын жарты ғасырдан кейін қолға алу біздің пешенемізге бұйырғандай. Қалай орындалды?. . Мақсат үдесінен табылдық па?. . О жағын сараптауды талғампаз да өрелі оқырманның еншісіне қалдырдық.   Жүректерге ұялаған егіз әңгіме …Талай жүректерді дірілдеткен, талай сезімдерді оятқан әңгіменің әсе­рінен арыла алмай, тамаша күйге бө­ленгендеймін. Қырдан лекіген алтын­күректің кәусар таза деміндей. «Жүрек ешқашан қартаймайды» деген тәмсілдің тылсымына көзіңді жеткізіп, көңіліңді сендірген. Әлденеше мәрте оқыған әңгі­ме. Айрықша қадап айтарымыз, бұдан елу жыл бұрын осы әңгімемен ең алғаш рет танысқандағы көңіл-күй әсерінің қызуы да бәз-баяғы қалпында секілді. Өшпеген. Маздақты ойымызды осылайша сәулелендіре өрбітуге өзек болып отырған «Таңғы шықтағы» беташар әңгіме – «Ақ бантик», авторы Ерғали Ахметов. Шығарманы бұтарлап талдамастан бұрын Серікқалиев сөзіне қайта құлақ түрейік. «…Өз замандастарына өз ісінің алғашқы жемісін, алғашқы қуанышын ұсынып, тырнақалды туындыларымен тұңғыш рет бой көрсеткен мұндағы әрбір жаңа есім бұл кітапқа әлден-ақ бір-бір ұлы шығарма жазып тастағандықтан еніп отырған жоқ. Халқымыздың рухани мұрасына айналар жақсы шығарма жаза алатындықтарына үміт арттырып еніп отыр. Оларды әдебиеттің үлкен өміріне үлкен арман алып келді. Ал үлкен арман – үлкен дүниеге баспалдақ...» Жас сыншының өз құрдастары мен замандастары жайындағы ұстамды пікірінен көп нәрсені аңғарамыз. Терең тебіреніспен толғаған алғысөзде сарабдал да, сезімтал әдебиетшіге тән си­пат басым. Тәжірибелі де, атақ-даң­қы жер жарған мүйізі қарағайдай қалам­герлерше еркін көсілген оның пікірлері кесек-кесек. Әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетінің жетістіктерінен орнықты ой ұшқындатады. Айта кету керек шығар. Бұл кезде жарқ етіп көрінген жа­сын сыншы Зейнолла Серікқалиев уни­верситетті әлі бітірмеген болатын. Кітапқа топтастырылған жиырма жас автордың қаламынан шыққан шығармаларды шетінен талдамай, әрқайсысына бөлек-бөлек тоқталмай, тек екі әңгіме төңірегінде ғана сөз қозғайды. Әдейі, мақсатты түрде. Әйтпесе, өзге талапкерлердің туындыларын жаңғақша шағып, төрелік етуге Зекеңнің зердесі де, зейіні де молынан жетсе керек. Бірақ ол өйтпейді. Өзіне жүктелген міндеттің асқарынан зер салуға ұмтылады. Әлгінде ауызға алған Ерғали Ахметов­тің «Ақ бантигі» сол жақсы дүниелердің санатына жатады. Мөлдір сезімге құрылған көркемдік деңгейі жоғары, жып-жылы романтикалық әңгіме. Мәңгі ескірмейтін махаббат, сүйіспеншілік тақырыбын арқау еткен бас-аяғы жұп-жұмыр шағын шығарма ізгілік иіріміне батырады. Бір қарағанда айғайлап, көз­ге ұрып тұрған «сүйдім-күйдім», «өл­дім-өштім» дейтін таптаурын жаттанды оқиғалар суретін ұшыратпайсың. Сөйт­се-дағы кәнігі қылқалам шеберінің жан-дүниеңді баурап алар құдіретті картинасындай, ғажайып әсерге шомылдырары даусыз. Әңгіме жеңіл оқылады, автордың бейнелі де көркем тілі тартымды-ақ. Оқиғаны дамытудағы табиғат көріністерін кескіндеп, кейіпкер образын мүсіндеудегі штрихтар орны-орнымен кестеленген. Құдды суретші полотносындай. Тұнық бояу, әдемі әуез сыңғырлап сөйлеп тұр. Қызығы мол студенттік жылдармен қоштасып, дипломдарын қолға алған дос­тар бірін-бірі қия алмайды. Қай­раттың қолқалауымен ол Жетісудің баурайындағы шұрайлы ауылға келеді. Бірер апта демалып, тынықпақ. «Көп сөзді қой… Біздің жақ әсем. Ауылды заң­ғар таулар қоршап тұрады. Іргеде өзен, суға шомылып, балық аулаймыз. Бүркіт балапанын ұстаймыз, жартасқа шығамыз. Үй тыныш, апам мен кішкентай қарындасым ғана бар…». Сағынышпен қауышқан бұл отбасы­ның бір-бірін сыйлап-құрметтеуі, ашық-жарқын қарым-қатынасы бейтаныс қонаққа қатты ұнайды. Ауыл анасына жа­расар кеңпейіл, үнемі жұмсақ жымиып, байсал тіл қатар Қайраттың шешесі мен тентектігінен гөрі еркелігі өктем, батыл да қайсар қарындасы Жанаттың таңғаларлық қылықтары бірден үйіріп алады. Әсіресе, ақ бантигі желбіреген Жанатпен ежелгі танысындай тез шүйіркелесіп кетеді. Ол жақын арада мектеп бітірмек. Арманы асқақ, қиялы қанатты оның әр сөзі, әр күлкісі, әр қылығы назар аудартып қана қоймай, сезім пернесін тербей бастайды. «Мен де алғашында аздап тартынсам да, кейіннен көктемгі даладан гүл жиған баладай Жанаттың шашылып қалған күлкісін теріп, балалық бағына тереңдей сүңги бердім». «…Қызық өзі осы қыз, ойлары да өзі сияқты тынымсыз, қайсар ойлар. Қатесі мен шындығы араласып жатады…» Ақылды ерке, қылаусыз пәк, өмірге ғашық балғын қыз бейнесін автор әп-әдемі ашады, шынайы бейнелейді. Тұп-тұнық шуақты нұрға оранасың. Сөзуарлыққа салынбай, жалғандыққа ұрынбай негізгі кейіпкерді көбіне іс-әрекет үстінде көрсетеді. Жазушы жаттанды детальдарды шиырламай, оқиға желісін диалогтарға құрып, табиғат құбылыстарымен астастыра суреттейді. Осы ретте мына бір диалогтарға үңіліп көрейікші. «– Сіз, ағамен қалай дос болдыңыз? Ол кішкентай күнінде мақтаншақ болатын. Мінездері ұқсас адамдар ғана дос бола алады деуші еді, – деп қуланды Жанат біз шай ішіп отырғанда. – Сен тентектікті қой. Менің кішкентай күнімді қайдан білесің, онда өзіңнің жылаудан көзің босамайтын. Қазір де үлкен боп, оңып тұрғаның белгілі. – Қайдан кішкентай... Апам күйеу дайындап та қойды, – деп Жанат ағасына көзін қысып, шешесі жаққа қулана иек қақты. – Тек әрі! Сен қияңқыға сөз айтып болмас тегі, – деп шешесі қызарақтап, ұя­лып, мырс етіп күліп жіберді. Кейін біл­дік. Сол ауылдың бір жігітінің туыстары Жанатқа сөз салып байқаған. Жанат шешесінің солармен ескі ғұрып бойынша сөз алысқанын мін етіп айтқандағысы екен. Бұл семьяның ашық ақкөңілділігі маған қатты ұнады. Әсіресе, Жанаттың қылық­тары мені таңдандырудан жалықтырған жоқ. Ертең ерте сабаққа кетіп бара жатып, ағасы мен шешесінің көзінше маған жақындап кеп, көзі жайнаңдап, ыстық демімен күйдіре аузын құлағыма тақады да: – Сіздің көзіңіз ұйықтағанда ашық жатады екен. Мен таңертең көрдім. Сүйгеніңіз сұлу болады, – деп сыбырлады да, сол қылығына өзі мәз боп күліп, ақ бантигі желбіреп шығып кетті...» Өте нанымды, селкеусіз сурет. Қа­ра­пайым да аңғал бала-көңіл тап-таза. Еріксіз езуіңе күлкі үйіріледі-ай. Ерғалидың өзіндік қолтаңбасын айшықтайтын табиғат көріністерін тамылжыта суреттейтін тұстары да бейжай қалдырмасы анық. Өзен жағасындағы балық аулау, Жанаттың жаңбыр астында қалған сәтін байқампаз қаламгер әсерлі бедерлейді. Бұл жерде ол құрғақ тамсануға бармай, адамның ішкі психологиясына тереңірек зер салады. Мәселенки, сөзбен сурет өрнектеуге машық қаламнан туған нөсерден кейінгі көріністі тамашалап көріңізші. «Шығыс жақта барған сайын алыс­тап, қарауытып жаңағы нөсер кетіп бара жатқан. Оның бер жағында көк аспанды белдеулей доға жасап, бір шеті жерге тиіп көздің жауын алардай айқын кемпірқосақ құлпырып тұр. Таудан асып бара жатқан күннің ерекше алтын сары шапағы сонау көкжиектегі бұлттардың бауырын күрең қызылға бояп, түлкі жонына ұқсатады... Менің кеудеме біртүрлі мұң ұялағандай. Еркіндігімен, еркелігімен менің тыныштығымды алып, тас-талқанын шығарған, сүйкімді Жанат сол еш нәрседен алаңсыз, аңқау қалпы қалып барады. Мүмкін ол өзінің мендегі тұнып жатқан сезім көлін шайқап, мазасыз, азапты да тәтті бір күйге бөлегенін сезбейтін де шығар. Енді бірнеше күннен кейін мектепті бітіреді де кетеді. Қайтып кездесеміз бе, жоқ па?». Жанарына жаңбырдан соңғы ауылдың алып панорамасы тұтас сыйып кеткендей. Бар бояу-реңкімен көз алдына жетіп келген сырлы әлем ішкі жан толқынысыңды тербейтіндей ме, қалай? Бойды билеген бейкүнә мұңды сезім тұңғиық ой-мұхитына шомдырады. Шындығында солай. Жүректерге ұя салған уыз махаббат үніне әркім-ақ құлақ түргісі келер еді... Лирикалық әңгіменің финалындағы эпизодтар да тебіреніске толы. Алай-дүлей буырқанған сезім құшағына оранған қонақ жігіт әдеттегіше ауыл сыртындағы тоғайлы өзенді жағалап, жалғыз өзі сейілдеп қайтпақ болды. Уақыты бітіп, ертең қайтпақшы. Мұны сезе қойған Жанат та «көрші құрбымнан кітабымды аламын», деп шешесін алдаусырата ілесе шығады. Күндегі серуен сүрлеуіне түскен бойда ойқы-шойқы сауалдарын ағытқан тентек қыз тосын сұрақ қояды. «Менің бір құрбымды жігіті тастап кеткен, сол үнемі бақытсызбын деп жүреді. Бұған қалай қарайсыз?..». Қапелімде тосылып қалған ол «Өзің сүйгеніңнен ажырассаң, қайғырмайсың ба?» дейді. «– Мені сүйгенім тастамайды. Мен де оны... Егер сүйгенім сіз болсаңыз тас­тар ма едіңіз мені?». «– Жоқ дейді ол мүдірмей». ...Артынша бал-бұл жанған балауса бойжеткеннің басына бір ой сап ете түседі. Алабөтен құлпыра жымыңдаған күйі шашындағы үлбіреген ақ бантигін шешіп алып, биік талдың бұтағына әдемілеп байлайды. «Осы жерде қалсын». Ілгері жылжыған екеуі ұзаңқырап барған соң, шыдай алмай арттарына қарайды. Кешкі самалға көбелекше дірілдеген ақ бантик бозарып шалынған. Жетімсіреген ақ бантик серігін іздейтін секілді. Жоқ, әлде қол бұлғап балалықпен қоштасқандай ма? Иә, ол Жанатқа өте жарасады екен. Тіпті ақ бантик, албырт балалық, алау жүректер бір-бірінен ажырағысыз тәрізді. Бейуақтағы мұңды сарын маңайды қымтап, тұмшалай түскен. Олар қол ұстасып бірге кетіп барады... Міне, бұл – Ерғалидың «Ақ бантигі». * * * «Таңғы шықта» тағы бір «Ақ бантик» бар. Жоғарыда тақырыпшада атап көрсеткеніміздей, егіздің сыңарын жазған – Қарауылбек Қазиев. Жалпы, бұйыртса, біз «Таңғы шықтағы» ең таңдаулы деген туындылар туралы ой-толғамдарымызды оқырман назарына ұсынбақпыз... Өйткені, ол жинақ – тұтастай алғанда, туған әдебиетімізге бір топ таланттың жолын ашқан тұғыр туынды. Жанат ЕЛШІБЕК, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.