26 Ақпан, 2014

Тиісті ұсыным қабылданды

203 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назар­баеваның жетек­шілігіндегі өткен кезекті кеңейтілген комитет отырысы «Қазпошта» АҚ-тың бүгінгі жағдайы мен болашағы» мәселесіне арналды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Комитет мүшелеріне «Қаз­пошта» АҚ төрағасы Асхат Бей­сенбаев баяндама жасады. Бүгінгі қазақстандық поштада 22 000 адам жұмыс істейді, еліміздегі 3131 байланыс бөлімшесі, 14 об­лыс­тық филиал, Астана және Ал­маты қалаларындағы 2 почтамт, 7 мамандандырылған филиалы бар. Оның ішінде, 2185 өндірістік нысан ауылдық жерлерде, 676 бірлік қалалық жерлерде, 156 бірлік аудан орталықтарында орналасқан және 114 жылжымалы пошта байланысы бө­лімшесі бар. Қазақстанда 6936 ауылдық ел­ді мекен бар, оның 31,5%-ы стационарлық өн­­ді­ріс­тік объектілермен, 54,2%-ы­на жақын бө­лімшелердің пош­ташыларымен, 14,3%-ы жылжы­малы байланыс бөлімшелерімен қыз­мет көр­сетіледі. Осылайша, «Қазпошта» Қазақстандағы барлық елді мекендерге қызмет көрсетеді. Қазақстан Республикасына жүк­телген міндеттемелерді, оның ішінде Дүние­жүзілік пош­та одағының (ДПО) тағайын­далған оператор туралы хабар­ла­масын ескере отырып, Пар­ла­мент Мәжілі­сінің депутаттары «Қазақстан Республи­касының пошта байланысы және пошта операторларының қызметін рет­теу саласындағы нормаларын Дүниежүзілік пош­та одағы акті­лерінің нормаларымен үйлес­тіру мәселелері бойынша Қа­зақ­стандағы кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасына бастамашылық етті. Атал­ған заң жобасы Қазақстан Рес­публикасының «Пошта туралы» Заңына тиісті өзгерістер енгізуді қарастырады. Қазіргі кезде ел Үкіметінің ұйғарымы алынып, заң жобасы Парламенттің Мәжілісіне жіберілді. Осыған байланысты заң жобасын жедел түрде қабылдауға көмек қажет. Отырыс барысында бірқатар мемлекеттік органдардың, «Са­мұрық-Қазына» қорының өкілдері сөз сөйледі. МЗЖО, Ақмола, Қара­ғанды және Павлодар облыс­тарының өкілдері өз ой-пікірлерін ортаға салды. Талқылауға «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің басшылары да қатысты. Талқылау қорытындысы бойынша тиісті ұсыным қабылданды.