Аймақтар • 17 Қараша, 2021

Жігерлі жастар сайысқа түсті

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Болат қайнауда шыны­ғады, ер майданда шыны­ғады» дейді. Май­дан­нан сақтасын! Бүгін­гінің жастары, жас­өспі­рімдері спорт­тық са­йыс­тарда шы­нығып жүр. Ел Тәуел­сіз­дігінің 30 жылдығына орай Өскеменде онлайн форматта «Айбын-2021» облыстық әскери-пат­риот­тық жастар жиыны өтті.

Жігерлі жастар сайысқа түсті

Білекті де жүректі жастар сы­на­лар байқауға аудандардың кіл мықтылары қатысты. Әрбір жас сарбаз жеңіске ұмтылды, күш­тіліктерін, ептіліктерін көрсеткісі келді.

Жиынның шымылдығы «Туған жерім менің – Қазақстаным!» чел­лендж байқауымен түрілді. Сайыс болған соң бірі сүрінеді, енді бірі бабына, бағына қарай оны сәтті аяқтап жатады. Оның бәрін қазылар сараптап, саралап отырды. Ал турникке тартылуда, арқаға жатып, денені көтеруде сарбаздардың күштілері іріктелді. АК-74 автоматын бөлшектеп, жинақтаған сарбаздар ептіліктерін шапшаңдықтарын көрсетті. Байқау онлайн ұйымдастырылғанымен, қызықты өтті.

– «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны әскери қызмет бе­делін, әскери қызметшінің мәрте­бесін арттыруға бағытталған біре­гей іс-шара. Өңірлік сайыстың же­ңімпаздарынан облыстық құра­ма жасақталып, 2022 жылы респуб­ликалық жиында бақтарын сынайды, – дейді Шығыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Ерлан Рамазанов.

Әскери жиынды ұйымдасты­ру­шылардың көздеген мақсаты – жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеу, әскери-патриоттық клубтардың, «Жас Сарбаз» сы­ныптарының жұмыстарын жандандыру. Сондай-ақ жастар арасында саламатты өмір салтын на­­си­­хаттаудың бір жолы да осы.

Сайыстың қорытындысы бо­йын­ша, үшінші орынды Жарма ауданының «Ақ бөрі» әскери-пат­риоттық клубының командасы, екінші орынды Аягөз ауданының «Жас артиллерист» әскери-пат­риоттық клубының командасы еншіледі. Ал бірінші орынды Риддер қаласының «Сұңқар» әскери-патриоттық клубының коман­дасы қанжығаға басса, бас жүл­дені Семей қаласына қарасты Бұлақ ауылының «Ауыл арландары» әскери-патриоттық клубының командасы жеңіп алды.

– «Әскери-патриоттық тәрбие беру және жастарды әскери қыз­метке ынталандыру жөніндегі шара­лар кешенін іске асыру» жобасы аясында онлайн форматтағы «Айбын» әскери-патриоттық жас­тар жиынына облыстың 15 қаласы мен ауданынан 75 жас бақ сынас­ты. Бұл іс-шара облыста жыл сайын жалғасын табады, – деді Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит.

Жиын облыстық ішкі саясат бас­қармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Қа­зақстан халықаралық құқық­тық қарым-қатынас қоры» қоғам­дық қорының ұйымдастыруымен өтті. Сайысқа Қазақстан Республика­сы Қорғаныс министрлігі Шығыс Қазақстан облысының қорға­ныс істері жөніндегі департаменті мен облыстық білім басқармасы­ның қолдауымен өткізілді.

 

Шығыс Қазақстан облысы