Президент • 17 Қараша, 2021

Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында сөйлеген сөзі

222 рет
көрсетілді
36 мин
оқу үшін
Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында сөйлеген сөзі

Құрметті кеңес мүшелері!

 

Еліміз бір айдан кейін Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеді.

Бұл – бүкіл халқымыз үшін айрықша мәні бар мерейлі белес.

Сондай-ақ, мемлекетіміздің даму жолындағы маңызды меже.

Осыған орай, қоғамдық маңызы бар нақты жұмыстар атқарылып жатыр.

Мен бұған айрықша мән беремін.     

Жалпы, отыз жыл бойы кезең-кезеңмен жүзеге асырылған реформалар өмірімізді түбегейлі өзгертті.

Бұл бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетеді.

Біз осы тарихи белеске мықты мемлекет және біртұтас ұлт ретінде жетіп отырмыз.

Бірақ жетістіктерге тоқмейілсіп, тоқтап қалмаймыз. Алға ұмтыла береміз.

Саяси жаңғыру, экономика құрылымын өзгерту, әлеуметтік саланы дамыту жұмыстары тың қарқынмен жалғасуда. 

Бұған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор үлес қосуда.           

Кеңес алғаш құрылған күннен бастап тиімді пікірталас орталығына  айналды.

Басқосуларда сан түрлі бастама көтерілді.  

Оның бәрі жан-жақты талқыланды. 

Елге қажет және өміршең ұсыныстар нақты реформаға ұласты.     

Ұлттық кеңестің бастамаларын жүзеге асыру үшін 90-нан астам нормативтік-құқықтық акт қабылданды.

Оның ішінде заңдар, Президент Жарлықтары мен Үкімет қаулылары, министрліктердің бұйрықтары бар.

Осыдан-ақ Ұлттық кеңестің тиімді жұмыс істеп жатқанын аңғаруға болады.

Кеңес өз қызметін инклюзивті, ашық және жүйелі жүргізіп келеді.

Оның мүшелері өңірлерге шығып, ел ішіндегі белсенді азаматтармен жиі кездесіп жүр.

Осылайша, халықпен тиімді байланыс жасау тәжірибесі қалыптасуда.

Кеңес мүшелеріне азаматтық ұстанымы және елді жан-жақты жаңғыртуға бағытталған жемісті қызметі үшін ризашылығымды білдіремін.     

 

Құрметті әріптестер!

 

Біздің мақсатымыз барлық саланы жаппай реформалау емес.

Мағынасыз диалогтың да ешкімге қажеті жоқ.

Кез-келген өзгеріс халқымыздың тұрмысын жақсарту үшін жасалуы керек.

Мемлекеттілігімізді нығайтып, әлеуетімізді арттыруды көздейтін ұсыныстарды ғана жүзеге асырған жөн. 

Бұл – мен үшін айқын ұстаным.

Ұлттық кеңес қызметіне кірісер кезде қаншама күдік пен күмән болды.

Реформа түбегейлі өзгеріс әкелмейді, үстірт жасалады деген пікірлер айтылды.

Алайда, жұмыс нәтижесі мұндай пайымның қате екенін көрсетті.

Кеңес екі жылдың ішінде еліміздегі көптеген оң өзгеріске жол ашты. 

Болашақ ұстаздар мен дәрігерлердің, докторанттардың стипендиясы көбейді.     

Жоғары оқу орындарында сабақ беретін оқытушылардың жалақысы өсті.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылды.

Ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім берудің жаңа ережелері бекітілді.

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған азаматтарға берілетін субсидия екі есе ұлғайды. 

Пайдаланылмай жатқан жер теліміне салынатын базалық салық мөлшерлемесі артты.

Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен заңды тұлғаларға сатуға және жалға беруге тыйым салынды. 

Осы жылдан бастап жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік берілді.

Оны жылжымайтын мүлік сатып алуға, ипотекалық несиені өтеуге және емделуге жұмсауға болады.

Соның арқасында жарты миллионнан астам азаматымыз зейнетақы жинағын өз қажетіне жаратты.

Әлеуметтік жағынан әлсіз топтарды  қолдайтын бірқатар шешім қабылданды.       

Биыл алғаш рет көп балалы, мүгедек баласы бар және толық емес отбасылардың балаларына білім гранты берілді.    

Соның нәтижесінде осындай отбасында өскен 5 мыңнан астам жеткіншек тегін оқуға мүмкіндік алды.

Ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім беру үшін бөлінетін қаржы екі есе ұлғайды.

Қазір бір балаға 730 мың теңгеден астам қаражат бөлінеді.

Осыдан бір ай бұрын мүгедектікті сырттай белгілеу қызметі алты өңірде пилоттық жоба ретінде жүзеге асырыла бастаған еді.    

Оған тұрғындар тарапынан  сұраныс бар екенін көрдік.

Сондықтан жаңа жылдан бастап бүкіл еліміз бұл қызметті жаңа форматқа көшіретін болады.   

Тағы бір мысал – полицияның және қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің қызметтік ғимараттарын бейнекамера арқылы  жаппай бақылауға алу.   

Бұл жұмыс 2023 жылдың соңына дейін толығымен аяқталады.

Ал осы жылдың соңына дейін барлық полиция бөлімдеріне бейнебақылау камералары орнатылады.    

Жүзеге асырылып жатқан саяси өзгерістердің жүйелі әсері бар.  

Елімізді одан әрі демократияландыруға бағытталған реформалардың төрт топтамасы әзірленді.

Бұл жұмысқа өздеріңіз тікелей атсалыстыңыздар.   

Сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізу талабы партияларды өз жұмысын түбегейлі қайта қарауға ықпал етті.

Бұрын партиялық тізімдерде осы санаттағы азаматтардың үлесі 20 пайыздан аспайтын.  

Квота енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 34 пайызға жетті.    

Әйелдер мен жастарға өз әлеуетін жүзеге асыруға қосымша мүмкіндік туды.

Біз мұнымен шектелмеуіміз керек.

Енді гендерлік және жастар квотасы партиялардың депутаттық мандаттарын бөлу кезінде де ескерілетін болады. 

Мен инклюзивті қоғам құру ісін жалғастыру үшін партиялардың сайлау тізіміне квота берілетін азаматтардың санатын кеңейтіп, оған ерекше күтімді қажет ететін тұлғаларды қосуды ұсындым.

Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу біздің қоғамымызды демократияландыру жолында жасалған маңызды қадам  болды.

Биыл елімізде 800-ден астам ауыл әкімі сайланды.

Соның нәтижесінде ауыл әкімдерінің тең жартысы жаңарды.

Партиялардың белсенділік танытуы, өзін-өзі ұсынған азаматтардың көптігі және сайлаушылардың дауыс беруге көптеп келуі  бұл реформаның орынды екенін әрі уақтылы қолға алынғанын көрсетті.

Мұның бәрі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ұсынған бастамалардың бір бөлігі ғана.

Оны жүзеге асыру қазақстандықтардың тұрмысына тікелей әсер етіп, мемлекеттік басқару ісінің сапасын жақсартады.

Сондай-ақ елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізеді. 

 

Құрметті Кеңес мүшелері!

 

Мен бүгінгі отырыста мынадай ұсыныстарды ортаға салғым келеді.

Біздің жұмысымыздың тағы бір аралық нәтижесі саналатын бұл бастамалар еліміздегі нақты проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. 

БІРІНШІ. Ауыл әкімдерін сайлау институтын жетілдіру

Бұл науқан бүкіл еліміз бойынша ойдағыдай өткізіліп жатыр.

Сайлау заңнамасының талаптары қатаң сақталуда.

Сарапшылар мен ауыл тұрғындары осы бастаманың өте орынды екенін айтуда. 

Дегенмен, сайлау үдерісін үнемі жетілдіріп отыруымыз керек.

Бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылуда. 

Бастамашыл топ осыған орай кешенді сараптама жасау үшін өңірлерге арнайы барып қайтты.

Оның құрамында Ұлттық кеңестің және Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері бар. 

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілін жетілдіруді көздейтін нақты ұсыныстар қамтылған арнаулы баяндама тыңдалды.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің реформалар ұсынып қана қоймай, жан-жақты саралап, оған қажетті түзетулерді енгізуі де маңызды.

Осындай кейбір толықтыруларға жеке тоқталып өткім келеді.

Кеңес мүшелері Александр Данилов, Гүлмира Илеуова, Марат Шибұтов арнаулы орта білімі бар азаматтарға ауыл әкімі лауазымына сайлануға мүмкіндік беретін норманы бекітуді ұсынды. 

Халықтың зор сеніміне ие болған, тәжірибелі, білікті, алайда білім деңгейіне қатысты талаптың салдарынан сайлауға түсе алмайтын азаматтар, әсіресе, ауыл-аймақтарда көп екенін ескерсек, бұл өзгеріс жергілікті деңгейдегі сайлаудың бәсекелі болуын күшейте түседі деп санаймын.

Әкім болуға үміткерлер, әсіресе, өзін-өзі ұсынғандар үшін сайлауалды үгіт-насихат науқанының мерзімін ұзарту мәселесі өзекті екенін  көріп отырмыз.    

Осыған орай, сайлау науқанының ұзақтығын өзгерту мүмкіндігін қарастырған жөн. 

Сонымен бірге, әр өңірдегі сайлау науқанын әртүрлі қаржыландыру тәсілін қолдану ұсынылады.

Мысалы, үгіт-насихатқа қазіргі таңда бөлінетін қаржы солтүстік аймақтағы халық аз тұратын ауылдарда сайлау науқанын өткізу үшін жеткілікті болса, халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлер үшін дәл сондай қаражат аздық ететіні анық.

Аталған ұсынымдар ауыл әкімдерін сайлау тәсілдерін жақсартуға бағытталған деп санаймын.        

Сондықтан, оны мұқият зерделеу керек.

Президент Әкімшілігіне менің атыма нақты ұсыныстар әзірлеп, енгізуді тапсырамын. 

ЕКІНШІ. Білім беру саласының өзекті мәселелерін шешу

Кез-келген адамның бәсекеге қабілеті оның білім деңгейіне тікелей байланысты.

Әрбір азаматтың өмір бойы сапалы білім алуына қажет жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. 

Мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында қауіпсіздікті сақтау өзекті мәселе болып тұр. 

Біз оқушылар мен студенттерді кез келген қауіп-қатерден қорғауға тиіспіз.

Білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жүйесіне бірыңғай талап қойылуы қажет.

Сол үшін бәріне ортақ ереже әзірлеу керек.   

Қазір оқу орындары күзет агенттігімен бір жылға келісім-шартқа отырады. Әдетте оны жылдың басында жасайды. Бұл – оқу жылының ортасы деген сөз.  

Мұндай келісім-шарттарды ұзағырақ уақытқа, мысалы үш жылға жасаған тиімді болар еді. 

Оған рұқсат беру үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет.

Сондай-ақ, оқушыларға, мұғалімдер мен ата-аналарға төтенше жағдай кезінде не істеу қажеттігін үйреткен жөн.

Қатерлі сәтте әрбір адам дұрыс әрі шұғыл әрекет жасай білуге тиіс. Сонда ол өзін ғана емес, өзгені де құтқара алады.  

Мектептердегі орын тапшылығы – өте өзекті мәселе.

Мен биылғы Жолдауымда 2025  жылдың соңына дейін 1000 мектеп салу туралы тапсырма бердім. Бұл – маңызды міндеттің бірі.

Жауапты мемлекеттік органдардың жұмысы осы тапсырманы сапалы әрі тиімді орындауына қарай бағаланады. 

Қазір мектеп салу үшін жер телімін алу айтарлықтай қиындық туғызатын болды.  

Өңір әкімдеріне барлық мектепке жер телімін алдын-ала бөлуді тапсырамын. 

Елді-мекеннің жоспарын жасап, тұрғын-үй салған кезде әлеуметтік нысан болу қажеттігі ескерілуге тиіс. Бұл – заңнамада көрсетілген талап.

Бірақ, жергілікті атқарушы органдар белгіленген талапты орындай бермейді.

Тағы да қайталап айтамын.

Тұрғын-үй алаптары бой көтерген кезде онымен бірге міндетті түрде мектеп пен балабақша салынуы керек.  

Үкіметке заңның сақталуын қатаң бақылауды тапсырамын.

Тағы бір мәселе бар.

Әр сыныптағы бала саны шектен тыс көп.    

Негізі, бір сыныптағы балалардың саны 25-тен аспауы керек. Осы стандарттың сақталуын қамтамасыз етуге тиіспіз.   

Сонымен қатар, мектептердің үлгілік жобасын әзірлеуді тапсырамын.

Мектептің жалпы көлемі мен дизайны орын санына байланысты анықталуға тиіс.

Мектеп 2500 балаға арналса, соған сай инфрақұрылым да болуы керек. Онда спорт залдары, асханалар, зертхана және оқу кабинеттері болуға тиіс.

Жаңа мектеп салуға бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалуына, талан-таражға түсуіне жол бермеу қажет.

Келесі мәселе.

Мемлекет жастарға білім беру үшін жоғары оқу орындарына өте көп грант бөледі. Бүгінде бір студентті оқыту құны –  шамамен 4 миллион теңге. Грант саны жыл сайын артып келеді. Енді қаржыландыру тәсілін өзгерткен жөн.

Қаржы тікелей грант иесіне берілуге тиіс, яғни студент оқу ақысын өзі төлеуі керек. Бұл – қаражат студенттің арнайы есеп-шотына түседі деген сөз. Оны тек оқу ақысын төлеуге жұмсау керек.   

Бұл тәсіл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында бәсекелестікті арттырады. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыстың ашық болуын қамтамасыз етеді.

Білім сапасын жақсартып, студенттердің жауапкершілігін арттырады. 

Үкімет бұл шешімді жүзеге асыру жолдарын мұқият ойластыруы керек.

Елімізде балалардың бос уақытын пайдалы өткізуіне және қосымша білім алуына жағдай жасалуда.

Алайда, мемлекеттік әлеуметтік нысандарды жеке адамдар иеленіп  жатыр.

Әсіресе, оқушылар сарайы мен музыка мектептеріне, балабақшаларға көз тігушілер көп.

Сондай бір оқиға жуырда Алматыда болды.

Бұған мүлдем жол бермеуіміз керек.  

Үкіметке мемлекеттік әлеуметтік нысандарды жеке меншікке беруге заң жүзінде шектеу қоюды тапсырамын.

Бүгінде елімізде медицина кадрлары тапшы.

Бұл салаға 4 мыңға жуық қызметкер жетіспейді. 

Облыс орталықтарында, әсіресе, аудандар мен ауылдарда білікті дәрігерлер аз.

Өйткені, аймақтарда оларға қажетті жағдай жасалмаған.

Өңір әкімдері осы мәселемен белсенді түрде айналысуға тиіс.

Медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән беру қажет.

Кадр тапшылығының тағы бір себебі – мамандардың шетелге кетуі.

Жыл сайын жоғары медициналық білімі бар мыңнан астам азамат өзге елге қоныс аударуда.

Ал шетелде оқыған өз мамандарымыз Қазақстанда оқуын жалғастырамын десе, алдынан түрлі кедергі шығады. 

Олар клиникалық тәжірибеден өткісі келсе де, қиындыққа тап болады. 

Ұлыбритания мен АҚШ-тың әйгілі медициналық жоғары оқу орындарында білім алған жастарымыз аз емес. Олардың бірқатары елге оралған соң  мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмағаны туралы мәліметтер де бар.     Бұл дұрыс емес.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің белді оқу орындарында медициналық білім алған азаматтарымызға еш кедергі болмауы керек.

Олардың дәрігер болып жұмыс істеуіне рұқсат беру үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу қажет.

Сондай-ақ, бізде жоғары технологиялы медициналық құрал-жабдықтың қыр-сырын білетін білікті маман тапшы.   Бұл мәселені Ұлттық кеңестің мүшесі Тәттігүл Талаева көтерген болатын.

Денсаулық сақтау жүйесіне қажет техникалық кадрларды даярлау ісін қолға алған жөн.

Мамандарды, әсіресе биоинженерлерді оқытуға медициналық техника шығаратын компанияларды барынша тарту керек.  

Медициналық құрал-жабдықтарды күтіп ұстау аса маңызды.

Бұл жұмыспен кешенді түрде айналысу қажет.   

Үкіметке медициналық техниканы жөндеп, оның дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесін жан-жақты қарастыруды тапсырамын.

Бұл саладағы жұмыс жүйеленсе, бюджет шығыны азаяды. 

Денсаулық сақтау мекемелеріндегі техника бұзылып, босқа тұрмайтын болады. 

Жалпы, білім сапасы жақсарса, тұтас ұлттың бәсекеге қабілеті артады.   

Осы салаға салынған инвестиция болашақта еселеп қайтады.

Жастардың табысқа жетуіне және ел игілігі үшін еңбек етуіне жол ашылады.

ҮШІНШІ. Цифрлық технологияны  барынша енгізу

Цифрландыру – мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді басымдығы. Мен жақында арнайы комиссияның отырысын өткіздім. Алдымызда тұрған жаңа міндеттерді айқындадық. 

Біз цифрландыру қарқынын еш бәсеңдетпеуіміз керек. 

Бұл үрдіс барлық саланы қамтуға тиіс.

Бірнеше мысал келтірейін. 

Қазір ақпараттық базалардың арасында байланыс жоқ.

Соның салдарынан қағаз жүзінде құжат талап ету үрдісі әлі де сақталып отыр.

Ұлттық кеңестің мүшесі Ләззат Қожахметова мен Уайс Ерсайынұлы да осы мәселеге тоқталды. 

Мәселен, Электронды Үкімет базасына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көрсететін қызмет түрлері енгізілген. 

Онда атаулы әлеуметтік көмек немесе көп балалы анаға төленетін жәрдемақы алатын азаматтар туралы мәлімет бар.

Соған қарамастан жергілікті атқарушы органдар және білім беру мекемелері тұрғындардан мөр басылған қағаз анықтама талап етеді.              

Биыл Халыққа қызмет көрсету орталықтары осындай екі миллионнан астам құжат берген.

Қазіргі цифрландыру дәуірінде мұның еш қажеті жоқ.

Қарапайым мәселені мемлекеттік органдар өздері қиындатып отыр. 

«Электронды үкіметтің» базасына әкімдіктер мен Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйелерін қосу керек. 

Сонда Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жеңілдетеміз, азаматтардың уақытын үнемдейміз. 

Құжат айналымын және іс жүргізуді цифрландыра берген жөн.

Қазір елімізде Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі біртіндеп енгізіліп жатыр.

Бұл жүйе еңбек кітапшаларынан бас тартуға және қағазбастылықтан құтылуға мүмкіндік береді.  

Дегенмен, жұмыс берушілердің көбі әлі күнге дейін қызметкерлерінен еңбек кітапшасын, жеке парағы мен өмірбаянын жазбаша тапсыруды талап етеді. 

 Азаматтардың бұған наразылық білдіруі орынды.

Мұндай ескі тәсілдерден арылу қажет.  

Осы мәселені Ұлттық кеңес мүшелері және басқа сарапшылар да көтеріп жүр.

ТӨРТІНШІ. Банктердің кепілдік саясатын жетілдіру және бағалау қызметін реттеу

Өткен қыркүйек айында Алматыда борышкерді үйінен мәжбүрлеп шығару кезінде бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болды. Бұл қылмысты еш ақтауға болмайды.  

Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Барлық даулы мәселе тек заңға сәйкес шешілуге тиіс. Ешкімнің біреуді өз бетімен жазалауына жол берілмейді.   

Осы қайғылы оқиға борышкерлердің несие міндеттемелерін орындамау мәселесін жүйелі түрде шешу қажеттігін көрсетті.

Сондай-ақ, өзінде кепілде тұрған  жылжымайтын мүлікті банктердің алып қою, сату, бағалау тәсілі жетілмегенін және ашық емес екенін аңғартты.  

Қазір еліміздің 540 мың азаматында төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен, жалпы сомасы 354 миллиард теңгеден асатын несие бар.     

Қаржы секторына зиян келтірмей борышкерлерді қолдау үшін мұқият ойластырылған шаралар қабылдау керек. 

Екінші деңгейдегі банктердің кепілдік саясаты икемді болуын қамтамасыз етіп, мүлікті бағалау қызметін реттеуді күшейту қажет.  

Борышкерге мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданғанға дейін 3 ай және атқару өндірісі аясында қосымша тағы 3 ай ішінде кепілдегі мүлкін өз бетімен сату құқығы берілуге тиіс.  

Мерзімі өтіп кеткен несиенің көлемі кепілдегі мүліктің бағаланған құнының 15 пайызына жетпесе және несие бойынша төлем жасамаған мерзімі 6 айдан аспаса, борышкердің кепілдегі мүлкін алып қоюды шектеу керек.

Келесі мәселе.   

Кепілдегі мүлік сатылған кезде одан түскен ақша негізгі қарызды өтей алмаса, борышкердің қалған қарызы кешірілуге тиіс.

Бұл талап борышкердің басқа мүлкі болмаған, сонымен бірге, оның табысы ең төменгі еңбекақының екі еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда ғана қолданылады.  

Аукциондағы сауданың ашық және әділ болуын қамтамасыз етуіміз керек.

Аукционда саудаға шығарылған кепілдегі мүлік оның бағаланған құнының 75 пайызынан арзанға сатылмауға тиіс.

Осы орайда, мұндай саудаға мүлікті кепілге алушы, яғни банктер, сондай-ақ оның қызметкерлері, сенімді тұлғалары және банкке қатысы бар өзге де адамдар қатыстырылмауға тиіс.

Саудаға борышкер мен оның жақын туыстарының бір мезетте қатысуына жол берілмейді.         

Бағалаушыларға қойылатын талапты да қатайтамыз.

Олардың жұмыс өтілі кемінде 3 жыл болуы керек.

Бағалаушылар әрбір үш жыл сайын біліктілігін арттыру курсынан өтіп тұруға тиіс.

Бағалаушылардың есептілігін енгізіп, сенімсіз бағалаушылардың тізімін жасау қажет.

Сонымен бірге, бағалау қызметіне берілетін лицензияны тоқтата тұру және жою тәртібін қатайту қажет.

Лицензия шағымдану құқығынсыз 3 жылға тоқтатылады, 5 жыл мерзімге жойылады.   

Бағалаушы қайтадан заң бұзса, бағалау қызметімен айналысу құқығынан біржола айырылады. 

Мен бұған дейін атап өткенімдей, Үкімет Ұлттық Банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, Парламентпен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін тиісті заңнамалық нормалардың қабылдануын қамтамасыз етуі керек. 

БЕСІНШІ. Бюджет саясатының тиімділігін арттыру

Бюджетті жоспарлау және мемлекет қаражатын жұмсау кезінде қабылданатын барлық шешімдер мейлінше тиімді болуға тиіс.  

Қай жоба елге барынша пайдалы екенін, қайсысын кейінге қалдыру қажеттігін түсіну өте маңызды.

Оның әлеуметтік-экономикалық әсері жөніндегі талдау нәтижелерін толық пайдаланған жөн.

Қазір оны кешенді бағалау, мониторинг жүргізу және қолдану жөніндегі тиісті механизм жасалуда. 

Оны әзірлеуді және толықтай енгізуді аяқтау қажет.

Бюджетті қалыптастыру кезіндегі басшылықтың жөнсіз шешімдері еліміздің экономикалық жағдайы нашарлауына әкеп соқтыратын қосымша салдарлар туындатуы мүмкін.

Сондықтан Үкімет бюджет қаржысын ұлттық басымдықтарға сәйкес пайдалануға мүмкіндік беретін мемлекет шығындарын реттейтін кешенді жүйені жолға қоюы керек.

Сонымен қатар, бюджетті тиімді жоспарлауға және мемлекеттік саясатқа халықтың түрлі санатқа жіктелуі де тікелей әсер етеді. 

Атап айтқанда, жастар санатына қай жасқа дейінгі азаматтар кіретінін айқындайтын біртұтас өлшем жүйесін әзірлеу мәселесі маңызды болып отыр.

Әлемнің көптеген елдерінде жастар санатының жоғарғы шегі 35 жасқа дейін көтерілді. Бұл олардың отбасын құратын орташа жас мөлшерінің артуына және білім алып, біліктілігін көтеруге кететін уақыттың көптігіне байланысты болып отыр.  

Біздің еліміз де бұдан тыс қалмайды. Дегенмен, бұған байланысты бірыңғай ұстанымымыз жоқ. 

Мысалы, бірқатар әлеуеттік бағдарламаларда, ұлттық статистика мәліметтерінде және партиялық тізім жасау кезінде жасы 29-дан аспаған қыз-жігіттер жастар деп көрсетіледі.

Ал Президенттік жастар кадр резервіне азаматтарды іріктегенде және жас ғалымдарды грант арқылы қаржыландыру үшін конкурс жариялағанда оған жасы 35-тен аспағандар қатысады.

Сондықтан, халықаралық тәжірибені жан-жақты зерттеп, оны біздің жағдайымызға бейімдеп, тиісті шешім қабылдау керек.

АЛТЫНШЫ. Адам құқығын қорғау жүйесін одан әрі нығайту

Бұл мәселе бойынша нақты бастамаларға тоқталмас бұрын Ұлттық кеңестің құқық қорғау проблемалары жөніндегі жұмысын айрықша атап өткім келеді.

Мен бұл салаға айрықша мән беремін. Өйткені, оның ахуалы, түптеп келгенде, қоғамымыздың даму деңгейіне әсер етеді.

Біз құқықтық және әділетті мемлекет құру жолында біртіндеп алға жылжып келеміз.

Биылғы маусым айында мен құқық қорғау саласын кешенді жаңғыртуға арналған «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы бұдан арғы шаралары туралы» жарлыққа қол қойдым.

Бұдан бұрын менің бастамам бойынша, біздің еліміз Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің өлім жазасын жоюды көздейтін Екінші Факультативтік хаттамасына қосылды.

Биылғы Жолдауымда мен Қылмыстық кодекстің нормаларын Хаттама ережелерімен үйлестіруді және заң қабылдауды тапсырдым. Тиісті жұмыс жүргізілуде.

Сонымен қатар, біздің құқық қорғаушыларымыз арасында бұл туралы қызу пікірталас болды.

Нақтырақ айтсақ, әзірленген заң жобасының жеткіліксіз тұстары бар екені және онда өлім жазасын жою мәселесі түпкілікті шешілмегені туралы айтылуда. Бұл пікірталастың негізгі тұстары жөнінде бүгін Жеміс Тұрмағамбетова тұжырымды ойын білдірді.

Құқық қорғаушылардың мәселе көтеріп жатқаны дұрыс.

Өлім жазасы ешбір жағдайда ешкімге қолданылмайтындай етіп, біржола жойылуға тиіс. Сондықтан Парламент менің және Ұлттық кеңес мүшелерінің ұстанымын қаперге алады деп ойламйын.     

Келесі мәселе. Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығыны бірі – ана мен баланы қолдау.

Ерлерден гөрі әйелдер көбінесе жұмыс пен бала күтімін қатар алып жүретінін  мойындауға тура келеді.

Әйел адам декреттік демалысқа шықса, кәсіби дағдысы мен біліктілігін жоғалтады.

Соның салдарынан еңбек нарығында әйелдердің бәсекеге қабілеті төмендейді. Әсіресе, баласына ұдайы қарап отыруға мұршасы келмейтін жалғыз басты ата-аналарға өте қиын. Оларға ерекше еңбек жағдайын жасау керек.

Жалғыз басты ата-аналардың қашықтан және қысқартылған режімде  жұмыс істеу құқығын заң жүзінде қарастырған жөн.

Дамыған елдердің ірі компаниялары кеңсе ішінен балаларға арналған бөлмелер ашып қойған.

Мұндай тәжірибе біз үшін де қалыпты болуға тиіс.

Сол үшін осы санаттағы қызметкерлердің мүддесіне сай еңбек режимін реттеудің тиімді тетіктерін енгізу керек.

Дегенмен, еңбек үдерістері үздіксіз жүруін және тиісті еңбек өнімділігін қамтамасыз ету маңызды.

Өкінішке қарай, біздің қоғамымызда әйелдер отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көбірек ұшырайды.

Кеңестің бесінші отырысында өздеріңізбен бірге бұл мәселені талқылап, жағдайды жақсарту үшін нақты шешім қабылдадық. Атап айтқанда, менің тапсырмам бойынша, әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғайтын арнаулы құрылымдар қайта қалпына келтірілді.

Бұл бағыттағы өзгерістерді жалғастыра беру қажет.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарын тиімді атқару маңызды.

Бұзақыларды әлеуметтік, сауықтыру және тәрбие тұрғысынан жөнге салу жұмыстарын жүйелі жүргізу керек.

Жалпы, қоғамдағы зорлық-зомбылықты азайтуға арналған кешенді шаралар қабылдау қажет. 

Онда отбасылық тәрбие, білім, мәдениет мәселелері қамтылуға тиіс.

Құқық бұзушыларға қойылған шектеулердің іс-жүзінде қолданылуының маңызы зор.

Сондықтан полиция қорғау нұсқамасы институтын жетілдіруге кірісті. Мысалы, күндіз-түні қызметте жүретін патрульдік полицейлер де қорғау нұсқамасының сақталуын бақылауға тиіс. Олардың жұмысы да осы ғой. Бұл отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жасайтын адамдарға бақылауды күшейтуге және құқық бұзушылықтың осы түрлерінен туындайтын қатерді азайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын «ұрып-соғу» және «саналы түрде денеге жеңіл жарақат салу» қылмыс санатынан шығарылғанын білесіздер.

Осының нәтижесінде анықталған фактілер жылына 700-ден 20 мыңға дейін күрт көбейген.

Алдын алудың тиімділігін арттыру үшін мұндай әкімшілік құқық бұзушылықтың жауапкершілігін қатайту мәселесін пысықтаған жөн.

Қазір менің тапсырмам бойынша, қылмыстық заңнаманы оңтайландыру жұмысы жүргізілуде.

Атап айтқанда, тұлғаға қатысты, оның ішінде отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері жан-жақты зерттелетін болады.

Бұл жұмыстың қорытындысы бойынша жоғарыда аталған әкімшілік құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызу немесе жатқызбау мәселесін айқындап алу қажет.

Ұлттық кеңестің басқосуларында  тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бірнеше рет көтерілді.

Мысалы, Кеңес мүшелері Марат Башимов пен Мұрат Әбенов «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның кемшін тұстары жөнінде айтты.

Бұл шынында да өзекті мәселе. Сондықтан, Сауда және интеграция министрлігі заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеуде. Енгізілетін өзгерістер тұтынушылардың құқықтарын жан-жақты әрі тиімді қорғауға арналуға тиіс.

Соңғы жылдарда алаяқтыққа байланысты қылмыс саны ұдайы өсуде. Тек биылғы 9 айдың өзінде елімізде алаяқтық әрекеттің 32 мың дерегі тіркелді. Олардың жартысы интернет арқылы жасалған. Несие алу туралы мәліметке қатысты өзгерістер 15 жұмыс күні ішінде жаңартылатындықтан осындай жағдайға жол беріліп отыр.  

Сонымен қатар, бір адамның түрлі банктен бірнеше несиені рәсімдеу фактілері де кездеседі.

Несие берушілер азаматтардың берешегі жедел өсіп бара жатқанын дер кезінде байқай алмаған соң, борышкердің қаржылық міндеттемесін нақты есептей алмайды.

Оның үстіне бұл қайтарылуы екіталай несиенің ауқымын ұлғайтып, қаржы нарығы субъектілеріне кері әсер етеді.

Кеңес мүшесі Марат Шибұтов несие бюросына ақпарат беру мерзімін заң тәртібімен бір жұмыс күніне дейін қысқартуды ұсынған еді.

Бұл ұсынысты зерттеп-зерделеген жөн.

Тұтастай алғанда, мемлекет азаматтық қоғамның, сарапшылардың белсенді қолдауына сүйеніп, адам құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелердің бәрін дәйекті түрде шешуді көздеп отыр. Алда тұрған жұмыс көп.

Бүгінгі бастамалар мен шаралар қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыруға, азаматтардың құқығы мен бостандығын сақтауға бағытталған.

Мемлекеттік органдар алға қойылған міндеттер мен басымдықтарды толық әрі уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз етуге тиіс.

Баршаңызға мәлім, қандастарымыздың өз Атажұртына оралу мәселесі туралы Тұңғыш Президентіміз бірқатар маңызды тарихи шешім қабылдаған еді.

Ұлы көш 1991 жылы басталды.

Бұған Елбасының тапсырмасымен Қазақ КСР Министрлер Кабинеті қабылдаған №711 Қаулы ресми түрде жол ашты.

Бұл құжат 1991 жылғы 18 қарашада қабылданды.

Көп ұзамай Елбасы «Алыста жүрген ағайынға ақ тілек» атты жолдауын жариялап, шеттегі қандастарымызды елге шақырды.            

Соның нәтижесінде бір жарым миллионнан астам қазақ  Отанына оралды.

Бүгінде олар егемен елімізді өркендетуге өз үлесін қосуда.

Солардың ішінде Ауыт Мұқибек және тағы басқа қоғам қайраткерлері ұлы көштің тарихи рөлін ескеріп, арнайы күн белгілеу қажеттігін айтып жүр.

 Үкіметке осы тарихи датаны атаулы күндер тізбесіне қосу мәселесін жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын. 

Қоғамда жиі айтылып жүрген тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту.

Бұл тақырыпты Ұлттық кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров көтерген болатын.

Соңғы кезде шекара бойындағы елді-мекендерде халық саны азайып бара жатқаны жасырын емес.

Мұның өзіндік себептері бар.

Бірақ, шекара маңын бос қалдыруға болмайды.

Бұл – ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселе. Оны жүйелі түрде шешу қажет. Қомақты қаражат керек болады.

Үкіметке мұны жан-жақты қарастырып, шекаралас аймақтарды дамыту жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын. 

 

Құрметті Кеңес мүшелері, жиын қатысушылары!

 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аз уақыттың ішінде толыққанды институтқа айналды.

Бұл құрылым елімізді жаңғырту үдерісіне тың серпін беруде.

Біз мәселелерді кешенді түрде қарау үшін қоғам өкілдерін, сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдарды жұмылдырып келеміз.

Соның нәтижесінде жан-жақты талқыланған маңызды шешімдер қабылдануда.

Ұлттық кеңес нақты реформа ұсынумен шектеліп отырған жоқ.

Ең алдымен, оны жүзеге асыруға барынша атсалысуда.   

Бұл – көп еңбекті талап ететін ауқымды жұмыс.

Тұжырымдар мұқият талқыланып, заң жобалары сараптамадан өтеді.

 Сондай-ақ, қолданысқа енгізілген нормалардың тиімділігіне талдау жасалады. 

Ұлттық кеңес мүшелерінің қатысуымен еліміздегі өзгерістер туралы бірқатар сараптамалық құжат әзірленді.

Дегенмен, Кеңестің талдау қызметі жүйелі әрі тұрақты болуы үшін зерттеу жұмыстарының кешенді жоспарын дайындау керек.

Бұл ретте жаңғыру үдерістерін жан-жақты әрі терең зерттеуге баса назар аударылуға тиіс.

Ұлттық кеңес реформаларға тұрақты мониторинг жүргізіп отыруы қажет.

Оның бұрмалануына немесе өзгерістер туралы жаңсақ пікір қалыптасуына жол бермеу керек. 

Қабылданған нормативтік актілер, саяси реформалар мен әлеуметтік-экономикалық бастамалар тұрғындардың тұрмысына қалай әсер етіп жатқанын қадағалап отырған жөн. 

Қолға алынған өзгерістер еліміздегі демократия қағидаттарын орнықтыра түсуге тиіс.

Сондай-ақ, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуі қажет.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға  септігін тигізуі керек.

Қазір елімізде реформалар жүргізіліп жатқанын ешкім жоққа шығармайды.

Барлық салада біртіндеп сапалы өзгеріс  болып жатыр.

Мұның барлығы еліміздің болашағына тікелей әсер етеді.

Сондықтан, әрбір реформаны тиянақты әрі түпкілікті жүзеге асыру аса маңызды. 

Ең бастысы, қоғамда жасампаздық рухы дәріптеле беруге тиіс.

Ашық пікірталас пен мазмұнды диалог қашанда болуы керек.

Бұл елімізді одан әрі өркендету үшін қажет. 

Халқымыз «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деп бекер айтпаған.

Әдетте, мәселе жан-жақты талқыланса, дұрыс шешімі табылады.

Бірақ, демократия деген желеумен қоғамға іріткі салатын әрекетке жол берілмейді.

Мұны естен шығармаған жөн. 

«Плюрализмге ашық, радикализмнен қашық болуымыз керек».

Біздің саясатымыздың басты ұстанымы – осы.

Сөз соңында тағы бір мәселеге арнайы тоқталғым келеді.

Мен ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру туралы үнемі айтып жүрмін.

Бұл – өте маңызды міндет.

Реформаларымыздың түпкі межесі – ұлттың сапасын жақсарту.  

Себебі, халқы мықты ел ғана қуатты мемлекет құра алады.

Ал, ұлтымыздың кемелденуі үшін әрбір азамат өресі биік, парасатты болуға ұмтылуы қажет.  

Яғни, сана өзгермесе, бәрі бекер.

Шын мәнінде, жаңғыру тәрбиеден бастау алады. 

Сондықтан, біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беруіміз керек.

Жастардың бойына ең ізгі қасиеттерді сіңіре білген абзал.

Бұл – имандылық пен адамгершілік, отаншылдық пен ұлтжандылық, білімге құштарлық пен еңбекқорлық, ұқыптылық пен тиянақтылық.

Мен жақында белгілі дінтанушы, әріптесіміз, Ұлттық кеңестің мүшесі Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» деген кітабын оқып шықтым.

Жастарға өнегелі тәлім-тәрбие беретін мұндай еңбектер елге қажет.

Осындай кітаптарды кеңінен таратуымыз керек.

Бізде ұшқыр ойлы жастар аз емес. Билік оларды қолдауы керек, оларға жан-жақты жағдай жасауымыз қажет.  

Жалпы, азаматтарымыздың ағартушылық жұмыспен көбірек айналысқаны жөн.

Ел бірлігі – біздің баға жетпес байлығымыз.

Кейбір шетелдік саяси күштер ел ішіне іріткі салғысы келіп, Қазақстан туралы жалған ақпарат таратуда. Осындай әрекеттерге қарсы тұру үшін ақпараттық кеңістік арқылы өзімізде де, шетелде де үгіт-насихат жүргізу керек.   

Себебі, еліміздің біртұтастығы – реформаларымыздың табысты жүзеге асуының басты кепілі.  

Біз Тәуелсіздік кезеңінде толайым табысқа кенелдік. 

Оның бәріне Елбасы негізін салған бірлік пен ынтымақ саясатының арқасында жеттік.     

Сондықтан, осы құндылықтарды сақтай білейік! 

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!