Өзге ұлт жастары арасында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту және мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді өзге ұлт жастарын ынталандыруды мақсат еткен шараға республиканың 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан іріктелген үздіктер қатысты.
Мемлекеттік тілді рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеген 21-35 жас аралығындағы қоғамдық белсенді этнос жастары мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлестері, білім, мәдениет, спорт саласындағы жетістіктері баяндалған бейнеролик ұсынып, берілген тақырыпта ой толғады. Сонымен қатар «Менің тәуелсіз Қазақстаным» тақырыбында эссе жазды.
Байқауға қатысушылардың тілді меңгеру деңгейін, жауаптарының мазмұндылығы мен ерекшелігін, қазақ тілінде таза сөйлеуін бағалаған білікті әділқазылардың шешімімен Ақмолалық Анастасия Ирубаева бас жүлдені иеленді. Одан кейінгі бірінші орынға түркістандық Муаттар Адиханбаева лайық деп табылды. Екінші орынды шымкенттік Хурматой Абдухамидова қанжығалады. Ал астаналық Андрей Потанин мен атыраулық Ирина Чеченева үшінші орынды теңдей бөлісті. Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының үмітін арқалаған Галина Дураченко мен Равана Ибрагимова ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыруға бағытталған іс-шара жыл сайын жалғаса беретін болады.