Елбасы • 17 Қараша, 2021

Елбасы ұсынысынан бастау алған ұйым

265 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Бастапқыда «Шанхай бестігі» ретінде іргетасын қалаған бірлестік қазіргі таңда әлемдегі беделді ұйымға айналды. Осы орайда, ШЫҰ-ның құрылуына тікелей ықпал еткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екенін айта кеткен жөн.

Елбасы ұсынысынан бастау алған ұйым

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

«Шанхай бестігі»

Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылу тарихы сонау Кеңес дәуірінен басталады. КСРО мен ҚХР арасында екі елдің де Қарулы күштерін қысқартып, Кеңес-Қытай шекарасындағы сенімді нығайту жөніндегі келіссөздер 80-ші жылдардың басында-ақ басталған. Бірақ кейіннен Одақ тарап кетті. Сондықтан Қытаймен келіссөздердің жаңа кезеңін қалыптастыру қажет еді. Осыған байланысты 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Минск қаласында бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған мемлекеттер – Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның Қытай Халық Республикасымен шекара мәселелерін реттеу туралы Бірлескен комиссиясы құрылған болатын.

Келіссөзге қатысушы жақтар түйінді мәселелерде бір шешімге келіп, 1996 жылдың 26 сәуірінде Шанхайда бес елдің басшылары әлемнің дипломатиялық тәжірибесіндегі аса маңызды құжат – Ортақ шекара ауданындағы әскери сенімділік шаралары жөніндегі келісімге қол қойды.

Бір жылдан кейін, 1997 жылдың сәуірінде «бестік» елдерінің көшбасшы­лары Мәскеуде Қарулы күштерді қыс­қарту жөніндегі келісімге қол қойды.

Бұл құжаттардың ерекшелігі – олар­дың Азия құрлығындағы саяси-әскери саладағы бұрын-соңды болмаған теңдесі жоқ сипатында. Келісімдерге қол қою арқылы бұрынғы КСРО мемлекеттері және ҚХР арасындағы шекарада сенім шараларын нығайтып, жүз шақырымдық аймақта қару-жарақ пен әскери техниканы қысқартуға қол жеткізілді.

Қауіпсіздік саласындағы бұл уағда­лас­­тықтар өңірдегі мемлекеттердің бар назарын өз экономикалық даму және халқының әлеуметтік жағдайын көтеру мәселелеріне шоғырландыруға мүмкіншілік берді. Халықаралық қоғамдастықты елең еткізген аса маңызды бұл уағдаластықтың құндылығы ерекше еді. Сонымен қатар осы маңызды келісімдер – жаңа, қуатты сыртқы саяси құрылымдардың іргетасын да қалады.

Ұйымды құрудың барысы туралы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында егжей-тегжейлі баяндайды. «Бес мемлекет басшыларының 1998 жылғы 3 шілдедегі келесі кездесу орны ретінде Алматының таңдалуы да кездейсоқ емес. Онда мен «бестік» елдерінің өздері бірлесіп қол жеткізген, қымбат саяси капиталын ысырап етуге болмайтынын, керісінше, мұны сақтап, ынтымақтастық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынасты нығайта беру керек екенін айттым.

Алматыдағы келіссөзге қатысушылар бұрын қол қойылған құжаттардың тиімді әсерін жоғары бағалады және бес мемлекеттің өзара іс-қимылы шекара мәселелерін шешуге ғана тіреліп қалмай, жаңа сыртқы саяси жағдайда қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелерін шешуге қабілетті құрылым түзу керектігі туралы айтып, ортақ байламға келді.

Алматыдағы кездесуге қатысушылар өздерінің Бірлескен мәлімдемесінде бес елдің арасындағы татулық, дос­тық және ынтымақтастықты бүкіл Еура­зия кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіз­діктің және дамудың факторына айнал­дыруға дайын екендерін білдірді. Осы сәттен бастап дипломатиялық айналымда «Шанхай бестігі» деген әуезді тіркес ор­нықты. Болашақ Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымының сұлбасы енді айқын көріне бастады», дейді Елбасы.

Сөйтіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының іргетасы қаланып, «Шанхай бестігі» атымен тарихтың ақ парағын ашты. Жаңа мыңжылдық басталған шақ­та «Шанхай бестігі» жаңа сапалық дең­гейге шығып, халықаралық ұйым дең­гейі­не өтуге кірісті. Аталған процеске Қазақ­стан белсене атсалысқаны есімізде.

Халықаралық ұйым ретінде қалыптасу

2001 жылдың басында «Шанхай бес­тігіне» қатысуға Өзбекстан ниет біл­дірді. Қытайдың Шанхай қаласында өткен саммитте Өзбекстанды мүшелікке қа­был­дау шешімі қабылданды. Осы­лайша, 2001 жылдың 15 маусымында Қазақстан Республикасы, Қытай Ха­лық Республикасы, Қырғыз Рес­пуб­ли­касы, Ресей Федерациясы, Тәжік­стан Рес­публикасы мен Өзбекстан Респуб­ликасы басшылары Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылғанын жариялады.

Шанхай шаһарында өткен саммит ұйымның қалыптасуына ерекше үлес қосқанын айта кеткен абзал. Жиын барысында Біріккен декларация қабыл­данып, өзара сенімі негізінде құрылған «Шанхай рухы» – баға жетпес игілікке айналғаны айтылды. Сондай-ақ терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес жөніндегі Шанхай конвен­циясы бекітілді.

Бір жылдан соң, 2002 жылдың 7 мау­сымында, Санкт-Петербургте ШЫҰ мемлекеттері басшыларының кездесуі өтті. Жиын барысында ШЫҰ-ның инс­ти­туттық рәсімделуі пысықталды. Екі маңызды актіге: негізгі жарғылық құ­жат – ШЫҰ Хартиясына және ШЫҰ-ның жабық альянс емес екенін, ынты­мақ­тасуға әзір екенін дәлелдеген декла­рацияға қол қойылды.

2003 жылдың мамыр айында Мәскеуде өткен ШЫҰ саммитінде ұйымның Бейжіңде штаб-пәтері бар хатшылығын және Ташкентте штаб-пәтері бар Өңірлік антитеррорлық құрылымын құру туралы шешім қабылданды. Сонымен бірге мемлекеттер, үкіметтер басшыларының және сыртқы саясат мекемелерінің кеңесі туралы ережелер бекітілді.

2004 жылдың 1 қаңтарынан бастап ШЫҰ халықаралық өмірдің дербес факторы ретінде және өзіндік механизмдері қалыптасқан толыққанды халықаралық құрылым ретінде қызмет ете бастады.

ШЫҰ елдері басшыларының онын­шы кездесуі 2005 жылғы 5 шілдеде Қазақстанда өтті. Жиын барысын­да ШЫҰ мемлекеттері ынтымақтасты­ғы­ның терроризмге, сепаратизмге және экс­т­ремизмге қарсы күрес туралы тұжы­рым­дамасы қабылданды. Айта кетер­лігі, 2004-2005 жылдары Моңғо­лия, Үнді­стан, Пәкістан және Иран ШЫҰ жа­нын­дағы бақылаушы елдер мәртебесін иеленді.

2007 жылы Бішкекте өткен ШЫҰ сам­­­митінде мүше мемлекеттердің ұзақ мер­­зімді тату көршілік, достық пен ынты­мақ­­тастық туралы келісімге қол қ­о­йыл­­ды. 2009 жылдың маусымында Ека­­те­­рин­бург­те өткен ШЫҰ сам­миті жа­һандық қар­жы дағ­дарысы жағд­а­йында өткізілді. 2010 жыл­дың сәуір айын­да Ташкентте ШЫҰ мен БҰҰ хатшы­лық­тары­ның ынты­мақ­тас­тығы туралы ортақ декларация қабылданды.

Осылайша, 2000 жылдары Қазақстан үлкен Еуразия кеңістігіндегі Қытай, Ресей, Орталық Азия мемлекеттерінің кү­ші мен мүмкіндігі тоғысқан және үй­лес­кен ШЫҰ-ның маңызды өңірлік ұйым болып қалыптасуына белсенді атсалысты.

ШЫҰ-ның тиімділігін мынадан да байқауға болады. Жаңа мыңжылдық басталған тұста жер-жаһанды терроризм елесі кезіп, шартараптың түкпір-түкпі­ріне қауіп төндірген еді. 2001 жылғы 11 қыр­күйекте АҚШ-та жасалған террористік акті­ден кейін лаңкестік әрекеттер дүние­жүзінің әр қиырынан естіліп жатты.

Осындай дүрбелең сәтте ШЫҰ-ның дер кезінде құрылғаны анық аңғарыл­ды. Өйткені 2004-2011 жылдар аралы­ғында ғана Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылым­ның жемісті жұмысының арқасында бес жүзден астам лаңкестік әрекеттің жолы кесілді.

Мерейтойлық саммит

Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті жиыны – мерейтойлық сам­миті Қазақстанда өтті. 2010–2011 жылдары ШЫҰ төрағалығы елімізге берілген еді. Іргелі жиын барысында ұйым қызметінің тәжірибесіне жаңа жұмыс форматы – Іс-қимыл жоспары енгізілді.

ШЫҰ төрағалығы қызметінде Қазақ­стан үшін өңірлік және жаһандық қауіп­сіздікті нығайту мәселесіне маңыз берді. Мәселен, 2010 жылғы қыркүйек­те Жамбыл облысында лаңкестікке қарсы «Бейбітшілік миссиясы-2010» жаттығу­лары өтті. Бұл іс-шара дағдарыстық жағдайлардан шығудың ортақ тәсілдерін қалыптастыруға жол ашты.

Әйтсе де, Қазақстан тарапы ШЫҰ-ның үшінші елдерге қарсы бағытталған әс­кери-саяси одақ емес екенін естен шы­ғар­ған емес. Ұйым жарғылық мақсат-мін­­деттерін іске асыруға күштік тәсіл­дер­­мен және құралдармен емес, бейбіт жол­мен қол жеткізуге ерекше екпін береді.

Елордада өткен мерейтойлық саммитке Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтао, Ресей Федера­ция­сының президенті Дмитрий Мед­ведев, Өзбекстан Республикасының прези­денті Ислам Каримов, Тәжікстан Респуб­ликасының президенті Эмомали Рахмон, Қырғыз Республикасының президенті Роза Отынбаева қатысты.

Саммитке ұйымға мүше мемлекеттер басшыларымен бірге ШЫҰ жанындағы бақылаушы мемлекет басшылары – Иран Ислам Республикасының президенті Мах­­мұд Ахмадинежад, Пәкістан Ислам Рес­­пуб­ликасының президенті Асиф Зар­дари, Үндістан Республикасының сыртқы іс­тер министрі Маллайя Кришна, Моң­ғо­лия президенті әкімшілігінің басшысы, төр­ағалық етуші мемлекеттің қо­на­ғы ретінде Ауғанстан Ислам Респуб­ли­­касының президенті Хамит Карзай да келді.

Елордадағы саммитте Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев бейбітшілікті дамыту­дың негізгі бағыттарына сай әрі Ұйым­ның бірнеше құрылымын ашуды қарас­тыратын «ШЫҰ-ның мейірімді бес ісі» деп аталатын бес оңтайлы мақсат ұсын­ды. Олар – Қақтығыстарды реттеу кеңе­сі (өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін), Құрылымдық ықпалдастық жөнін­­дегі комитет (құбырлар жүйесі мен электр желілері бойынша), Су және азық-түлік комитеті, Төтенше жағдайлар бойын­ша кеңес, ШЫҰ болжам жасау орталығы.

ШЫҰ қызметін күшейтудегі Қазақ­стан­ның маңызды бастамаларын кездесуге қатысушылар зор ықыласпен және қызығушылықпен қабылдады. Мерейтойлық саммит қорытындысы бойынша өткенді саралап, болашақтағы шаруаның басым бағыттарын анықтаған ШЫҰ-ның 10 жылдығындағы Астана декларациясы қабылданады.

Астана декларациясында өткен кезеңде атқарылған Ұйымның жұ­мы­сы сарапталып, келешекке деген бағыт-бағдар белгіленді. Отырыста ШЫҰ он жыл ішінде халық­ара­лық және ай­мақтық жағдайдың терең өз­геру­леріне қарамастан, өзін тату көр­шілік, достық және серіктестік қаты­нас­тарды тереңдетудің маңызды теті­гі, сондай-ақ түрлі өркениеттер ара­­сын­­дағы үнқатысудың үлгісі, халықара­­лық байланыстарды демократия­­ландыруға ба­ғытталған дүниежүзілік талп­ыныс­тар­дың белсенді факторы ретінде көрсете білді деп қорытындыланды.

«ШЫҰ-ның бірегейлігі мен тартым­ды­лығының себебі өзінің саяси-дипло­ма­тиялық істерінің ептілігіне және оларды өз мақсаттарына икемдеудегі қадам­дарына байланысты. ШЫҰ-ға мүше елдердің бәрі де аумақтарының, тарихтары мен мәдениеттерінің әртүр­лілігіне қарамастан, тең және бірдей дауыс­қа ие. ШЫҰ-ның нақ осы қасиеті әлем­де қызығушылық тудыруда. Сон­дық­­тан да әлем біздің Ұйы­мы­мыз­дан үлкен үміт күтеді», деді Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев мерейтойлық саммитте.

2010 жылдың маусымы мен 2011 жыл­дың маусымы аралығындағы ШЫҰ-ға Қазақ­­станның төрағалығы осы құрылым­ның дамуына, әлеуетін арт­тыруға, өңір­лік қауіпсіздікті нығайта тү­суге зор сер­пін берді. Жыл бойы Қазақ­станның бас­шы­­лығымен ШЫҰ аясында түрлі дең­гей­­дегі және форматтағы 120 іс-шара ұйым­­дас­ты­рыл­ды. Астана қаласы ШЫҰ тарихын­дағы жаңа онжылдық пен жаңа дәуірді ашты.

2012 жылы 7 маусымда ШЫҰ кезекті саммиті Бейжіңде өтіп, онда 2013-2015 жылдарға арналған терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес бойынша ынтымақтастық бағдарламасы қабыл­данды. Ауғанстан ШЫҰ-ға бақы­лаушы ретінде қабылданды, ал Түркия диалог жүргізу бойынша әріптес болып қатысты. Қатысушы елдердің басшылары кездесуінде ШЫҰ-ны дамытудың стратегиялық негізгі бағыттары бекітілді. Бұл – ШЫҰ-ның Астана қаласында өткен саммитінде айтылған – ШЫҰ үшін өзінің жеке стратегиясы болуы керектігі жөніндегі ұсынысымыз қолдау тауып, жүзеге асырыла бастағанын білдірді.

1

Керегесі кеңейген ұйым

2015 жылы 10 шілдеде ШЫҰ-ға қаты­су­­­шы мемлекеттер басшыларының кезек­­ті кеңесі Уфа қаласында (Ресей) өт­кі­зіл­­генде, Ұйымның 2025-жыл­дарға дейінгі Даму стратегия­сы қабылданды. Ұйымға мүше мемле­кеттердің шекара мәселелері бойынша ынтымақтастығы мен өзара қарым-қатынасы жөніндегі келісіміне қол қойылды. ШЫҰ-ға мүше болуға ұсыныс біл­дірген бақылаушы-мемлекеттер – Үндістан мен Пәкістан­ды мүшелікке қа­был­дауға байланысты дайындық жұмыс­тары қолға алынды. Сонымен бірге, Бела­русьтің ШЫҰ-дағы мәртебесі өсіп, бақы­лау­шы-мемлекет деңгейіне көтерілді, ал Әзер­байжан, Ар­мения, Кам­боджа және Непал мемле­кеттері ШЫҰ-ға өзара диалог жүр­гізетін серіктестер ретінде тіркелді.

2017 жылы Қазақстан астанасында өткен саммитте Үндістан мен Пәкі­с­тан ШЫҰ-ға толыққанды мүше болып қабылданды. Аталған екі мемлекеттің ұйымға заңды мүше болып қабыл­дануы – ШЫҰ-ның әлеуетін арттырып, оның беделінің жаһандық деңгейге көтерілгенін айғақтайтыны даусыз.

2015 жылы желтоқсан айында Чжэнчжоу қаласында (ҚХР) ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Өңірлік экономикалық қарым-қатынас туралы үндеу қабылдады. Сол жолы Қытай жағы 2020 жылға қарай ШЫҰ-ға мүше елдер арасында еркін сауда-саттық аймағын құру туралы ұсыныс жасады.

2016 жылы 24 маусымда Ташкент қаласында өткен ШЫҰ-ның саммиті ұйымның құрылғанына 15 жыл толуын атап өтті және ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясы бойынша Жұмыс жоспарын қабылдады. Ұйымға мүше мемлекеттер жуық арада тездетіп БҰҰ-ның Халықаралық лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі Жалпыға ортақ конвенциясын қабылдау туралы ұсы­ныстарын жасады. Қазақстан ШЫҰ-ның экстремизммен күрес жөніндегі конвенциясын әзірлеуге байланысты ұсыныс енгізді.

Қазіргі таңда ШЫҰ аймақтағы маңыз­ды геосаяси факторға айналды. Ұйым – жан-жақты халықаралық ынты­мақ­­тастыққа бағытталған, әскери блок не­месе альянс болуды көздемейтін ашық бірлестік. Оның жұмысы үш басты бағыт­қа – ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздікті қам­тамасыз ету, экономикалық және мә­дени-гуманитарлық әрекеттесуді дамы­туға негізделген.

Балтық теңізінен Тынық мұхитына дейінгі Еуразияның алып кеңістігіндегі ынтымақтастықты жүйелі дамытуға жол ашатын Шанхай ынтымақтастық ұйы­мының рөлі өте жоғары. Қауіпсіз­дікті, тұрақтылықты қам­тама­сыз ететін Шанхай ынтымақтас­тық ұйымының маңызын мынадан-ақ аңғаруға болады. Бүгінде оған мүше мем­лекеттер­дің аумағы 34 миллион шар­шы ша­қырымды құрайды. Яғни алып Еуразия құрлығының 60 пайыздан ас­та­мын алып жатыр. Мұнда жер-жаһан­дағы халықтың тең жарымына жуығы – 3,4 миллиард адам мекендейді. Шарта­раптағы ішкі жалпы өнімнің 20 пайызы да ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерге тиесілі.

Биыл Душанбеде Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымының кезекті саммиті өт­кені белгілі. Осы іргелі жиында Иран ұйым­ға мүшелікке өтті. Осылайша, мүше мемлекеттердің саны 9-ға жетті. Бұған дейін ресми Тегеран бірнеше мәр­те ШЫҰ-ға толыққанды мүшелікке өтуге өтініш білдірген еді. Алайда түрлі себептерге байланысты бұл процесс биылға дейін шешілген жоқ. Ақыры Иран діттеген мақсатына қол жеткізді.

Тегеранның талай жыл ұйымға толық­қанды мүшелікке өтуін арман­дауы­ның өз себебі бар. Иран бертін­ге дейін санкцияға душар болып келген. Сөйте тұра, ШЫҰ-ның құра­мын­дағы мемлекеттермен сауда-экономи­ка­лық байланыс 28 миллиард доллар­ды құрады. Салыстырмалы түрде қара­саңыз, Қытай мен ұйымға мүше мемле­кет­тер арасындағы тауар айналымы 244,85 миллиард долларға жеткен. Осы­дан-ақ ШЫҰ-ға толыққанды енудің артық­шылығын бағамдай беріңіз.

Қорыта айтқанда, Елбасының дәйекті саясатының арқасында бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттері мен ҚХР ара­сын­дағы қатынастар шекара мәселесі бо­йын­ша тайталастан жасампаздық жолына түсіп, өзара сенімді арттыруға және Еуразия құрлығында көпсалалы ын­ты­мақтастықтың жаңа үлгісін қалыптас­тыруға түрткі болды.