26 Ақпан, 2014

Шығыста индустриялық-инновациялық дамудың жаңа кезеңі басталады

372 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Шығыс Қазақстанда екінші бесжылдықта трансұлттық компаниялармен бірлескен 5 жоба іске қосылады. Бүгінгі күннің өзінде өңірде автокөлік жасауда – «Рено-Ниссан», металлургия­да – әлемдік көшбасшылар санатынан табылатын «Posco», геологиялық барлауда «Рио Тинто» жобалары қолға алынды. Кеше Премьер-Министрдің орын­басары – Индустрия және жаңа тех­нологиялар министрі Әсет Исекешев Шығыс Қазақстан облысындағы жұ­мыс сапарын «Азия-Авто Қазақ­стан» зауытынан бастады. Вице-премьер жылына 120 мың автокөлік шығаруға қуаты жететін зауыт пен автобөлшектер өндіретін техно­парк құрылысымен танысты. «Азия-Авто» аталған жобаны «Рено-Нис­сан» альянсымен бірігіп жүзеге асы­руда. Жоба құны – 74,5 млрд. теңге. Оның ішінде 14,5 млрд. – өз қаржысы болса, қалған бөлігі Еу­ра­зия даму банкі мен Еуропа қайта құру және даму банкінің займ­дары. Бұл нысанды келесі жылы пай­далануға беру жоспарланған. Сол кезде 4 мың тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Өнімнің жартысы экс­портқа шығарылады. Тағы бір инвестициялық жоба – титан құймаларын өндіретін «ПОСУК Титаниум» ЖШС. Бұл жоба­ны жергілікті титан-магний комбинаты корейлік әріптестерімен бірге жүзеге асыруда. Құны – 7,384 млрд. теңге. Жоба жетекшілерінің айтуынша, зауыт 2016 жылы іске қосылады. Ә.Исекешев Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес, Үкі­меттің өңдеуші өнеркәсіпке, әсі­ресе титан-магний комбинатына ше­тел­дік инвестицияны тікелей тарту жұмыстарын жандандыруға кіріс­кенін жеткізді. – Біз, индустриялық-инно­ва­ция­лық жобалар үшін әлемдік бәсе­­келестіктің артуы инвесторлар­ды тартудың жаңа шешімдерін із­дес­тіруді қажет ететінін көріп отырмыз. Бұл – инвестициялық климатты жақсартудан ғана тұрмайды, онымен бірге трансұлттық компаниялар арасынан белді компания-инвесторларды тарту мәселелерін де қамтиды. Бұл үшін қазір Үкіметте инвесторларға арналған жаңа ынталандыру пакеті талқыланып жатыр, – деді ол. Өндіріс алаңдарын аралап болған соң Ә.Исекешев пен өңір басшысы Бердібек Сапарбаев үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму қорытындылары және индус­трия­ландырудың екінші бесжылдығының басымдықтарын саралаған жиын өткізді. – Шығыс Қазақстан – еліміздің металлургиялық орталықтарының бірі. Соңғы кезде өңірде машина жасау саласы жедел дамып келеді. Соны­мен бірге облыстың дамуы­на жаңа серпін беретін өзге де сек­тор­ларды сараптау қажет, – деді Ә.Исе­кешев. Премьер-Министрдің орынбаса­ры Индустрияландыру картасы жо­баларының толық қуатында жұмыс істеуі, сондай-ақ, жоба сапа­сының жоғары болуы өте маңыз­ды мәселе екенін атап өтті. Индус­трияландыру картасы шеңберінде 4 жылда жалпы сомасы 190,7 млрд. теңгеге 37 жоба іске қосылды. 3,7 мың жұмыс орны құрылды. Биыл тағы 14 жобаны жүзеге асырып, 1,5 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.   Жиынның қорытындысында екі құжатқа қол қойылды. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі туризм саласындағы әріптестікті дамыту туралы, сондай-ақ аталған министрлік пен «ҚазЦинк» ЖШС геология саласындағы әріп­тес­тікті дамыту жөніндегі меморандумдар қабылдады. Бұл құжаттар «Үлкен Алтай – Орталық Азиядағы бірегей кенді аймақ» жобасын жүзеге асыру шеңберінде Шы­ғыс Қазақстан ау­мағындағы мине­ралды-шикізаттық базаны ұлғай­ту және геологиялық барлау бағдарламасының тиімділігін арттыруға бағытталған. Меморандумға сәйкес, «Қаз­Цинк» кәсіпорны 2014-2018 жыл­дар аралығында бес жыл бойы 15 млрд. теңгеден кем емес қаржыға Қазақстан территория­сында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді қаржылан­дыру міндетін алды. Геология­лық барлау жұмыстарын жүргізу үшін министрлік геология және жер қой­науын пайдалану комитетімен бірге Кенді Алтайдағы жер қойнауын пайдалану құқын қамтамасыз етеді. «ҚазЦинк» және «Рио Тинто» кә­сіп­орындарымен келісімге сәйкес, ал­дағы жылдары геологиялық барлау жұмыстарына 30 млрд. теңгеге жуық қаражат құю жоспарланып отыр. Үкімет басшысының орынбасары жұмыс сапарының соңында Шы­ғыс Қазақстанның туристік мүм­кіндіктері көрсетілген көрме жұ­мысымен танысты. Думан АНАШ. Өскемен.