26 Ақпан, 2014

Сала жұмысы сараланды

236 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің қатысуымен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың кеңейтілген алқа мәжілісі болды. Оның жұмысына Парламенттің депутаттары, Үкімет мүшелері, еліміздегі ірі компаниялардың басшылары, сондай-ақ, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері қатысты. Мәжілісте «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары туралы баяндап, ағымдағы жылға жоспарланған жобалар мен орындалуға тиіс міндеттер туралы әңгімеледі. Төрағаның сөзіне қарағанда, ҚазМұнайГаздың компаниялар тобы өткен жылдың жос­парларын негізінен артығымен орындаған. Атап айтқанда, қо­ры­тындыларға зер салсақ, мұ­най мен мұнай конденсатын өн­діру көлемі 22,6 млн. тоннаны құрап, бұрнағы жылмен салыс­тыра қарағанда 6 пайызға жуық өскені байқалады. Ал газ өндіру 2,929 млрд. текше метрге жетіп, жалпы өсім 12 пайызды құрапты. Салада атқарылып жатқан жұмыстарды саралаған төраға атқарылар жұмыстар туралы айтты. «ҚазМұнайГаз» компаниясының бұрғылау және сервис саласындағы барлық жеке активтері базасында «ҚМГ drilling and service» бірлескен компаниясы құрылады. Ол бес компанияны біріктіреді. Бұл жұмысты қысқа мерзімде аяқтау қажет. Бүгінде бұл компаниялардың технологиялық деңгейі әртүрлі. Бізде сервис саласында ойлас­тырылған және үйлестірілген сая­сат жоқ. Дегенмен, мұны түзету үшін жаңа ештеңе ойлап табу керек емес», деді С.Мыңбаев. Баяндамашы жұмысшы-қыз­меткерлердің жалақысы туралы да мәлімет бере кетті. «Биылғы жылы біз еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін енгізуді аяқтауды жос­парлап отырмыз. Сәуір айының соңына дейін барлау және өндіру саласындағы компанияларда және сервистік кәсіпорындарда осы жүйені енгіземіз. Жылдың соңына дейін бірыңғай жүйе өзге бизнес бағыттар бойынша, мәселен, тасымалдау, өңдеумен айналысатын компанияларда жұмыс істей бастайды», деп жалғады ол сөзін.   Осы арада компания былтыр әлеуметтік, демеушілік және қайы­рымдылық шараларға 23 млрд. теңге жұмсағанын тілге тиек етті. Алқа мәжілісінде «Қаз­Мұ­най­Газ» барлау өндіру» АҚ бас дирек­торы А.Нұрсейітов, бас­қар­ма төраға­сының орынбасары Д.Тиесов пен Қ.Қабылдин сөз сөй­леп, саладағы жұ­мыстардың ине-жібін сабақтап берді. Баяндамашыларды мұқият тың­­даған Үкімет басшысы «Қаз­Мұ­найГаз» ҰК» АҚ-та атқарылған жұ­мыс­тарға баға бере келіп, жыл қоры­тындысына толық қанағат­танғанын жеткізді. Сөйтіп, Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның мұ­най-газ кешені барлық экономика үшін көшбасшы болып табылады және басқа салалардың дамуына ықпал етеді» деген сөзін еске салды. Мемлекет басшысының са­лаға жүктеп отырған міндеттеріне тоқталды. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес компания ұйымдастырушылық құрылымды жетiлдiру жұмыстарын қолға алып отыр. Ол корпоративтiк басқарудың ең соңғы заманауи халықаралық стандарттары жауап беруi тиiс. Бұл жұмысты аяқтау қажет. Жалпы ал­ғанда негiзгi жұмыс жүргiзiлген. Ком­пания жаңа құрылым бойынша жұ­мыс iстеп жатыр. Осы жылдың шiл­де айына дейiн бұл жұмысты аяқтау керек», дедi С.Ахметов. Айтқандай-ақ, Премьер-Министр мәжіліс барысында Халықтық ІРО-ға да баса назар аударды. Себебі, жа­қын уақытта «ҚазМұнайГаз» компанияларының Халықтық IРО-ға шығу мәселесi қаралмақ екен. «Аме­рикада әрбiр азамат таң атысымен газет сатып алып, өзiнiң акция­ларының қаншалықты өскенiн немесе төмендегенiн бақы­лап отырады. Бiз де бұл деңгей­ге жетуімiз қажет. Бiз ендi IРО-ға КЕГОК секілді бас­қа да компанияларымыздың шы­ғуын қарастыратын боламыз. «Қаз­Мұ­найГазда» да Халықтық IРО-ға шығуы тиiс компаниялар бар. Оны қарастыруымыз керек», дедi Үкiмет басшысы. Сон­дай-ақ, Премьер-Министр сала­дағы техникалық мамандарды дайындау шарасын да термелеп, сапалы кадр мәселесін тезірек шешу керектігін алға тартты. Оған қоса, инвесторларға қарата, Қазақстан шикізатын заманауи озық технологияларға басқа-бас алмасуға дайын екенін айтты. Саладағы геологиялық барлау жұмыстарына көңіл аударған Үкімет басшысы, Мұнай және газ министрлігімен бірге саланың инвес­ти­циялық тартымдылығын арттыру туралы ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Мұнымен қатар, инно­ва­циялық технологияларды енгізу керектігін айтты. Сөйтіп, енді оңай мұнай дәуірі аяқталғанын ескертіп, дамыған елдердің озық тәжірибелерін үйрену кезек күт­тірмейтін іс екенін тілге тиек етті. Оған қоса, Үкімет басшы­сы «ҚазМұнайГаз» ғаламат жоба­лар­ды іске асыра отырып, әлемнің же­текші мұнай-газ ком­па­ния­ларының қатарына қосыла алатынына сенім білдірді. Отандық мұнай-газ ком­па­ния­­ларының алдағы міндеттерін бел­гілеп берген С.Ахметов, жұ­мыс­та­рына табыс тіледі. Сөйтіп, Мем­лекет басшысының тапсырмалары мен алдын ала жасалған жоба-жоспарлар мүлтіксіз орындалуы тиіс екенін айтты. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».